Әр адам үшін кіндік кесіп, кір жуған жер ыстық. Сол себепті де қайда жүрсек те, түп қазығымызға, бәйтеректей әке мен аяулы анаға деген сағыныш жүрегімізді әлдилеп, бойымызға қуат, жанымызға демеу болатыны ақиқат. Менің де балалық шағым қазақы салт-дәстүрді берік ұстанған алтын бесікте өтті.
Ауылда өткен естен кетпес күндердің бәрі санамда сайрап жатыр. Мейлі ол балалық шақ болсын, ес біліп есейген уақыт болсын, ең бір қызықты сәттер дәл бүгінгі күндей есімде қалыпты. Әкем Бақытжан Базарұлы бар саналы ғұмырын өзі туып-өскен Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылында өткізді. Сол жерде отбасын құрып, балаларын ержеткізді. Әкем Мәдениет үйінде қызмет атқарды. Оның жетекшілігімен талай көңілді кештердің ұйымдастырылғанын ауылдастарым айтып отырады. Пленкаларға жазылған фильмдерді көрсететін киноаппаратты өзі жөндеп, іске жаратушы еді. Өзге ауылдардан көркемөнерпаздар ұжымдары мен әншілер келген кезде оларды құрақ ұшып қарсы алып, төрін ұсынатын. Бүгінде ауыл шетіндегі жастар жиі бас сұғатын алтыбақанды да кезінде әкем өзі құрған еді.
Сол кезде ауыл тұрғындары көрсетілетін классикалық туындыларды ерекше ықыласпен тамашалайтын. Кезекпен билет алып, кино көрсетілетін күнді асыға күтетін. Тоқсаныншы жылдары елді игілікке ұйытқан мәдениет орындары ажарларынан айырылып қалды емес пе? Ауылдықтардың сүйікті орнына айналған клубымыз бұзылып, оның құрылыс материалдарын аудандағылар әкетіп жатқанда әкем қатты қиналды.
Ол туған ауылын ерекше жақсы көрді. Ауыл адамдарының көбі көшіп жатқан кезде: “Әкешім, жалғыз біз ғана қалсақ, не істейміз?” – деп бірде өзінен сұрадым. “Көшсе, көшсін, өзім осы жерден ешқайда кетпеймін”, – деп жауап берді. Ол ауыл-аймаққа танымал жерлестердің өміріне қатысты тың деректерді жинақтап, көңіліне тоқып жүретін. Газет-журнал беттеріне шыққан материалдарды жинап, болмаса, қойын дәптеріне түртіп қоятын. Одан бөлек, жол жүргенде орман аттарына, қыстау мен бейіттерге байланысты өзі естіп өскен әңгімелерін айта жүруші еді. Бала болғаннан кейін бе, сол айтқандарына көп мән бермедік.
Ауыл тарихы туралы құнды естеліктер мен әңгімелерді жазып алу керектігін ескермегеніміз өкінішті. Көрші Амангелді ауылына қарай шыққанда ол ылғи жолда бір ағашты көрсетіп, бет сипап өтетін. Сол жерді “Бала бейіт” деп атайды екен және онда өңкей балалардың арасына Кемпірмолла деген кісі жерленген деседі. Ол өз заманында Қазан қаласында оқыған білімді азамат болса керек. Бір кездері Алматыдан оның кітаптарын іздеп, бейітін қазуға келгендер де болыпты-мыс. Одан әрі қарай жүргенде нағашыларымыздың ауылына (Шал ақын ауданы, Балуан) бара жатқан жолда Патсайы шоғын көрсететін. Патсайы деген бір ауқатты адамның қызы болса керек. Қыстаудан-қыстауға көшіп келе жатқанда жаңағы қыз ауырып, жолда қайтыс болады. Сол жерді кейін Патсайы шоғы деп атап кеткен. Бұл әңгімені де әкемнің өз аузынан естіген болатынмын.
Мен ең алғаш ауылдан ұзап шыққанда да әкем жанымда болды. Сыртта оқитын балалар сөмкелерін жинап, жолға қамдана бастаған уақыт. Ес білгелі үйден ұзап шықпаған маған бастапқыда қалаға оқуға кететінімді ойлаудың өзі қиын соқты. Сол жолы елден жеңіл көлікпен шыға алмайтын болып, әкем трактормен анам екеуімізді Жекекөлге дейін апарып тастады. Үйді қимай трактордың кабинасында жол бойы іштей егіліп, жылап барғаным әлі есімде. Көз жасыма ерік бергенімді ешкім сезген жоқ. Сонда ауылдың маңынан ұзай бастағанда артымызда қалып бара жатқан орман мен көлге, батпағы шығып езілген жолдың өзін қимағандай ұзақ қарай бердім. Бір қызығы, бізді жеткізіп салғаннан кейін көзіне келіп қалған жасын сүртіп, “ал, енді сабағыңды жақсы оқы” деп әкем ауылға асығыс кетіп қалды.
Арада қаншама жыл өтті. Бірақ қанша уақыт өтсе де, туған жерге, ата-анаға деген сағыныш толастар емес. Ал ынтымақ пен бірліктің құт мекені болған ауылымызға биыл тоқсан жыл толды. Көзі тірі болса, ауылымыздың торқалы тойына әкем де бір кісідей атсалысар еді. Амал қанша?!
Әспет ӘБДІРЕШЕВА.
Жамбыл ауданы,
Айтуар ауылы.