Облыс орталығындағы Достық үйінде “Сыбайлас жемқорлық көріністерін қабылдамау – бірлік пен тұрақтылықтың кепілі” тақырыбында ашық әңгіме өтті. Өңіріміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары мен этнобірлестіктердің өкілдері “бармақ басты, көз қыстылыққа” жол бермеу жайында пікір алмасты. Әсіресе, аталған қоғамдық дертті жоюда отбасындағы тәрбиенің маңызы зор .
Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі Шахнияр Аллахярова сынды жалынды жастар жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күресуге әзір. Ал тиісті ведомстволар тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп тұратыны баршаға аян. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин тұрғындарды жемқорлықтан сақтандыру мақсатында түрлі шараларды ұйымдастырып жатқандарын тілге тиек етті. Бүгінде Қазақстан сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша әлемдік рейтингте 132-ші орында тұр. Ал өңірлер арасында Нұр-Сұлтан қаласында жемқорлық фактілері жиі орын алса, солтүстікқазақстандықтар бұл індетке көп бой алдыра қоймаған өңірдің бірі саналады.
“Қызылжар-Ақпарат”.