«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

 

 

Берік отбасы – қоғам тұрақтылығының кепілі, мемлекеттің байлығы. Сондықтан да болашақтың бағбандары саналатын жас құрақтай өсіп келе жатқан жастар арасында отбасы құндылықтарын насихаттаудың маңызы зор. Өкінішке қарай, қазіргі таңда осы мәселеге жүрдім-бардым қарайтындар көбейіп отыр. 

 

Яғни, бүгінде жастар отбасын құруға асықпайды. Соның салдарынан бала туу көрсеткіші күрт төмендеп, жастар арасында азаматтық некеге тұру фактілері жиіледі. Әділет министрлігінің мәліметінше, өткен жылы біздің облыс ажырасушылар санының көптігі бойынша алғашқы үштікке енген. Былтыр 538 жас жігіт пен 765 нәзік жан некені бұзу жөнінде өтініш білдіріпті. Неке құру көрсеткіштері де көңіл көншітерлік емес. Статистикаға көз жүгіртсек, 2016 жылы өңірде екі мыңнан астам жұп тіркелсе, былтыр олардың саны екі мыңға да жетпейді. Осындай келеңсіз жайттардың белең алуы әрқайсымызға өскелең ұрпақтың бойында отбасылық құндылықтарды қалыптастыруға, қоғамда отбасы институтын нығайтуға мүмкіндік туғызатын шараларды қолға алу міндетін жүктейді. “Модерн.кз” ұйымы осы міндетті жүзеге асыру мақсатында құрылған болатын. Біз алғашқы уақытта жастар ұйымдарымен, ресурстық орталықтармен, ардагерлермен бірлесіп, кеңес беру жұмыстарын жүргіздік. Ал биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастар арасында отбасы мен некені насихаттауға бағытталған шаралар кешенін іске асыра бастадық. Шаңырағы шайқалғалы тұрған жас отбасыларды сақтап қалу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, өткен жылдың ақпан айында психологтар мен әділет, сот органдарының қызметкерлерінен ақыл-кеңес алып, түрлі қаржылық қиын жағдайларға тап болған жас отауларға көмек көрсетілді.
Қазір көп жастар несие алып, соңында оны өтей алмайтын жағдайлар жиі кездеседі. Бізге келіп көмек сұраған жас отбасылардың арасында осындай қиындыққа тап болғандар аз емес. Ұйымның белсенділері берешегі бар ерлі-зайыптыларды банк өкілдерімен кездестіріп, жағдайды шешудің өзге де жолдарын табуға тырысты. Нәтижесінде 6 отбасының қарызды қайтару уақыты кейінге шегерілді. Бізге көмек сұрап келетіндердің көбі психологтардың қолдауына зәру. Бірқатар жас осындай кездесулерден соң өз райынан қайтып, ажырасудан бас тартты.
Отбасы құндылықтарын сақтау, өскелең ұрпақ арасында ажырасудың алдын алу шараларын жиі өткізудің де маңызы зор. И.Шухов атындағы қалалық кітапхананың коворкинг орталығында қоғамда отбасы рөлі мен беделін арттыру, отбасылық құндылықтарды нығайту, жас жұбайлардың рухани, әлеуметтік-психологиялық, шығармашылық әлеуетін арттыруға жағдай жасау мақсатында “Family start” клубының ашылуы біз үшін үлкен жаңалық болды. Қазір біз мұнда жастармен түрлі кездесулер өткіземіз. Сондай-ақ, қоғамда орын алған бірнеше келеңсіз жайттардан кейін жас аналардың “Менің отбасым” атты клубын ашуды жөн санадық. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 892 мың теңге бөлініп, бұл қаржы қиындыққа тап болған жас аналардың жағдайын жақсартуға, оларды жұмысқа орналастыруға және тағы басқа әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталып отыр.
Жыл басынан бері жастар ресурстық орталықтары отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында 50-ден астам шара өткізді. Солардың ішінде “Бір шаңырақ астында” әдеби-музыкалық кеші, отбасылар арасында өткізілген фотосуреттер байқауы, Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырылған “Отбасымызбен бірге кітап оқимыз” атты интеллектуалдық ойын көптің көңілінен шықты. Кітапханада өткен ойынға жас отбасылар балаларымен бірге қатысып, шара қорытындысы бойынша жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар тарту етілді.

Дархан ТЕМІРТАС,
“Модерн.кз” жастар
ұйымының мүшесі.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp