Қоржында — 10 медаль
Ташкентте жеңіл атлетикадан Өзбекстанның ашық кубогы аяқталды. Халықаралық турнирде отандастарымыз 3 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
Жарыс қорытындысы бойынша, Мария Овчинникова (үш қарғып секіру), Давид Ефремов (110 метрге кедергілер арқылы жүгіру) және Алексей Гусаров (1500 метрге жүгіру) жеңімпаз атанды. Ал Абдулазиз Абдукаюмов (800 метр қашықтыққа жүгіру), Марина Хусейнова (ұзындыққа секіру), Виталий Терехин (спорттық жүріс) және Екатерина Нестерова (ядро лақтыру) алтынға қолжетім жерде тоқтап, күміс медаль иеленді.
Евгений Прокудин (110 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Виталий Земс (100 метр), Екатерина Нестерова (шар балға лақтыру) Өзбекстан ашық кубогының қола жүлдегері атанды.
Бәсі биік дода
Моңғолияның Ұлан-Батор қаласында қазақ күресінен Азия біріншілігі өз мәресіне жетті. Бәсі биік додаға 130-ға жуық спортшы қатысты.
Сайыс бағдарламасына сәйкес боз кілемге көтерілген балуандар 8 салмақ бойынша сынға түсті. Сондай-ақ, аса ауыр салмақ дәрежесінде де медальдар сарапқа салынды. Екі күнге жалғасқан сайыс барысында ел намысын қорғаған отандастарымыздың арасынан Найман Тұтқышев (55 кг.), Еламан Қуанбай (60 кг.) және Мақсат Исағұлов (100 кг.) жеңімпаз атанды.
Құрлық чемпионатының қорытындысы бойынша 5 алтын, 6 күміс, 6 қола медальға ие болған моңғолиялық балуандар командалық есепте топ бастаса, 3 алтын, 3 күміс, 3 қола медальға қол жеткізген қазақстандық спортшылар екінші орынға табан тіреді.
74 килограмм салмақта жеңімпаз атанған жапониялық Сато Иуяа жарыстың “Үздік балуаны” атанды. Ал “Үздік төреші” атағы украиналық маман Виктор Куропиотикке бұйырды. Азия чемпиондарына 1000, екінші орынға 500, үшінші орынға 300 АҚШ долларының сыйақысы табысталды.
Сонымен қатар біріншіліктің ұйымдастырушылары көрермендер арасында ойнатылған лотереяның “Бақытты билет” иесіне су жаңа “Toyota prius 30” автокөлігін тарту етті.