«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА МАЗМҰН — ЖОҒАРЫ ТАЛАП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңа оқу жылы қарсаңында өткенді қорытындылап, алдағы міндеттерді айқындап алудың маңызы зор. Жүріп өткен жолымызға көз жүгіртсек, тәуелсіздік жылдары білім беру жүйесінде де ұлан-ғайыр істер атқарылғанын аңғарамыз. Түрлі бастамалар қолға алынып, кейбір заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізілді. Оқу үрдісіндегі жаңашылдықтармен қатар балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін мектептерді жөндеу жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл Аққайың ауданындағы он білім ордасы күрделі жөндеуден өтіп, терезелері мен шатырлары ауыстырылып, сырты жаңартылды.

Бүгінде өңір оқушылары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытылуда. Бірақ аталған салада 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан маман ретінде білім беру жүйесін реформалау оңай емес екенін айтқым келеді. Яғни, жаңашылдық енгізген күннің өзінде өткеннің тәжірибесіне сүйенгеніміз абзал. Өйткені, ата-бабаларымыздан мұра болып жеткен ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай насихаттайтын, білімді, білікті, бәсекеге қабілетті өскелең ұрпақ тәрбиелеу – ортақ міндетіміз.
Соңғы жылдары мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді де жаңа форматта тапсырып жүр. Бірақ мұнымен туындаған мәселелер толық шешілді деп айта алмаймыз. Яғни, біздің түлектер жинаған орташа ұпай бұрынғыша, басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда төмен, жастардың жоғары білім алу үшін алыс-жақын шетелдерге кетуі де азаймай тұр. Былтыр Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде мәскеулік жоғары оқу орындарының өкілдері түлектерді өздеріне оқуға түсуге шақырғандары есімде. Бұл біздің бәсекеге қабілеттілігіміз төмен екенін көрсетеді.
Биылғы оқу жылында, әсіресе, педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік гранттар санының артқаны жағымды жаңалық болды. Бұл жастардың жергілікті жоғары оқу орындарына деген қызығушылығын арттырып, білікті мамандарды өзімізде даярлауға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары аудандар, тіпті, мектептер арасында бәсекелестік төмендегенін байқауға болады. Мәселен, осыған дейін Тимирязев және Аққайың аудандарындағы білім ордалары түлектерді сындарлы сынаққа дайындау үшін бір-бірімен бәсекелесіп әрекет ететін. Бұған қарамастан өзара тәжірибе алмасып, ұтымды тұстарымызбен бөлісіп отыратынбыз.
2009-2013 жылдар аралығында сол кездегі аудан басшылығының қолдауымен ҰБТ қорытындысы бойынша 1,2,3-орындар тағайындалып, ақшалай сыйлықтар берілетін. 100 және одан жоғары ұпай жинаған түлектерге 25 мың теңге берілсе, ерекше үлгідегі аттестат иелері – 50 мың, ал “Алтын белгі” тағынғандар 60 мың теңгеден алатын. Ал оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен пәндердің мұғалімдеріне тамыз конференциясында ақшалай сертификаттар табысталатын еді. Менің ойымша, бәсекелестік орта қалыптастыру арқылы ұстаздарды да, оқушыларды да ынталандырудың пайдасы зор.
Қазір заманауи оқыту, тәрбие беру үрдістеріне ата-аналар да белсене қатысады. Өйткені, бала мектеп табалдырығын аттаған сәтте білім алуға дайын болуы тиіс. Соңғы жылдары елімізде адами капиталды дамытуға ерекше мән берілуде. Сондықтан, біз, педагогтар қауымы, бала тәрбиелеуде ата-аналармен бірлесіп жұмыс істеудің түрлі әдіс-тәсілдерін ойластыруымыз керек. Балалары сапалы білім алып, білікті маман атанса ғана болашағы жарқын болатынын ата-аналар түсінулері керек. Бүгінде ауылда тұратын ата-аналардың көбі балаларына қымбат велосипед, скутер сияқты заттар сатып әперіп жатады. Алайда, осы ақшаны жазғы уақытта баласының қосымша білім алуына жұмсаса, әлдеқайда пайдалы болатын еді.
Жаңартылған білім беру бағдарламасына көшу аясында ұстаздардың еңбекақысы да біршама өсті. Бірақ бұдан олар бұрынғыдан көп немесе сапалы жұмыс істей бастады деген ой туындамауы керек. Ұстаздық еңбекті еңбекақымен ғана өлшеу – дұрыс емес. Сапалы маман даярлаймыз десек, педагогикалық мамандықтарға іріктеуді мұқият жүргізген жөн. Қалаған мамандығына түсуге ұпайы жетпеген баланың амалсыздан педагогиканы таңдайтыны жасырын емес. Болашақ педагогтарды даярлауды біз бастауыш сыныптан бастауға тиіспіз. Мектепке жаңа келген жас маман өзінің пәнін жақсы меңгергенімен, балалармен жұмыс істей алмайтын жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан жоғары оқу орнында студенттерді балаларға арналған жазғы демалыс және сауықтыру лагерьлеріне жіберу маңызды.
Осы орайда сырттай оқу мәселесі жайында да ой қозғай кетуді жөн санаймын. Бүгінде оны қашықтықтан оқытумен алмастырып жатыр. Бірақ оның кемшін тұстары жетіп артылады. Ал тиімді тұсы – білім алу әлдеқайда қолжетімді әрі жеңіл. Бірақ қашықтықтан білім алған болашақ педагог бала тәрбиелеуге қажетті тәжірибе жинақтай алмайтыны анық. Осы орайда мектепке жұмысқа қабылдаған кезде жас мамандардың қайда, қай әдіс бойынша білім алғанын сұраған артық болмайды.
Қазіргі таңда бастауыш білім беруге қатысты да бірқатар сұрақтар туындап отыр. Білім беру саласына қандай да бір жаңашылдық енгізерде, әлемдік тәжірибені тілге тиек етеміз. Осы орайда, білімнің негізі мектепте қаланатынын ұмытпауымыз керек. Егер әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, онда баланың бастауыш сыныпта меңгеруі тиіс бағдарламаны 4 жылға сыйғызу дұрыс емес. Себебі, бірқатар елдерде бастауыш сынып 5-6 жылға созылады.
Мектептердің 12 жылдық оқытуға көшіп, бастауыш сыныптардың бес жылға ұзартылуы білім беру сапасын жақсартуға мүмкіндік берері сөзсіз. Екіншіден, оқушылардың жүктемесі азайып, қажетсіз 7-8-сабақ азаяр еді. Жалпы бұл мәселені жазғы уақытта берілетін үш ай демалысты қысқарту арқылы да шешуге болады. Демалысқа 40 күн ғана беретін елдер бар. Сондықтан бұл мерзімді бір айға қысқарту арқылы ғана оқу жүктемесін біршама азайтуға болады.
Бізді толғандырып отырған тағы бір мәселе балаларға дене және еңбек тәрбиесін беруге қатысты болмақ. Ауыл баласының не күрек, не тырнауыш ұстай алмауы ұят нәрсе. Мектептерді жаңа оқу жылына дайындау кезінде ағарту, сырлау жұмыстарына балаларды араластыруға болмайды. Дегенмен, мектеп ауласына гүл егу, суару істеріне оқушыларды жұмылдыру қажет деп санаймын. Бүгіндері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің маңайын тазалаудың өзі ата-аналардың рұқсатымен жүргізілуде. Баланы қарапайым еңбекке араластырмай, оларға патриоттық тәрбие береміз деу бос әурешілік. Өскелең ұрпақ үлкендерді, өткен тарихымызды құрметтеуі керек.
Дене тәрбиесіне келетін болсақ, бұл балалардың денсаулығы үшін аса маңызды. Оқу үрдісіндегі үлкен жүктеме оқушылардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні жалпақ жұртқа аян. Сондықтан мектебіміз бірнеше жылдан бері аудан және облыс бойынша да шаңғы, хоккей сияқты спорт түрлерінен көш бастап келеді. Менің айтпағым, оқыту, дене және еңбек тәрбиесі үйлесім тапқанда ғана біздің жұмысымыздың қайтарымы мол болады.

Анатолий ЗАРУЦКИЙ, Власовка орта мектебінің директоры.
Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp