«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІМПАЗДАР ҰСТАХАНАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернаттың қабырғасы 1997 жылы қаланған болатын. Содан бері бұл білім ошағында талай өреннің қанаты қатайып, үлкен спортқа жолдама алды. Жуырда интернатқа олимпиадалық резервтегі колледж дәрежесі берілді. 1 қыркүйектен жұмысын бастайтын колледж өңіріміздегі спортқа құмар өрендерден жаттықтырушылар даярлап шығаруды көздеп отыр.

Мектеп-интернат-колледждің мақсаты – әрбір оқушының қабіле­тін шыңдап, белгілі бір спорт түрі­мен шұғылдануы үшін қолайлы жағ­дай жасау. Бүгінгі таңда меке­ме­де 250 бала білім нәрімен су­сындап, еркін, грек-рим және әйел­дер күресі, бокс, велоспорт, коньки тебу, шаңғы жарысы, во­лейбол, жеңіл атлетика, дзюдо, көр­кем гимнастика, таеквондо, ауыр атлетика сияқты спорт түрлерімен шұ­ғылданады. Өрендерді облыс­тың үздік оқытушы-жаттықтыру­шы­ла­ры баптайды. Мысалы, елі­міздің еңбек сіңірген жаттықтыру­шылары – Виктор Потапов пен Сералы Құсайынов оқушыларды велоспорт пен грек-рим күресі бо­йын­ша жаттықтыруда. Білікті ма­ман­дар бұдан бөлек шалғай ауыл­дарға барып, болашағынан үміт күттіретін балаларды оқуға тар­тып, бай тәжірибелерімен бөлісуді дәстүрге айналдырған. Осындай ұмтылыстың нәтижесі болар, мек­теп-интернат ашылғалы 100-ден артық спорт шебері мен 20-дан астам халықаралық дәреже­дегі спорт шеберін даярлап шы­ғарды.
Білім ошағының абыройы оқу­шы­лар­дың қол жеткізген жетістік­те­ріне байланысты екені анық. Өт­кен оқу жылында тәрбиеленуші­леріміз ауыз толтырып айтарлық­тай нәтижелерге қол жеткізді. Атап айт­қанда, Дарья Алпеева, Алина Колиушко, Александр Шпехт, Жа­нәли Тұяқов, Ислам Евлоев, Де­нис Пилипенко, Аслан Қожабер­ген, Инесса Шумекова жеңіл және ауыр атлетикадан, грек-рим күре­сі­нен, конькимен сырғанаудан өт­кен ел біріншіліктерінде чемпион атанды. Ал Бекарыс Тәжітай Түр­кияда еркін күрестен өткен “Виктория” халықаралық турнирінде қо­ла жүлдені еншілеп қайтты.
Мектеп-интернатты спорт саң­лақ­тарының ұстаханасы десек, ар­тық айтқандығымыз болмас. Өйт­кені, түлектеріміз халықаралық са­йыстарда облыс және ел намысын абыроймен қорғап, спорт шебері атануда. Мәселен, әр жылдары грек-рим күресінен Айдос Сұлтан­ғали мен Станислав Рыльский әлем біріншілігінің қола жүлдесін иеленді. Данияр Кәленов пен Евгений Горбузняк сары құрлық додасында үздік нәтиже көрсеткен болатын. Азия біріншілігінде еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов пен Еркебұлан Боранғалиев топ жар­са, Сұлтан Бейісов қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, бұл додада әйелдер күресінен Джулия Сат­тым­бе­кова мен Екатерина Фирс­това үздік үштікті түйіндегені белгі­лі. Бұдан бөлек, Екатерина “Дети Азии” халықаралық турнирінде ал­тыннан алқа тағынған еді.
Велоспорттан Азия біріншілігі­нің чемпионы, Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы Алексей Лу­ценко да біздің түлегіміз. Велоша­бандоз қыздарымыз да жеңіс тұ­ғы­ры­нан көрініп жүр. Наталья Сте­фанская Азия біріншілігінің чем­пионы болса, Махаббат Үмітжано­ва – күміс, Алина Саркулова – қо­ла медаль иегерлері. Дзюдодан әлем чемпионы, бірнеше дүркін Азия біріншілігінің жеңімпазы, Еу­ро­­па кубогының қола жүлдегері Наз­­гүл Маратованың асығы ал­шы­­сы­нан түсіп жүргені де қуанта­ды.
Білім ошағында оқу үдерісін са­палы жүргізу үшін барлық жағдай жасалуда. Егер шәкірттеріміз оқу-жаттығу жиындарында немесе жа­рыстарда болса, қосымша сабақ­тар­ға қатысып, білімдерін жетілді­реді. Кейін соған сай баға қойыла­ды. Осы және басқа да жетістікте­ріміз білім ошағы қа­білетті жас спортшыларды шың­дап отырғанын айғақтай алады деп сеніммен айта аламын.
Биылдан бастап колледж ашылып, студенттер 2 жыл 10 ай оқып, спорт жаттықтырушысы-оқы­тушы мамандығын меңге­ріп шығады. Осыған дейін өңір өрендері бұл мамандықты алу үшін көбіне Ресейге барып оқитын. Не бол­маса интернатта алған білімін жал­ғастырмай, басқа салада жұ­мыс істейтін. Енді шекара асудың қа­жеті жоқ. Колледж түлектері об­лыс орталығындағы үйірмелерге жұмысқа орналасып, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында елді мекендерде де еңбек ету мүм­кіндігіне ие болды.
2019-2020 оқу жылына 40 грант бөлінді. Оқу қазақ және орыс тіл­де­рінде жүргізіледі. Шәкірттерге спорттың жілігін шағып, майын іш­кен мамандар сабақ беріп, жат­тық­тырады. Жалпы, мектеп-ин­­тер­нат-колледж ел құрамасына мү­шелікке спортшылар мен олар­дың жаттықтырушыларын даяр­лау, спорттық санаттарын өсіру, ма­териалдық-техникалық базаны нығайту сияқты міндеттерге баса мән беретін болады.

 

Бақыт АРЫҚБАЕВ,
облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған  мектеп-интернат-колледжінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp