ӨМІРГЕ ҒАШЫҚ АҚЫН
Қалам ұстаған әріптестерімнің ішінде балалық шағында өлең шығару деген өнердің дәмін татпағандар некен-саяқ десем ақиқаттан алыс кете қоймаспын. Алайда, көпшілігіміз есейе келе қара сөзге ден қойғанымыз шындық. Менің пәлсәпәм өмірге ғашық болмаған адамнан ақын шықпайды дегенге саяды. Шынайы ақын болу үшін мына шексіз дүниені бар жан-тәніңмен құлай сүю керек сияқты. Пенде баласының асыл ойлары мен сұлу сезімдері ақындық жүректе гүлдеп, бүршік ататындықтан, әлемді адал махаббатымен сүйген адамға ғана өмір құшағын жайып, сыр сандығының талай құпиясын ашады. Өлеңді айтасыз-ау, сол құдіретті өнердің өзін де өмірге ғашық адамдық сезімнің сүйіспеншілігі туғызады ғой.
Дүниені сүйген адамның бойында Аллаға деген шексіз сағыныш оянады, жүрегінде өлең оты тұтанып ұлы Жаратушымен ойша сырласып, мұңын шағып, оны тереңірек тануға мүмкіндік алады. Міне, осылайша, мәртебелі поэзия адамның Алладан кейінгі ең жақын сырласына айналады. Жалғыздықтан жалығып, имандылықтың мейірімді шуағын сағынған адамның шөлін тек өлеңнің мөлдір бұлағы ғана қандыра алатыны сондықтан болса керек. Мұндай өнер екінің біріне бұйырмайтын бақ деуге болады.
Бүгіндері жетпіс деген жастың биігіне шығып отырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өңірімізге белгілі ақын Тоқтар Зікірин хақында азды-кемді қалам тербегенде, қағаз бетіне осындай ойлар маржандай болып түсе кетпесі бар емес пе. Ширек ғасырдан астам “илегеніміз бір терінің пұшпағы” дегендей, Тоқаңмен әріптес ретінде араласып жүрміз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елімізде Тәуелсіздіктің шырайлы таңы атып, бөркімізді аспанға лақтырып қуанғанымыз әсте естен шыға қоймас. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы елімізде болған экономикалық қиындықтар қос өкпеден қысқан кезде екеуіміз редакцияның “штабы” деп аталатын секретариатта біраз жыл бірге қызмет атқардық. Бір бөлмеде отырып, жұмыстан қолымыз сәл қалт еткен сәттерде Тоқаң өмір жайында өз пайымдауларын ортаға салып, небір түйдек-түйдек ойларды ағытып қоя беретін. Арасында әлі сиясы кеуіп үлгермеген жырларын да оқитын. Бұл кезде ақын әлдебір басқа әлемде жүргендей сезімде болатынына көзім жетуші еді.
Тоқаң Шал ақын ауданындағы шалғай жатқан Балуан ауылының тумасы. Әкесі Нұрахмет ел басына нәубет төнген жылдары қан майданға аттанып, 1944 жылы ауыр жарақат алғандықтан туған елге мүгедек болып оралады. Салдарынан қырықтың қырқасынан да аса алмай, мәңгілікке көз жұмады. Бұл Тоқтардың мектеп табалдырығын жаңа аттаған кезі болатын. Жетімдіктің қамытын ерте кигенімен, анасы жалғыз ұлының балалық шағын алаңсыз өткізуі үшін бар жағдайын жасай білді. Алайда, ауылдағы мектептің жеті сыныбын тамамдаған соң тұрмыс жағдайына байланысты осы аудандағы Ленин мектеп-интернатына ауысады. Ал орта білімді Жамбыл мектебінде алады.
– Мектепте білім алған жылдары менсіз қабырға газеті шықпайтын, өйткені, оны безендіру менің мойнымда болатын. Суреттен байқауларға қатысып, жүлдегер де атанғанмын. Ал сүйікті пәнім математика еді. Ал мектепті бітіру емтиханындағы шығарманы өлеңмен жазып, үздік баға алдым. Ақындығым осы кезде басталды деп ойлаймын, – дейді Тоқаң.
Орта мектепті жақсы тамамдаған ол еңбек жолын ауылда бастады, бір жыл қой бақты.
Осылай еңбекпен шыңдалған Тоқаң келесі жылы Қарағанды қаласындағы кооперативтік институттың барлық қабылдау емтихандарынан сүрінбей өтіп, студенті атанды. Ол осы жоғары оқу орнында экономист мамандығының қыр-сырын үйренуге бел шеше кіріседі. Алайда, бойға берген табиғи дарын өз дегеніне көндіре білгендей. Қолына қалам алып жүрек түбінен мөлдіреп шыққан жыр жолдарын ақ қағаз бетіне түсіруді тоқтатпады. Алғашында оның өлеңдері баланың анаға махаббатына, туған жер, табиғат көріністеріне арналса, кейін тақырып аумағы кеңейе түседі. Тұңғыш рет газетке тырнақалды өлеңдерін жібергенін әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Көп кешікпей жыр жолдары Петропавлдағы облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) мен Қарағандыдағы “Орталық Қазақстан” газеттерінің беттерінде жүйелі түрде жариялана бастайды.
Өлең жазудың, оның оқырман жүрегінен орын алатындай етіп шығарудың оңай шаруа емес екендігін сол кездері түсінген ол көп уақытын белгілі ақындардың шығармаларын зерделеуге жұмсады. Басқа жігіттер бос уақытында көңіл көтеруді хош көрсе, бұл кітапханадан табылатын. Әсіресе, ұлы Абайдың, Қадыр Мырза-Әлінің, Сағи Жиенбаевтың, Төлеген Айбергеновтің, Тұманбай Молдағалиевтің, Жұмекен Нәжімеденовтің, Фариза Оңғарсынованың кітаптарын жастығының астына салып оқыды деуге болады.
Тоқаң Қарағанды қаласында өткізген студенттік жылдарында және кейінгі кезде республикалық “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетімен тығыз байланыс орната білді. Сол жылдары газеттің әдебиет бөлімінде жұмыс істеген Сағат Әшімбаев, Жарасқан Әбдірәшев, Аян Нысаналин, Тынышбай Рахимов сынды белгілі ақындармен жиі кездесіп, олардың ақ батасын алған. Әртүрлі алқалы жиындарда қазақтың беткеұстар ақындары Қалижан Бекқожинмен, Қайрат Жұмағалиевпен, Мұхтар Шахановпен пікір алмасып, әдебиет төңірегінде ой бөліскен. Жас ақындардың өлеңдеріне жоғары талап қоя білетін Қадыр Мырзa-Әлі республикалық басылымда жарық көрген Тоқтардың алғашқы өлеңдер топтамасына өзінің жақсы пікірін білдірген. “Қазақстан әйелдері” журналының бөлім меңгерушісі, қазақтың белгілі ақын қызы Рза Қунақова, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев Тоқаңның өлеңдерін жоғары бағалайтын.
Қарағандыдан жоғары білімді экономист болып оралған Тоқаң Шал ақын ауданында өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Әр жылдары аудандық дайындау мекемесінде, Сергеевка сыра зауытында басшы қызметтер атқарған. Осындай қызметтерде жүрсе де Тоқаң өлең шығарудан, аудан тіршілігі хақында мақала жазудан қол үзген жоқ. Бірнеше жыл “Soltústik Qazaqstan” газетінің Шал ақын ауданындағы меншікті тілшісі болған Тоқтар Нұрахметұлы 1995 жылы облыс орталығына қоныс аударып, редакцияға қызметке қабылданды. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағында абыройлы жұмыс істеді.
Осылай студент кезінде-ақ балауса жырларымен әдебиетсүйер қауымның назарына іліккен Тоқтар Нұрахметұлы өзіндік қолтаңбасы бар ақынға айналды. Оның жыр топтамалары республикалық, облыстық газеттерде жиі жарияланып тұрады. Осы жылдар ішінде ақын өмірдің өзекті мәселелерін, сыр-сезімдерге толы толғанысты сәттерін өлең жолына түсіруден бір жалыққан емес. Ол – Мағжан Жұмабаевтың, Қожаберген жыраудың, Ғабит Мүсіреповтiң, Сәбит Мұқановтың мерейтойларына арналған жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Ақынның қаламынан әр жылдары “Жан шуағы”, “Көңіл көкжиектері”, “Тіршілік тынысы” және “Бұл бір дәурен” сияқты жыр жинақтары жарық көрген. Тоқаң, әсіресе, құрметті зейнет демалысына шығып, күнделікті жұмыстан қолы босаған соң өндірте жазуда. Жетпіс деген белестің қырына шығар алдында оның баспадан “Өмір өзегі” атты таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл кітапты ақынның көп жылғы қажырлы еңбегі мен ізденістерінің жемісі деп білген жөн. “Жүрегімде жыр әлем”, “Ауылдың мұңы арылмас”, “Ауылды сағыну”, “Жылдың төрт мезгілі”, “Махаббат, қызық мол жылдар”, “Соңғы дәптердің сыры”, “Балладалар және толғаулар” сияқты бөлімдерден тұратын бұл кітап оқырмандарының оң бағасын алып үлгерді.
Өмір өзегім – жан өзегім өрілген,
Із қалдырдың өшпейтіндей өмірден,
Жүрегімнен бәрін түгел ақтардым,
Жырларымда, сырларымда төгілген.
Өмір өзегім – бойымдағы қан ағыс,
Алдырмайды, әлі жаным тарамыс,
Өлгенімше мұқалмаса екен-ау,
Қанға малып жыр жазатын қаламұш… – деген осы кітаптың прологына алынған жыр жолдары ақынның бітім-болмысын, оның жан дүниесін айқындап тұрғандай. Ақсақалдық жасқа жеткен, айтары да, жазары да мол Тоқтар Нұрахметұлының қаламынан әлі де небір құнды дүниелер туары сөзсіз.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Шабыт-дауыл мазалайды жанымды
Сыр
Жүрегіме сыймай жатыр шөгіндім,
Батып кетер қалтқыдайын көріндім?!
Бақ-бақ гүлдің үлпілдегі секілді,
Әбден тозып, үлбіреген көңіл мұң…
Жанды жеген ызыңы бар қурайдың,
Мазамды алар ойларды да қумаймын.
Күн еңкейе көкте бұлттар сөгіліп,
Кеудем толы қайда кетті у қайғым?
Тулақтайын қайта қағып, сілкіген,
Сірә, мені түртіп отыр бір түлен.
Мөлдіреген жыр іздеймін, жаным-ау,
Бұрынғыдай таңның таза үрпінен…
Қурап барып, көзін ашқан гүлдейін,
Қалай бүрлеп сала бердім, білмеймін?!
Жетер жерім, басар тауым белгісіз,
Өкініште қалып осы жүрмейін.
Гүл–көңіл
Көктем болып қашаннан іздегенім,
Гүл көңілден төгілген ізгі өлеңім.
Қанша оны қимайын десем-дағы,
Қоймайды екен келмей бұл күз дегенің?!
Көзін ашқан көктемде жыр бұлақ-ай,
Ұмытайын қызғалдақ қырды қалай?
Көнереді екен ғой бәрі де оның,
Бергесін жыл артынан жылды жамай…
Тірліктің көп тынысын бақыладым,
Табиғатпен астасып жатыр ағын.
Көңіл қанша беріспей жүрсе-дағы,
Сарғаяды екен ғой жапырағың?!
Пенденікі қимайтын көнбіс әні,
Жапырағы үзіліп, желге ұшады…
Түбінде бір, әйтеуір, қойнына алар,
Бұйырсын де туған ел жер құшағы!
Ерке желі сияқтымын даланың
Бергенімнен алғаным көп өзгеден,
Оны бірақ ұтылыс деп сезбегем.
Құдай берген көл мінезбен көлкимін,
Ата жаста енді қалай өзгерем?
Жан адамға жұққан емес кіршігім,
Тәңір жолда жүрген адал құлшымын.
Көлеңкесі түсетұғын бұлтым жоқ,
Жыр төгілген сезімдерім тым шырын.
Қысқа түсіп жатсын қолым сермеген,
Озғандардың жолын кескен пенде екен.
Бүгінгінің көп айтылмас шындығы –
Дүлдүлдер жоқ қатар өтер кермеден…
Ерке желі сияқтымын даланың,
Көпшіліктің аңдайтұғын қабағын.
Көлкіп жатқан көл мінезім осындай,
Басымдағы бағым менің, таланым!
Сауал
Не жатқанын кім білсін мида қалың,
Ой толғаймын,
Оңаша күй бағамын.
Кірпік ілмей түнімен,
Жүйкені езіп –
Жыр жазғанда керемет қиналамын?!
Жан азапқа түсемін,
Жоқ тынышым,
Жанұшырып жүргем жоқ тоқтық үшін?!
Тілімменен жалаймын,
Тайсалмаймын,
Басымды алар тағдырдың от қылышын…
Тулап соққан жүрекке ерік бердім,
Өзіме-өзім емшімін,
Көріпкелмін…
Өртенемін,
Жалыннан жасын жұтам,
Ермегі емес,
Ол, сірә, еріккеннің?!
Көкіректен төгіліп құйған ағын,
Кім тілемес,
Жыр селін тыймағанын?
Түніменен отырып,
Түк жаза алмай –
Шынымды айтсам,
Кейде осы қиналамын!
Жарық дүние
Жастық шақтан жыр қалды,
Сағым қалды,
Қызық-думан алыстап,
Қоңырланды…
Өткен күнге өкініш өкпесі жоқ,
Жарық дүние кәусарға шөлім қанды?!
Бұлқып-тасып кеудемде шабыт деген,
Тау бұлақтай арынды ағытты өлең…
Шау тартсам да,
Бір жасар шалымым бар,
Әлі өмірдің аңдысын бағып келем.
Күннен бұрын таусылып,
Күйрегім жоқ,
Тірлігімді айтпаймын күйбеңім деп.
Рухы биік жан үшін қашан-дағы,
Жүру мықты,
Қайратты күйде міндет!
Таңдауым — таза, тура жол
Құдай сақтап,
киген жоқпын шен-шекпен,
Тәңір таза тура жолын көрсеткен.
Сұғанақтық бала кезден жат маған,
Ашқарақтық танытпаған емшектен?!
Ноқай емең,
Мансап үшін ар сатқан,
Өзімді алыс ұстап өттім «қақ-соқтан» …
Ешқашанда қадам басып көргем жоқ,
Қулық іске өзгелерді қақсатқан.
Арамдық жоқ,
ал біреуге қырсығым
тимесін, – деп жүретінім, бұл шыным!
Күн сәулесін жүрегіме құйған ғой,
Көңілімде болмаған соң кіршігім…
Түсірмеуге тырысамын еңсемді
Ең асылын, ең сырлысын ашпаған,
Қалың ойлар қалжыратып тастаған.
Ертеңіме аманат қып тапсырар,
Қалай енді жеткізе алам көшті аман?!
Өгіз аяң, мимырт тірлік құрысын,
Соңғы кезде өнбей кетті жүрісім.
Күйіп кетсем, жанып кетсем керек-ті,
Жалғыз ғана жалындаған жыр үшін.
Көптен бері сабыр кетіп жүр менен,
Азап болды көз ілмейтін түн деген.
Жазылмай-ақ қойды бірақ, шіркін-ау,
Өмірдегі бір туатын құнды өлең?!
Көңілімнің сөгіліп тұр көбесі,
Жылауық боп туады адам неге осы?
Қайда барып бұратынын кім білсін,
Тағдыр деген тәуекелдің кемесі.
Кезден өтіп кеткеніммен белсенді,
Түсірмеуге тырысамын еңсемді.
Бір жасын жыр қалдырсам деп ойлаймын,
Құдай маған құйын шабыт берсе енді!
Тыншымадым
Жаға алмадым демеймін жыр шырағын,
Өлең құрап өттім мен, тыншымадым.
Жазғандарым бірінен-бірі өткен соң,
Одан сайын ұмтылып құлшынамын.
Тың көтеріп тастаған жоқ шығармын,
Ой тамшысын түсірмей қақшып алдым.
Қансонары көңілден шықпағасын,
Сәтін тосқан әлі де қасқыр аңмын.
Қалғым бірақ келмейді ұлып тағы,
Ұлығаннан жаман жоқ ғұрыптағы.
Шын асауды шідерлеу қажет болса,
Бос жіп емес, тұзақпын құрықтағы.
Басылып та көрмеген от тынысым,
Балқып жатыр кеудемде көк құрышым.
Жаным пида адаммын, жаным пида,
Жыр боп жауар басыма бақ күн үшін?!
Бәрін соған жүрмін ғой сарп қылып,
Құр бос сөзден мезі боп, жалықты үміт.
Жырлағанға не жетсін бұл өмірде,
Шын ғажапты жүректен танып тұрып?!
Тоқтар ЗІКІРИН,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ТӘНТІМІЗ
Бір кездері көмірлі Қарағандыда әдебиетке мүлдем жанаспайтын салада білім алып жатқан студент Тоқтардың жыр әлеміне жақындығын, жергілікті әдеби ортамен аралас-құраластығын көріп, өзіміз жырына тәнті болып жүрген Тұманбай Молдағалиевке ұқсатқан едік.
Кейін облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінде бірге қызмет атқарған кезде экономика бөлімі редакторының асқан шеберлік пен сезімталдықты, таным мен қалам құдіретін қажет ететін бейнелеу өнерінде де майталман екендігіне талай рет көз жеткіздім.
Жыр жазуды студент кезінде бастаған Тоқтар ағамыз Қарағандыда жүріп-ақ облыстық “Орталық Қазақстан”, “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”), республикалық “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газеттерінде жарық көрген жырларымен әдеби ортаға танылды. Танылумен бірге Алматыдағы аға буын өкілдерінен – ақындар мен сыншылардан сол кездің өзінде жоғары баға алды.
Содан бері Тоқаң шабытын қамшылай отырып, қаламын құрғатып көрген емес. Бүгінгі күнге дейін жырсүйер қауымға бес жинағын ұсынды. Әлі сиясы кеуіп үлгермеген “Өмір өзегі” атты таңдамалы шығармалар жинағының беташарында ол:
Өмір өзегім – көңіл-күйім көлкіген,
Теңіз ойда тыныс алам, серпілем.
Шабыт-дауыл мазалайды жанымды,
Арыла алмай қойдым жырдың дертінен, – деп ағынан жарылады. Осы жырдың аяқталуы да тамаша:
Өмір өзегім – заманымның үнісің,
Өзіңде ғой тіршілігім, тынысым.
Өзегіме өрт түсірдім өшпейтін,
Бәрі, бәрі… бәрі осынау жыр үшін.
Тоқаң, шынында да, жыр үшін жаралған жан.
Нұрсайын ШӘРІП, ардагер журналист.
САҒЫНЫШЫ БӨЛЕК, МҰҢЫ ЕРЕК
Ғажабы мен азабы бірдей падиша өнер – поэзияның иесі болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермеген бақыт қой. Олай дейтініміз, ақынның ішкі рухы мен сенімі теңіздің алапат толқынындай күшті болса, соған сай жан дүниесі мақтадан да нәзік келеді, бейнелеп айтсақ, күздегі жапырақтай діріл қағып тұрады. Ақын Тоқтар Нұрахметұлының өлеңдері де осындай. Оқып отырып толғанасың, тебіренесің, кейбір шумақтары шалқар шабыттың сәйгүлігіне қондырғандай күйге бөлейді. Оның соңғы “Өмір өзегі” деп аталатын туындысын парақтап шыққанда да осындай көңіл күйге бөлендім. Балалық шақ, қазақ атын әлемге әйгілеген алдаспан тұлғалар, ауылға, елге деген сағыныштың иісі аңқыған таңдамалы өлеңдері жаныңа жылылық сыйлайды. Қазақтың әлімсақтан алтын бесігі болған ауылды сол елде туып, мінезі даладай кең азаматтармен қоян-қолтық араласқан, жасынан шаруашылықтың сырын ұққан адам ғана жаза алады. Тоқтар ағамыздың ақындық ерекшелігі де осы.
Қазақ халқы ежелден қара өлеңді серік еткен ақынын ерекше қадірлеген ғой. Төрден орын беріп, көңілін табуға тырысқан. Тоқтар Нұрахметұлын көкірегі ояу өлеңсүйер жұртшылықпен етене жақындастырған қазақтың қарапайым қара өлеңі. Сол арқылы есімі елге танылды, құрметке бөленді. Жетпіс жастың биігіне де сол абыройынан бір мысқал да төмендемей жетіп отыр.
Өлеңге сәбише сеніп, ағынан ақтарылған ақынның сағынышы бөлек, мұңы ерек.
Мейірім мен шынайылыққа шөліркеп тұрған мына заманда жаның жаситын, жанарың жәудірейтін шақтар аз кездеспейді. Тоқтар ағамыз оқыған жанның көңіл тебіренісіне дөп түсетін жақсылық, адамгершілік, достық, ізгілік жайлы тақырыптарды да қалыс қалдырмаған. Оның шығармашылығы осынысымен құнды.
Күлайхан РАХМЕТ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы.
ПОЭЗИЯ ІЗГІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕЙДІ
Менің Шал ақын ауданына қарасты Бірлік ауылындағы Мәдениет үйінің меңгерушісі болып қызмет атқарып жатқаныма көп уақыт өте қойған жоқ. Негізінен мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерге, ауыл өміріне арналған одан да басқа шаралар осы мәдениет ордасының қабырғасында ұйымдастырылады. Сондай жиындардың өз деңгейінде өтуі шығармашылық топтың еңбегіне, қарым-қабілетіне тікелей байланысты.
Менің түсінігімде, өнер адамы, әнші немесе биші, домбырашы болсын өз саласының шеңберінде қалып қоймай, жан-жақты болуға ұмтылуы керек. Әсіресе, сөз өнерін, поэзияны түсінулері маңызды. Әріптестерімнен де осыны талап етемін. Мәдениет үйінде өткен кез келген шараның қазақтың кестелі тілімен өрнектеліп, ұлттық құндылығымен, салт-дәстүрімен ерекшеленіп тұрғанын қалаймын. Ол үшін өңірімізден шыққан қаламгерлердің шығармаларын жиі пайдаланатынымды да жасырмаймын. Жуырда аудан орталығындағы кітапханаға бас сұққан едім. Көзіме көркем әдебиеттер қазқатар тізілген сөрелерден ақын Тоқтар Зікіриннің бірнеше туындысы ұшырай кетті. Түгел оқып шықтым. Жүрегіме жылы тиді. Әсіресе, туған жер, өскен орта, құрбы-құрдастар туралы жазған шұрайлы шумақтары жанымды баурап алды. Ақынның бірнеше шығармасын концерттік бағдарламамызға қолданып, көпшіліктің ықыласына бөлендік.
Поэзия адамды ізгілікке тәрбиелеп, дүниенің сырын терең түсінуге үндейді ғой. Жаным жабырқап, көңілім құлазыған сәттерде ақындардың туындыларын оқуды әдетке айналдырғанмын. Үйімдегі шағын кітапханамда Тоқтар Зікіриннің туындылары тұр.
Оралхан МӘЛІК, Бірлік ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі.
Шал ақын ауданы.