«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕСТЕЛІ ОЙ, ЖҮЙРІК ҚАЛАМЫМЕН, ЖЫРЛАҒАН ТУҒАН ЖЕРДІ, ДАЛАНЫ КЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ӨМІРГЕ ҒАШЫҚ АҚЫН

Қалам ұстаған әріптестерімнің ішінде балалық шағында өлең шы­ғару деген өнердің дәмін татпа­ған­дар некен-саяқ десем ақиқат­тан алыс кете қоймаспын. Алай­да, көп­шілігіміз есейе келе қара сөзге ден қойғанымыз шындық. Ме­нің пәл­сә­пәм өмірге ғашық бол­маған адам­нан ақын шықпайды де­генге саяды. Шынайы ақын болу үшін мы­на шексіз дүниені бар жан-тә­ніңмен құлай сүю керек сияқты. Пенде баласының асыл ойлары мен сұлу сезімдері ақын­дық жү­ректе гүлдеп, бүршік ата­тын­дық­тан, әлемді адал махабба­тымен сүй­ген адамға ғана өмір құшағын жайып, сыр сандығының талай құпиясын ашады. Өлеңді айтасыз-ау, сол құдіретті өнердің өзін де өмірге ғашық адамдық се­зімнің сүйіспеншілігі туғызады ғой.

Дүниені сүйген адамның бо­йын­­да Аллаға деген шексіз сағы­ныш оя­на­ды, жүрегінде өлең оты тұтанып ұлы Жаратушымен ойша сыр­ласып, мұңын шағып, оны те­ре­ңі­рек тануға мүмкіндік алады. Міне, осылайша, мәртебелі поэ­зия адам­ның Алладан кейінгі ең жа­қын сыр­ласына айналады. Жал­ғыздықтан жалығып, иман­ды­лық­­тың мейірім­ді шуағын са­ғын­ған адамның шө­лін тек өлең­нің мөл­дір бұлағы ғана қандыра алатыны сондықтан болса керек. Мұндай өнер екінің біріне бұйыр­майтын бақ деуге болады.
Бүгіндері жетпіс деген жастың биігіне шығып отырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өңі­рімізге белгілі ақын Тоқтар Зікірин хақында азды-кемді қалам тербе­генде, қағаз бетіне осындай ойлар маржандай болып түсе кетпесі бар емес пе. Ширек ғасырдан ас­там “илегеніміз бір терінің пұшпа­ғы” де­гендей, Тоқаңмен әріптес ре­тінде араласып жүрміз. Өткен ға­сырдың тоқсаныншы жылдары елі­мізде Тә­уелсіздіктің шырайлы таңы атып, бөркімізді аспанға лақ­тырып қуанғанымыз әсте естен шыға қой­мас. Егемендіктің алғаш­қы жыл­да­рындағы елімізде бол­ған экономи­ка­лық қиындықтар қос өкпеден қыс­қан кезде екеуіміз ре­дакцияның “штабы” деп атала­тын секрета­риат­та біраз жыл бір­ге қызмет атқардық. Бір бөлмеде оты­рып, жұмыстан қолымыз сәл қалт еткен сәттерде Тоқаң өмір жайын­да өз пайымдау­ла­рын ор­таға са­лып, небір түйдек-түйдек ойларды ағы­тып қоя беретін. Ара­сында әлі сия­сы кеуіп үлгермеген жырларын да оқитын. Бұл кезде ақын әлдебір басқа әлемде жүр­гендей сезімде болатынына көзім жетуші еді.
Тоқаң Шал ақын ауданындағы шалғай жатқан Балуан ауылының тумасы. Әкесі Нұрахмет ел басы­на нәубет төнген жылдары қан майдан­ға аттанып, 1944 жылы ауыр жа­рақат алғандықтан туған елге мүгедек болып оралады. Сал­дары­нан қырықтың қырқасынан да аса алмай, мәңгілікке көз жұ­мады. Бұл Тоқтардың мектеп та­балды­рығын жаңа аттаған кезі бо­латын. Жетімдіктің қамытын ерте кигені­мен, анасы жалғыз ұлының балалық шағын алаңсыз өткізуі үшін бар жағдайын жасай білді. Алайда, ауылдағы мектептің жеті сыныбын тамамдаған соң тұрмыс жағдайы­на байланысты осы ау­дандағы Ленин мектеп-интерна­тына ауыса­ды. Ал орта білімді Жамбыл мекте­бінде алады.
– Мектепте білім алған жылда­ры менсіз қабырға газеті шықпай­тын, өйткені, оны безендіру менің мойнымда болатын. Суреттен бай­қау­ларға қатысып, жүлдегер де атан­­ғанмын. Ал сүйікті пәнім ма­тема­тика еді. Ал мектепті бітіру емти­ханындағы шығарманы өлең­мен жазып, үздік баға алдым. Ақын­дығым осы кезде басталды деп ойлаймын, – дейді Тоқаң.
Орта мектепті жақсы тамамда­ған ол еңбек жолын ауылда баста­ды, бір жыл қой бақты.
Осылай еңбекпен шыңдалған Тоқаң келесі жылы Қарағанды қа­ласындағы кооперативтік институт­тың барлық қабылдау емти­хандарынан сүрінбей өтіп, сту­ден­ті атанды. Ол осы жоғары оқу ор­­нында экономист мамандығы­ның қыр-сырын үйренуге бел ше­ше кіріседі. Алайда, бойға бер­ген та­биғи дарын өз дегеніне көндіре білгендей. Қолына қалам алып жү­рек түбінен мөлдіреп шыққан жыр жолдарын ақ қағаз бетіне түсіруді тоқтатпады. Алғашында оның өлең­­де­рі баланың анаға махаб­ба­­тына, туған жер, табиғат көрі­ніс­те­ріне арналса, кейін тақырып ау­мағы кеңейе түседі. Тұңғыш рет газетке тырнақалды өлеңдерін жі­бергенін әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Көп ке­шікпей жыр жолдары Петро­павл­дағы облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) мен Қара­ған­дыдағы “Орталық Қа­зақстан” га­зеттерінің беттерінде жү­­­йелі түрде жариялана бас­тайды.
Өлең жазудың, оның оқырман жү­регінен орын алатындай етіп шы­ғарудың оңай шаруа емес екен­дігін сол кездері түсінген ол көп уақытын белгілі ақындардың шы­ғармаларын зерделеуге жұм­са­ды. Басқа жігіттер бос уа­қы­тын­да көңіл көтеруді хош көрсе, бұл кі­тапханадан табылатын. Әсі­ресе, ұлы Абайдың, Қадыр Мыр­за-Әлі­­нің, Сағи Жиенбаевтың, Төле­ген Айбергеновтің, Тұманбай Мол­да­ғалиевтің, Жұмекен Нәжі­ме­­де­новтің, Фариза Оңғарсыно­ва­ның кі­таптарын жастығының ас­тына са­лып оқыды деуге болады.
Тоқаң Қарағанды қаласында өт­кізген студенттік жылдарында және кейінгі кезде республикалық “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетімен тығыз байланыс ор­ната білді. Сол жылдары газеттің әдебиет бөлімінде жұмыс істе­ген Сағат Әшімбаев, Жарасқан Әбдірәшев, Аян Нысаналин, Ты­нышбай Рахимов сынды белгілі ақындармен жиі кездесіп, олардың ақ батасын алған. Әртүрлі ал­қалы жиындарда қазақтың беткеұстар ақындары Қалижан Бекқожинмен, Қайрат Жұмағалиевпен, Мұхтар Шахановпен пікір алмасып, әде­биет төңірегінде ой бө­ліскен. Жас ақындардың өлең­деріне жоғары талап қоя білетін Қа­дыр Мыр­зa-Әлі республика­лық басылымда жа­рық көрген Тоқ­тардың алғашқы өлең­дер топ­та­масына өзінің жақ­сы пікірін білдірген. “Қазақстан әйелдері” жур­на­лы­ның бөлім меңгерушісі, қа­зақ­тың белгілі ақын қызы Рза Қунақова, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев То­қаң­ның өлеңдерін жоғары баға­лайтын.
Қарағандыдан жоғары білімді экономист болып оралған Тоқаң Шал ақын ауданында өз маман­ды­ғы бойынша жұмысқа орнала­сады. Әр жылдары аудандық да­йындау мекемесінде, Сергеевка сыра зауытында басшы қызмет­тер ат­қарған. Осындай қызмет­тер­де жүрсе де Тоқаң өлең шыға­рудан, аудан тіршілігі хақында ма­қала жазудан қол үзген жоқ. Бір­неше жыл “Soltústik Qazaqstan” газеті­нің Шал ақын ауданындағы мен­шікті тілшісі болған Тоқтар Нұрах­метұлы 1995 жылы облыс орталы­ғына қоныс аударып, ре­дак­цияға қызметке қабылданды. Қа­зақ баспасөзінің қарашаңы­рағында абыройлы жұмыс істеді.
Осылай студент кезінде-ақ ба­лау­са жырларымен әдебиетсү­йер қа­уымның назарына іліккен Тоқтар Нұрахметұлы өзіндік қол­таңбасы бар ақынға айналды. Оның жыр топтамалары респуб­ликалық, об­лыстық газеттерде жиі жария­ланып тұрады. Осы жыл­дар ішінде ақын өмірдің өзекті мәселеле­рін, сыр-сезім­дер­ге толы толғанысты сәттерін өлең жолына түсі­ру­ден бір жалық­қан емес. Ол – Мағжан Жұма­баевтың, Қожа­берген жыраудың, Ғабит Мүсірепов­тiң, Сәбит Мұқа­новтың мерейтой­ларына арнал­ған жыр мүшәйра­ла­рының бірне­ше дүркін жеңімпа­зы. Ақынның қа­ламынан әр жыл­дары “Жан шуа­ғы”, “Көңіл көкжиек­тері”, “Тір­ші­лік тынысы” және “Бұл бір дәу­рен” сияқты жыр жинақтары жа­рық көрген. Тоқаң, әсіресе, құр­метті зейнет демалысына шығып, күнделікті жұмыстан қолы бо­саған соң өндірте жазуда. Жетпіс деген белестің қырына шығар ал­дында оның баспадан “Өмір өзе­гі” атты таңдамалы шығарма­лар жинағы жарық көрді. Бұл кі­тапты ақынның көп жылғы қа­жырлы ең­бегі мен ізденіс­терінің жемісі деп білген жөн. “Жүрегім­де жыр әлем”, “Ауылдың мұңы арыл­мас”, “Ауылды сағыну”, “Жылдың төрт мезгілі”, “Ма­хаб­бат, қызық мол жылдар”, “Соңғы дәптердің сыры”, “Балладалар және тол­ғаулар” сияқты бөлім­дер­ден тұ­ра­тын бұл кітап оқырман­да­ры­ның оң бағасын алып үлгерді.

Өмір өзегім – жан өзегім өрілген,
Із қалдырдың өшпейтіндей өмірден,
Жүрегімнен бәрін түгел ақтардым,
Жырларымда, сырларымда төгілген.

Өмір өзегім – бойымдағы қан ағыс,
Алдырмайды, әлі жаным тарамыс,
Өлгенімше мұқалмаса екен-ау,

Қанға малып жыр жазатын қаламұш… – деген осы кітаптың прологына алынған жыр жолда­ры ақынның бітім-болмысын, оның жан дүниесін айқындап тұр­ған­дай. Ақсақалдық жасқа жет­кен, айтары да, жазары да мол Тоқтар Нұрахметұлының қала­мы­нан әлі де небір құнды дүние­лер туары сөзсіз.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Шабыт-дауыл мазалайды жанымды

Сыр

Жүрегіме сыймай жатыр шөгіндім,
Батып кетер қалтқыдайын көріндім?!
Бақ-бақ гүлдің үлпілдегі секілді,
Әбден тозып, үлбіреген көңіл мұң…

Жанды жеген ызыңы бар қурайдың,
Мазамды алар ойларды да қумаймын.
Күн еңкейе көкте бұлттар сөгіліп,
Кеудем толы қайда кетті у қайғым?

Тулақтайын қайта қағып, сілкіген,
Сірә, мені түртіп отыр бір түлен.
Мөлдіреген жыр іздеймін, жаным-ау,
Бұрынғыдай таңның таза үрпінен…

Қурап барып, көзін ашқан гүлдейін,
Қалай бүрлеп сала бердім, білмеймін?!
Жетер жерім, басар тауым белгісіз,
Өкініште қалып осы жүрмейін.

Гүл–көңіл

Көктем болып қашаннан іздегенім,
Гүл көңілден төгілген ізгі өлеңім.
Қанша оны қимайын десем-дағы,
Қоймайды екен келмей бұл күз дегенің?!

Көзін ашқан көктемде жыр бұлақ-ай,
Ұмытайын қызғалдақ қырды қалай?
Көнереді екен ғой бәрі де оның,
Бергесін жыл артынан жылды жамай…

Тірліктің көп тынысын бақыладым,
Табиғатпен астасып жатыр ағын.
Көңіл қанша беріспей жүрсе-дағы,
Сарғаяды екен ғой жапырағың?!
Пенденікі қимайтын көнбіс әні,
Жапырағы үзіліп, желге ұшады…
Түбінде бір, әйтеуір, қойнына алар,
Бұйырсын де туған ел жер құшағы!

Ерке желі сияқтымын даланың

Бергенімнен алғаным көп өзгеден,
Оны бірақ ұтылыс деп сезбегем.
Құдай берген көл мінезбен көлкимін,
Ата жаста енді қалай өзгерем?

Жан адамға жұққан емес кіршігім,
Тәңір жолда жүрген адал құлшымын.
Көлеңкесі түсетұғын бұлтым жоқ,
Жыр төгілген сезімдерім тым шырын.

Қысқа түсіп жатсын қолым сермеген,
Озғандардың жолын кескен пенде екен.
Бүгінгінің көп айтылмас шындығы –
Дүлдүлдер жоқ қатар өтер кермеден…

Ерке желі сияқтымын даланың,
Көпшіліктің аңдайтұғын қабағын.
Көлкіп жатқан көл мінезім осындай,
Басымдағы бағым менің, таланым!

Сауал

Не жатқанын кім білсін мида қалың,
Ой толғаймын,
Оңаша күй бағамын.
Кірпік ілмей түнімен,
Жүйкені езіп –
Жыр жазғанда керемет қиналамын?!

Жан азапқа түсемін,
Жоқ тынышым,
Жанұшырып жүргем жоқ тоқтық үшін?!
Тілімменен жалаймын,
Тайсалмаймын,
Басымды алар тағдырдың от қылышын…

Тулап соққан жүрекке ерік бердім,
Өзіме-өзім емшімін,
Көріпкелмін…
Өртенемін,
Жалыннан жасын жұтам,
Ермегі емес,
Ол, сірә, еріккеннің?!

Көкіректен төгіліп құйған ағын,
Кім тілемес,
Жыр селін тыймағанын?
Түніменен отырып,
Түк жаза алмай –
Шынымды айтсам,
Кейде осы қиналамын!

Жарық дүние

Жастық шақтан жыр қалды,
Сағым қалды,
Қызық-думан алыстап,
Қоңырланды…
Өткен күнге өкініш өкпесі жоқ,
Жарық дүние кәусарға шөлім қанды?!

Бұлқып-тасып кеудемде шабыт деген,
Тау бұлақтай арынды ағытты өлең…
Шау тартсам да,
Бір жасар шалымым бар,
Әлі өмірдің аңдысын бағып келем.

Күннен бұрын таусылып,
Күйрегім жоқ,
Тірлігімді айтпаймын күйбеңім деп.
Рухы биік жан үшін қашан-дағы,
Жүру мықты,
Қайратты күйде міндет!

Таңдауым — таза, тура жол

Құдай сақтап,
киген жоқпын шен-шекпен,
Тәңір таза тура жолын көрсеткен.
Сұғанақтық бала кезден жат маған,
Ашқарақтық танытпаған емшектен?!

Ноқай емең,
Мансап үшін ар сатқан,
Өзімді алыс ұстап өттім «қақ-соқтан» …
Ешқашанда қадам басып көргем жоқ,
Қулық іске өзгелерді қақсатқан.

Арамдық жоқ,
ал біреуге қырсығым
тимесін, – деп жүретінім, бұл шыным!
Күн сәулесін жүрегіме құйған ғой,
Көңілімде болмаған соң кіршігім…

Түсірмеуге тырысамын еңсемді

Ең асылын, ең сырлысын ашпаған,
Қалың ойлар қалжыратып тастаған.
Ертеңіме аманат қып тапсырар,
Қалай енді жеткізе алам көшті аман?!

Өгіз аяң, мимырт тірлік құрысын,
Соңғы кезде өнбей кетті жүрісім.
Күйіп кетсем, жанып кетсем керек-ті,
Жалғыз ғана жалындаған жыр үшін.

Көптен бері сабыр кетіп жүр менен,
Азап болды көз ілмейтін түн деген.
Жазылмай-ақ қойды бірақ, шіркін-ау,
Өмірдегі бір туатын құнды өлең?!

Көңілімнің сөгіліп тұр көбесі,
Жылауық боп туады адам неге осы?
Қайда барып бұратынын кім білсін,
Тағдыр деген тәуекелдің кемесі.

Кезден өтіп кеткеніммен белсенді,
Түсірмеуге тырысамын еңсемді.
Бір жасын жыр қалдырсам деп ойлаймын,
Құдай маған құйын шабыт берсе енді!

Тыншымадым

Жаға алмадым демеймін жыр шырағын,
Өлең құрап өттім мен, тыншымадым.
Жазғандарым бірінен-бірі өткен соң,
Одан сайын ұмтылып құлшынамын.

Тың көтеріп тастаған жоқ шығармын,
Ой тамшысын түсірмей қақшып алдым.
Қансонары көңілден шықпағасын,
Сәтін тосқан әлі де қасқыр аңмын.

Қалғым бірақ келмейді ұлып тағы,
Ұлығаннан жаман жоқ ғұрыптағы.
Шын асауды шідерлеу қажет болса,
Бос жіп емес, тұзақпын құрықтағы.

Басылып та көрмеген от тынысым,
Балқып жатыр кеудемде көк құрышым.
Жаным пида адаммын, жаным пида,
Жыр боп жауар басыма бақ күн үшін?!

Бәрін соған жүрмін ғой сарп қылып,
Құр бос сөзден мезі боп, жалықты үміт.
Жырлағанға не жетсін бұл өмірде,
Шын ғажапты жүректен танып тұрып?!

Тоқтар ЗІКІРИН,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.


ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ТӘНТІМІЗ

Бір кездері көмірлі Қарағандыда әдебиетке мүлдем жанаспайтын са­лада білім алып жатқан студент Тоқ­тар­дың жыр әлеміне жақындығын, жергілікті әдеби ортамен аралас-құраластығын көріп, өзіміз жырына тәнті болып жүрген Тұманбай Мол­да­ғалиевке ұқсатқан едік.
Кейін облыстық “Soltústik Qazaq­stan” газетінде бірге қызмет атқар­ған кезде экономика бөлімі редакто­ры­ның асқан шеберлік пен сезім­тал­дықты, таным мен қалам құді­ре­тін қажет ететін бейнелеу өнерін­де де майталман екендігіне талай рет көз жеткіздім.
Жыр жазуды студент кезінде бас­таған Тоқтар ағамыз Қарағандыда жүріп-ақ облыстық “Орталық Қазақ­стан”, “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”), республикалық “Ленин­шіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газеттерінде жарық көрген жырла­рымен әдеби ортаға танылды. Та­нылумен бірге Алматыдағы аға буын өкілдерінен – ақындар мен сын­шы­лардан сол кездің өзінде жо­ға­ры баға алды.
Содан бері Тоқаң шабы­тын қамшылай отырып, қаламын құр­ғатып көрген емес. Бүгінгі күнге дейін жырсүйер қауымға бес жина­ғын ұсынды. Әлі сиясы кеуіп үлгер­меген “Өмір өзегі” атты таңдамалы шығармалар жинағының беташа­рында ол:
Өмір өзегім – көңіл-күйім көлкіген,
Теңіз ойда тыныс алам, серпілем.
Шабыт-дауыл мазалайды жанымды,
Арыла алмай қойдым жырдың дертінен, – деп ағынан жарылады. Осы жырдың аяқталуы да тамаша:
Өмір өзегім – заманымның үнісің,
Өзіңде ғой тіршілігім, тынысым.
Өзегіме өрт түсірдім өшпейтін,
Бәрі, бәрі… бәрі осынау жыр үшін.
Тоқаң, шынында да, жыр үшін жаралған жан.

Нұрсайын ШӘРІП, ардагер журналист.

САҒЫНЫШЫ БӨЛЕК, МҰҢЫ ЕРЕК

Ғажабы мен азабы бірдей пади­ша өнер – поэзияның иесі болу екі­нің бірінің маңдайына жазыла бер­меген бақыт қой. Олай дейтініміз, ақынның ішкі рухы мен сенімі теңіз­дің алапат толқынындай күшті бол­са, соған сай жан дүниесі мақтадан да нәзік келеді, бейнелеп айтсақ, күз­дегі жапырақтай діріл қағып тұрады. Ақын Тоқтар Нұрахметұлының ­өлеңдері де осындай. Оқып оты­рып толғанасың, тебіренесің, кейбір шумақтары шал­қар шабыттың сәйгүлігіне қондыр­ғандай күйге бөлейді. Оның соңғы “Өмір өзегі” деп аталатын туынды­сын парақтап шыққанда да осындай көңіл күйге бөлендім. Балалық шақ, қазақ атын әлемге әйгілеген ал­даспан тұлғалар, ауылға, елге деген сағыныштың иісі аңқыған таңдама­лы өлеңдері жаныңа жылылық сыйлайды. Қазақтың әлімсақтан алтын бесігі болған ауылды сол елде туып, мінезі даладай кең азаматтармен қоян-қолтық араласқан, жасынан шаруашылықтың сырын ұққан адам ғана жаза алады. Тоқтар ағамыздың ақындық ерекшелігі де осы.
Қазақ халқы ежелден қара өлеңді серік еткен ақынын ерекше қадірле­ген ғой. Төрден орын беріп, көңілін табуға тырысқан. Тоқтар Нұрахмет­ұлын көкірегі ояу өлеңсүйер жұрт­шылықпен етене жақындастырған қазақтың қарапайым қара өлеңі. Сол арқылы есімі елге танылды, құр­метке бөленді. Жетпіс жастың биігі­не де сол абыройынан бір мысқал да төмендемей жетіп отыр.
Өлеңге сәбише сеніп, ағынан ақ­тарылған ақынның сағынышы бөлек, мұңы ерек.
Мейірім мен шынайылыққа шө­ліркеп тұрған мына заманда жаның жаситын, жанарың жәуді­рейтін шақ­тар аз кездеспейді. Тоқтар ағамыз оқыған жанның көңіл тебіренісіне дөп түсетін жақсылық, адамгерші­лік, достық, ізгілік жайлы тақырыптар­ды да қалыс қалдырмаған. Оның шығармашылығы осынысымен құнды.

Күлайхан РАХМЕТ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы.

ПОЭЗИЯ ІЗГІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Менің Шал ақын ауданына қарас­ты Бірлік ауылындағы Мәдениет үйі­нің меңгерушісі болып қызмет атқа­рып жатқаныма көп уақыт өте қой­ған жоқ. Негізінен мемлекеттік ме­рекелер мен атаулы күндерге, ауыл өміріне арналған одан да басқа шаралар осы мәдениет ордасының қабырғасында ұйымдастырылады. Сондай жиындардың өз деңгейінде өтуі шығармашылық топтың еңбегі­не, қарым-қабілетіне тікелей байланысты.
Менің түсінігімде, өнер адамы, әнші немесе биші, домбырашы бол­сы­н өз саласының шеңберінде қа­лып қоймай, жан-жақты болуға ұм­ты­луы керек. Әсіресе, сөз өнерін, поэ­зияны түсінулері маңызды. Әріп­тестерімнен де осыны талап етемін. Мәдениет үйінде өткен кез келген шараның қазақтың кестелі тілімен өрнектеліп, ұлттық құндылығымен, салт-дәстүрімен ерекшеленіп тұрға­нын қалаймын. Ол үшін өңірімізден шыққан қаламгерлердің шығарма­ларын жиі пайдаланатынымды да жа­сырмаймын. Жуырда аудан ор­талығындағы кітапханаға бас сұққан едім. Көзіме көркем әдебиеттер қазқатар тізілген сөрелерден ақын Тоқ­тар Зікіриннің бірнеше туындысы ұшырай кетті. Түгел оқып шықтым. Жүрегіме жылы тиді. Әсіресе, туған жер, өскен орта, құрбы-құрдастар ту­ралы жазған шұрайлы шумақтары жанымды баурап алды. Ақынның бір­неше шығармасын концерттік бағ­дарламамызға қолданып, көпші­ліктің ықыласына бөлендік.
Поэзия адамды ізгілікке тәрбие­леп, дүниенің сырын терең түсінуге үндейді ғой. Жаным жабырқап, кө­ңілім құлазыған сәттерде ақындардың туындыларын оқуды әдетке айналдырғанмын. Үйімдегі шағын кітапханамда Тоқтар Зікіриннің туын­дылары тұр.

Оралхан МӘЛІК, Бірлік ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі.
Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp