Облыс орталығында медицина қызметкерлері спартакиадасы аясында жеңіл атлетикадан қалалық турнир өтті. Биыл жарысқа қатысуға 12 мекеменің қызметкерлері ниет білдірген. Олар ұзындыққа секіріп, 60 және 100 метр қашықтыққа жүгірді.
Медицина қызметкерлері арасында спартакиада өткізу дәстүрге айналған. Бұл дода биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Оның басты мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттау.
Қатысушылардың қатарында облыстық аурухананың намысын қорғап келген Елена Нигматулина да бар. Ақ халатты абзал жан мұндай спартакиадаға бұған дейін де қатысыпты. Ал, бұл жолғы жарыста ол 60 метр қашықтыққа жүгіріп, үздік атанды.
Ал, ерлер арасында өнер көрсеткен облыстық физиопульмонологиялық орталықтың мейіргері Константин Евдокимов 100 метр қашықтықта жеңіс тұғырынан көрінді.
Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Жанат Мұхаметғалиевтің айтуынша, бұған дейін үстел теннисі мен тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылған. Әзірге кардиоорталықтың құрама командасы алда келеді. Енді «Жастар» стадионында ерлер арасында шағын футболдан жарыс болмақ.
Жалпы, жарыс бағдарламасына спорттың 6 түрі енгізілген. Бұл – спартакиаданың 3-ші кезеңі. Аталмыш сайыс жылдың соңына дейін жалғасады. Үздіктерге медаль, грамота және бағалы сыйлықтар табысталмақ.