«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПАҒА СЫН КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің кезекті отырысында жол мәселесі сөз болды.
Биыл облыс жолдарын жөндеу жұмыстарына бюджеттен 37 млрд. теңге бөлінді. Алайда, тұрғындар тарапынан бұл іске жауапты мемлекеттік органдардың, мердігер компаниялардың салғырт жұмысына қатысты көңіл толмаушылық бар.

Өңіріміздегі арнайы мониторингтік топтың мүшесі, “The last hope” үкіметтік емес ұйымы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Руслан Асаубаев тексеріс барысында жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты көптеген кемшіліктер анықталғанын айтты. Қоғамдық бақылау картасы бойынша да үнемі мониторинг жүргізіледі.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеевтің айтуынша, жол жөндеу жұмыстарының барысында орын алған кемшіліктер жойылуда. Мердігер компанияларға шағым түсіріп, қажетті құжаттар ұсынылғаннан кейін сапасыз атқарылған жұмыстарды қайта дұрыстапты.
– Былтыр мердігер компаниялардың бірі Жамбыл көшесінің бойына асфальт төсеген. Бірақ кей жерлер дұрыс жөнделмегеннен кейін Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі олардың жұмысын қабылдамады. Зерттеу жүргізу арқылы кемшін тұстар бар екені дәлелденгеннен кейін мердігерлер жұмысты қайта істеуге мәжбүр болды, – деді Қайролла Ғалеев.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындар бюджет қаржысының қайда, қалай жұмсалып жатқанын біліп отыруы керек екенін үнемі айтады. Алайда, көпшілік балалар алаңдарын тұрғызу, асфальт төсеу, жол жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанынан бейхабар.
Шара барысында Ұлттық жол активтері сапасы орталығы облыстық филиалының директоры Марат Дарбаев қазіргі таңда республикалық, халықаралық маңыздағы және жергілікті жолдар бойынша мәліметтер базасы топтастырылып жатқанын айтты. Нәтижесінде жолдардың ұзындығын, кеңдігін және ондағы ақауларды анықтайтын арнайы көлік іске қосылады. “Жолдар және олардың ахуалы жөніндегі мәліметтерді осы базадан алуға болады. Алдағы уақытта қай жерге қандай жөндеу жұмыстары қажет екенін де осылай анықтамақпыз”, – деді ол.
Отырыстың қорытындысы бойынша жобалық кеңсе мамандары тұрғындардың өтініш-тілектерін ескере отырып хаттама әзірлейді. Оны мемлекеттік органдар бақылауға алады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp