“Туған жер, еш нәрсе жоқ сенен ыстық, Себебі, сенде туып, сенен ұштық”, – деп өз сағынышын екі-ақ ауыз өлеңмен шебер жеткізген XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Сәбит Мұқановтың жерлестері аядай ауылдың 90 жылдық торқалы тойын дүркіретіп өткізді.
Әр адамға кіндік қаны тамған жері ыстық. Арқалы ақын да, қаламы қарымды жазушы да “Ауылым – алтын бесігім” деп тебіреніп, тереңнен сыр шертетіні, “Ауылдағының бәрі менің бауырым” деп, айрандай ұйыған құтты мекенін құшағына сыйдырардай мейірленетіні белгілі. Бұл сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қара көздің қарашығындай қадірлі қазыналы мекенге деген сүйіспеншілікті сезіне білу қажет.
Деректерге сүйенсек, Сәбит ауылы бұрынғы Төңкеріс ауданының құрамында 1929 жылы құрылды. 1935 жылдың 9 ақпанында Қостанай облысы Пресногорьков ауданының құрамына берілді. Одан кейін 1938 жылдың 28 шілдесінде қайтадан Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданына қарады.
Түтіні түзу ұшқан ауылдың қалыптасу тарихына үңілсек, құтты мекеннің гүлденуі жолында әр салада еңбек еткен азаматтардың есімдерін атамай кету мүмкін емес. Сәбит ауылының тумасы, белгілі атбегі Мәдениет Иманжановтың айтуынша, бірінші басқарма басшысы Сәбит Мұқановтың немере інісі Шәкен Мұстафин болған, оның көмекшілері – Ілияс Мұстафин мен Қазихан Жұбанов, ал Қапар Кәленов есепшінің жұмысын ұршықтай иірген. Ағарту саласына Қазымбет Бірімжанов көп еңбек сіңірді. Кәлен, Қабдолла және Байділдә Қосшығұловтар темірден түйін түйген алғашқы ұсталар еді.
Ұжымшардың мал шаруашылығында алғашында бар-жоғы 25 бас сиыр, 10 өгіз және 5 жылқы болған екен. Кейін саны көбейді. Сауыншы Кәмила Ерсаринаның еңбегі еленіп, депутат болған. Ұжымшардың дамуына көмек берген Төлеген Тайымов, Қаппас Жақыповтар түн ұйқысын төрт бөліп, ел игілігі үшін аянбай тер төкті. Қайдауыл Бәкі мен Кәсен Дүйсенов ұжымшарда ұзақ жылдар күзетші болып жұмыс істеді. Смағұл Ерсарин және Есенғали Шөкеманов өгізбен жанар-жағармай тасыған. Кәсен Дүйсенов ат-сайман әбзелдерін жасайтын шебер болған.
Ел басына күн туғанда Сәбит ауылының бас көтерер азаматтары майдан даласына аттанды, елін қорғап ерлік көрсетті. Солардың ішінен Шернияз Бакеев, Қажығали Құсайынов, Өзбек Сәдуақасов, Ержан Еменәлин, Сәлік Жүсіповтердің есімі ел есінде сақталды. Отан алдында азаматтық борышын өтеу барысында хат-хабарсыз жоғалғандар аз емес.
Сәбит ауылында бүгінгі таңда 34 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ауылда негізгі мектеп пен Сәбит Мұқанов атындағы мұражай жұмыс істеп тұр. Балалық шақтың бал дәуренін өткізіп, әлі күнге дейін сол тұнық сезімді жүрек түкпірінде сақтаған ұл-қыздары қаншама?! Түзде жүрсе де туған ауылдың жай-күйіне алаңдайтын олар мерейтойға арнайы келіп, ортақ қуанышты бөліссе, Қошан Қали, Ермек Мұстафин, Мария Қызылгөзова және Валентина Масленниковалар салтанатты шараны ұйымдастыруға атсалысып, демеушілік көрсетті.
Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ұмыт қалған дәстүрді жаңғыртқандай болды. Мәре-сәре болып жатқан сәбиттіктерді Жамбыл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев құттықтады.
– Ауылдың тарихын ұмытпай, жаңғырту арқылы өскелең ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие берудің үлгісін көрсеттіңіздер. Осы жерден түлеп ұшқан жастардың басы қосылып, тарихы тереңде жатқан елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігіне қан жүгіргендей болды, – деген Мұратбек Әбішев ауданның дамуына сүбелі үлес қосып, белсенділігімен көзге түскен бірқатар азаматы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Әр ауылдың абыз ақсақалы болады. Олардың өмірге деген өзіндік көзқарасы мен пайымы бар. 83 жасты еңсерген Кәрім Шәріпов – аузы дуалы қарттардың бірі. Ақсақал бүгінгі қуанышты көргеніне дән риза. Кезінде механизатор болып, ауылдың гүлденуі жолында аянбай еңбек еткен ол жиналған қауымға игі тілегін жолдады.
– Ел боламын десек, ауылдың рухани құнарын жоғалтып алмау маңызды. Демек, ауыл – руханияттың алтын ордасы деп бағалануы керек. Таланттысы басшы бола берсін де, талаптысы қосшы бола білуі керек. Сертіне берік намысты ұрпақ ата жолын тек қана жақсылыққа қарай жаңғыртып, тот бастырмай, алтындай таза күйінде сақтап отырса болғаны, – деді ақсақал.
Ақ түйенің қарны жарылған күні спорттық шаралар ұйымдастырылды. Қазақша күреске қатысқан 35-63 килограмм салмақ (бес) дәрежесіндегі 50 жас балуан боз кілем үстінде белдесіп, бабы мен бағын сынады. Сонымен қатар ауыр салмақта 10 адам түйе балуан атағы үшін иық тірестірді. Шашасына шаң жұқтырмаған сәйгүліктерін бәйгеге қосқан атбегілер арасындағы бәсекелестік пен нағыз ерлер ойыны атанған көкпарға қатысқан епті де қайратты жастардың айқасы ұлттық ойынның көрігін қыздырды.
Бәйгеде мәре сызығына бірінші болып Нұрдәулет Иманжанов жетсе, Ұлан Сыздықов пен Мирас Қалиев 2-3-орындарды өзара бөлісті. Көкпар ойынының қорытындысы бойынша бірінші орын Жамбыл ауданы құрамасының қанжығасында кетсе, Сәбит және Благовещенка ауылының командалары 2- 3-орындарды қанағат тұтты.
Ән-күйсіз тойдың сәні бола ма?! Ауданның үздік өнер ұжымдары ауылдың өнерпаздарымен бірлесе тамаша концерттік бағдарлама ұсынды. Еріксіз елітіп, тәттісіз тамсандырып, көңіліңді желпіндіретін ән мен би тойдың көркін ашты. Жексенбі күні Сәбит ауылының жиені, бүгінде елордада тұратын әнші Тоғжан Мұратова жеке концерт берді.
Игілік РАХМЕТОВ.
Жамбыл ауданы, Сәбит ауылы.