Солтүстік Қазақстан облысында 21 мыңнан астам адам салықтық рақымшылыққа ілігіп, олардың қарызының бір бөлігі кешіріледі. Мемлекет басшысының салықтық рақымшылық туралы Жарлығына сәйкес, ел тұрғындарының 2019 жылдың 1 қаңтарына дейінгі салықтары бойынша өсімақылары есептен шығарылады. 13 тамыздан бастап өсімақы сомасын есептен шығару ережелері қолданысқа енгізілді. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, акция жыл соңына дейін жүзеге асады.
Қазіргі уақытта 21 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың 2019 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезең үшін салық берешегі бар. Жалпы берешек – 449,2 млн. теңге. Оның 340,9 млн. теңгесі негізгі қарыз болса, өсім 108,3 млн. теңгені құрайды. Есептен шығаруға жататын өсімпұлдың сомасы да осы 108,3 млн. теңге. Бюджетке берешек жеке тұлғалардың басым бөлігі, яғни 92,8 пайызы көлік салығын уақтылы төлемеген автокөлік иелері. Олардың жалпы қарызы – 416,8 млн. теңге. Алайда, акцияға қатысып, өсімпұлды есептен шығару үшін алдымен негізгі борышты өтеу қажет. Негізгі және жалғыз талап – осы.
Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдары күн сайын жеке тұлғалардың шоттарына мониторинг жүргізуде. Олар негізгі қарызды төлеген жағдайда 3 жұмыс күні ішінде өсімпұлды есептен шығару туралы тиісті шешім қабылданады. Салық төлеушілерге ол үшін ешқайда барудың қажеті жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 1 қаңтарында салық бойынша 1,4 млн. қазақстандық қарыз болған. Берешектің жалпы сомасы 20,9 млрд. теңге. Оның 6,6 млрд. теңгесі – өсімақы. Қарыз туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz сайтында “Салық берешегінің жоқ немесе бар екендігі туралы мәліметтер” бөлімінен білуге болады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.