Білім күні қарсаңында СҚО бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің мамандары М.Жұмабаев ауданындағы Полудино балалар үйінде болып қайтты. Тәрбиеленушілерге мектепке қажетті оқу құралдарын сыйлап, дәмді тағамдар әкелді. Ал балалар қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынды.
Полудино балалар үйі 1965 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінгі күні мұнда 3 пен 18 жас аралығындағы 47 тәрбиеленуші бар. Жылдағы дәстүр бойынша СҚО ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандары балаларға қонаққа келді. Департамент қызметкерлері мұндай қайырымдылық шараларымен 25 жылдан бері айналысып келеді..
«Мүмкіндігінше балаларға мектепке қажетті оқу құралдарын әпереміз. Тұрмыстық техника сатып алулары үшін материалдық көмек көрсетеміз. БЖыл сайын Білім күні қарсаңында өңірдегі балалар үйлерін аралаймыз. Балдырғандардың көңілді жүзін көру біз үшін үлкен бақыт», – дейді СҚО ҰҚКД қызметкері Дулат Кәкімов.
Балалар қонақтарға арнап мерекелік концерт ұйымдастырып, ән мен биден шашу шашты. Балалар үйінің тәрбиеленушілері жазғы демалыс кезінде Петропавлдағы барлық ойын сауық орталықтарында және мәдени демалыс орындарында болып, уақытты көңілді өткізіпті.
Сонымен қатар, бұл күні департамент мамандары балалармен шағын-футболдан жолдастық матч ұйымдастырды. Ойынан соң барлығы ашық аспан астында тәтті-дәмділерден дәм татты.