«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАНА АЛУДЫҢ ОҢТАЙЛЫ ЖОЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары елімізде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі оң шешімін табуда. Мысалы, 2017 жылы республика бойынша рекордты 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” атты халыққа Үндеуін жариялап, әр отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндігін ұсынған болатын.

“Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның ше­шімін тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қол­жетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүм­кіндігі аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсы­натын тетіктер қажет. Сондықтан “7-20-25” бағдарламасын ұсы­намын”, – деді Елбасы. Осылайша, Ұлттық банктің еншілес кәсіпорны – “Баспана” ипотекалық ұйымы” акционерлік қоғамы бағдарламаның операторы болып бекітілді. Нәтижесінде бүгіндері қазақстандықтар несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 па­йыз­ды құрайтын, бастапқы жарна баспана құнының 20 пайызынан аспайтын, несиені 25 жылға дейін алуға мүмкіндік беретін бағдарламаның игілігін көруде.
Оператор облигацияларды шығару және орналастыру есебінен қаржыландырудың нарықтық тетіктерін пайдалана отырып, Қазақстан қор биржасына (KASE) кемінде 1 трлн. теңге түсіреді. Ол қаражатты бағдарламаның талаптары бойынша қатысушы банктер берген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын сатып алуға бағыттайды.
Бағдарламаның талаптарын түсіндіру үшін Ұлттық банктің “Online” мобильдік қосымшасында өткен жылғы 19 маусымнан бастап “7-20-25” бөлімі іске қосылды, онда бағдарламаға қатысты сұрақтарға жедел жауап алуға болады. Қазір бағдарламаны жүзеге асыру тетіктерін одан әрі жетілдіру қарастырылуда. Мәселен, биыл мамыр айында қарыз алушыларға бастапқы жарнаны баспана бағасының 20 пайызынан асатын сомада төлеу құқығы берілді. Бұл ай сайынғы төлем көлемін азай­туға және табысы аз азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. “Баспана” ұйымының дерегінше, бағдарлама Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында белсенді жүзеге асырылуда. Мәселен, бағ­дарлама бойынша берілген не­сие­лердің 51 пайызы – алматы­лық­тар мен елордалықтардың үлесінде.
Құрылыс саласына тың серпін беріп, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатын көздеген бағдарлама бойынша өңірімізде биыл 853 пәтер пайдалануға берілмек. Бүгінге дейін 640 солтүстікқазақстандық аталмыш бағдарламаға қатысуға ниет танытты. 428 азаматтың өтініші мақұлданып, 2,9 млрд. теңгенің пәтері сатылды. Қазіргі таңда бағдарлама аясында облыс орталығындағы “Жас өркен” шағынауданында 332, 324 және 64 пәтерлі тұрғын үйлер тұрғызылуда. Оның алғашқысын Петропавл қаласының әкімдігі, екіншісін “Стройкомпания”, “Основание”, “Альфа-Север”, “Зерттеу СК”, “Ash Stroi” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері салуда. Ал 64 пәтерлі үйдің құрылысын “Стройкомпания” ЖШС-і жүргізуде. Осылайша, жыл соңына дейін бұл шағынауданда 720 пәтер өз иесін табады деп жоспарланған. Ал Жуков көшесі бойындағы 79 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына қалалық әкімдік жауапты болса, Жәлел Қизатов көшесіндегі 18 пәтерлі тұрғын үйді “Основание” ЖШС-і тұрғызуда. Сонымен қатар қазір “Future KAZ” ЖШС-і “Орман” шағынауданында 36 пәтерлі баспана салуда. Одан бөлек, “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 108 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Олар да “7-20-25” бағдарламасына қатысушыларға берілетін болады. Пәтердің 1 шаршы метрі 200 мың теңгені құрайды.
Жалпы, бағдарламаға өңірдегі екінші деңгейлі сегіз банк қатысуда. Үміткерлерге қойылатын ортақ талап – басында баспанасы мен ипотекалық несиелері болмауы тиіс. Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау мен Шымкент қалаларында үйдің бағасы 25 ­миллион, өзге өңірлерде 15 миллион теңгеден аспауы керек. Баспаналы болғысы келген тұрғындар “Банк ЦентрКредит”, “Қазақстан Халық банкі”, “Jýsаn банкі”, “АТФ банкі”, “Fortebank”, “Ресей Жинақ банкі”, “Еуразиялық банк” және “RBK банкі” акционерлік қоғамдарына жүгіне алады. Бағдарламаның талаптарына сәйкес қатысушы банктердің қарыздар беру және қызмет көрсету үшін қарыз алушылардан комиссиялық төлем ұстап қалуға құқығы жоқ.
Бағдарламаны жүзеге асыру мыңдаған қазақстандыққа көп­тен күткен баспанасын са­тып алу мүмкіндігін бе­ріп, тұтастай алғанда ел эко­но­микасының дамуына оң әсер етуде.

Ботагөз АҚПАМБАЕВА,
Қазақстан Ұлттық банкі Солтүстік Қазақстан филиалы директорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp