Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы медициналық мекемелерде болып, емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасымен танысты.
Қазір облысымызда медицина саласының дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығын жою, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылуда. Оған дәлел ретінде облыс орталығындағы бірқатар емдеу мекемесі заманауи құралдармен толығуда. Мәселен, жақында облыстық онкологиялық диспансер заманауи маммографиялық аппаратқа қол жеткізді. Сандық жүйедегі құралмен танысқан өңір басшысына диспансер мамандары сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуда бұл аппараттың мүмкіншілігі зор екенін айтты. Финляндиядан жеткізілген аппарат шілде айында іске қосылған.
– Бұл сандық маммография сүт безін терең зерттеп, қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Тіпті, ол сүт безі тармақтарында жаңадан пайда болған ісік өскінін дәл таба алады. Ал ультрадыбыстық зерттеуде оны көру мүмкін емес. Сондықтан бұл құрылғы теңдессіз. Нөлдік сатыда анықталған ісікті емдеу тиімді. Терең диагностикалаудан өткізетін сандық жүйенің сәулелік жүктемесі де аз, – дей келе емдеу мекемесінің бөлімше меңгерушісі Ольга Пукса скринингтік тексеру барысында 32 әйелде сүт безі қатерлі ісігі анықталғанын жеткізді. Ал облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Олег Дудяктің айтуынша, қауіпті дерттің аталмыш түрі алдыңғы қатарда. Жалпы, биыл облыс бойынша 975 адамда қауіпті дерт анықталса, 113 әйелде сүт безі ісігі пайда болған. Бүгінде аталмыш дертпен 2025 әйел тіркеуде тұр.
– Биыл денсаулық сақтау саласына 4 миллиард теңге бөлінді. Өткен жылдармен салыстырғанда бұл үш есе көп. Қыркүйек айында кешенді аурухананың темірқазығы қағылады. Бұл – ауқымды жоба, – деді Құмар Ақсақалов. Одан кейін өңір басшысы облыстық ауруханаға ат басын бұрды. Бұл емдеу мекемесіне де жақында заманауи компьютерлік томограф сатып алынған болатын. Бірер күн бұрын ғана орнатылған жаңа кешеннің құны – 347 миллион теңге. Соның 250 миллион теңгесі облыстық бюджеттен бөлінгенін атап өткен жөн.
Облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног келесі аптадан бастап кешен жаңа қуатында іске қосылатынын айтты. Бұл құрылғының көмегімен эндоскопиялық зерттеу жүргізіп, кейбір ота түрлерін жасауға да болады екен. Аз уақыттың ішінде көп жұмысты тыңдыруға болатынын жеткізген облыстық аурухананың дәрігері Иван Лейман заманауи үлгідегі аппаратта бір мезгілде үш дәрігер зерттеу жүргізе алатынын тілге тиек етті. АҚШ-тан жеткізілген жаңа құрал сапалы диагностикалық зерттеу қорытындысын қашықтықта әлемнің кез келген түкпіріне жолдай алады. Бұрынғы компьютерлік томографтың қуаты бұған қарағанда әлдеқайда төмен. Десе де жұмыс барысында оны пайдалануға болады. Ескі құрылғы қазір Тайынша көпбейінді аудандық ауруханасында жұмыс істеуде. Оған Айыртау, Ақжар Уәлиханов сияқты шалғай аудан тұрғындары көмекке жүгіне алады.
–Тұрғындарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету – алда тұрған басым бағыттардың бірі. Көп мәселе қаржыға байланысты. Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық құралдармен жадбықтау үшін биыл бұл салаға ауқымды қаржы бөлдік. Бүгінгі таңда компьютерлік томограф, сандық маммограф сатып алдық. Жыл соңына дейін заманауи МРТ аппаратын сатып алу көзделуде. Сонымен қатар, ангиограф пен тағы басқа құралдарға қол жеткізетін боламыз. Аудандық, облыстық ұйымдарды медициналық көліктермен қамтамасыз етуге де басымдық берілуде, – дей келе Құмар Іргебайұлы жақын арада өңірге 170 дәрігер келетінін, соның тең жартысы ауылда жұмыс істейтінін жеткізді. Өңір басшысы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша ауылда жұмыс істеуге құлшыныс білдірген медициналық кадрларға бір жарым миллион теңге көтермеақы тағайындалғанын айтты. Қалада жұмыс істейтін жас мамандарға тұрғын үй сертификаттары беріліп, жаңа үйлерде 47 пәтер дайын тұрғанын хабарлады. Әр дәрігер үшін 500 мың теңге көтермеақы қарастырылған. Мұндай кешенді шаралар тұрғындарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне жан-жақты тоқталған өңір басшысы емдеу мекемелерін жаңа құралдармен жабдықтау алда тұрған ауқымды міндет екенін атап өтті.