Спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернаттың қабырғасы 1997 жылы қаланған болатын. Содан бері бұл білім ошағында талай өреннің қанаты қатайып, үлкен спортқа жолдама алды. Жуырда интернатқа олимпиадалық резервтегі колледж дәрежесі берілді. 1 қыркүйектен жұмысын бастайтын колледж өңіріміздегі спортқа құмар өрендерден жаттықтырушылар даярлап шығаруды көздеп отыр.
Мектеп-интернат-колледждің мақсаты – әрбір оқушының қабілетін шыңдап, белгілі бір спорт түрімен шұғылдануы үшін қолайлы жағдай жасау. Бүгінгі таңда мекемеде 250 бала білім нәрімен сусындап, еркін, грек-рим және әйелдер күресі, бокс, велоспорт, коньки тебу, шаңғы жарысы, волейбол, жеңіл атлетика, дзюдо, көркем гимнастика, таеквондо, ауыр атлетика сияқты спорт түрлерімен шұғылданады. Өрендерді облыстың үздік оқытушы-жаттықтырушылары баптайды. Мысалы, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушылары – Виктор Потапов пен Сералы Құсайынов оқушыларды велоспорт пен грек-рим күресі бойынша жаттықтыруда. Білікті мамандар бұдан бөлек шалғай ауылдарға барып, болашағынан үміт күттіретін балаларды оқуға тартып, бай тәжірибелерімен бөлісуді дәстүрге айналдырған. Осындай ұмтылыстың нәтижесі болар, мектеп-интернат ашылғалы 100-ден артық спорт шебері мен 20-дан астам халықаралық дәрежедегі спорт шеберін даярлап шығарды.
Білім ошағының абыройы оқушылардың қол жеткізген жетістіктеріне байланысты екені анық. Өткен оқу жылында тәрбиеленушілеріміз ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Дарья Алпеева, Алина Колиушко, Александр Шпехт, Жанәли Тұяқов, Ислам Евлоев, Денис Пилипенко, Аслан Қожаберген, Инесса Шумекова жеңіл және ауыр атлетикадан, грек-рим күресінен, конькимен сырғанаудан өткен ел біріншіліктерінде чемпион атанды. Ал Бекарыс Тәжітай Түркияда еркін күрестен өткен “Виктория” халықаралық турнирінде қола жүлдені еншілеп қайтты.
Мектеп-интернатты спорт саңлақтарының ұстаханасы десек, артық айтқандығымыз болмас. Өйткені, түлектеріміз халықаралық сайыстарда облыс және ел намысын абыроймен қорғап, спорт шебері атануда. Мәселен, әр жылдары грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали мен Станислав Рыльский әлем біріншілігінің қола жүлдесін иеленді. Данияр Кәленов пен Евгений Горбузняк сары құрлық додасында үздік нәтиже көрсеткен болатын. Азия біріншілігінде еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов пен Еркебұлан Боранғалиев топ жарса, Сұлтан Бейісов қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, бұл додада әйелдер күресінен Джулия Саттымбекова мен Екатерина Фирстова үздік үштікті түйіндегені белгілі. Бұдан бөлек, Екатерина “Дети Азии” халықаралық турнирінде алтыннан алқа тағынған еді.
Велоспорттан Азия біріншілігінің чемпионы, Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы Алексей Луценко да біздің түлегіміз. Велошабандоз қыздарымыз да жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Наталья Стефанская Азия біріншілігінің чемпионы болса, Махаббат Үмітжанова – күміс, Алина Саркулова – қола медаль иегерлері. Дзюдодан әлем чемпионы, бірнеше дүркін Азия біріншілігінің жеңімпазы, Еуропа кубогының қола жүлдегері Назгүл Маратованың асығы алшысынан түсіп жүргені де қуантады.
Білім ошағында оқу үдерісін сапалы жүргізу үшін барлық жағдай жасалуда. Егер шәкірттеріміз оқу-жаттығу жиындарында немесе жарыстарда болса, қосымша сабақтарға қатысып, білімдерін жетілдіреді. Кейін соған сай баға қойылады. Осы және басқа да жетістіктеріміз білім ошағы қабілетті жас спортшыларды шыңдап отырғанын айғақтай алады деп сеніммен айта аламын.
Биылдан бастап колледж ашылып, студенттер 2 жыл 10 ай оқып, спорт жаттықтырушысы-оқытушы мамандығын меңгеріп шығады. Осыған дейін өңір өрендері бұл мамандықты алу үшін көбіне Ресейге барып оқитын. Не болмаса интернатта алған білімін жалғастырмай, басқа салада жұмыс істейтін. Енді шекара асудың қажеті жоқ. Колледж түлектері облыс орталығындағы үйірмелерге жұмысқа орналасып, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында елді мекендерде де еңбек ету мүмкіндігіне ие болды.
2019-2020 оқу жылына 40 грант бөлінді. Оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Шәкірттерге спорттың жілігін шағып, майын ішкен мамандар сабақ беріп, жаттықтырады. Жалпы, мектеп-интернат-колледж ел құрамасына мүшелікке спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын даярлау, спорттық санаттарын өсіру, материалдық-техникалық базаны нығайту сияқты міндеттерге баса мән беретін болады.
Бақыт АРЫҚБАЕВ,
облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры.