«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРМЕЙТІН КӨЛІККЕ ЖАНАРМАЙ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын ауданының Аютас және Юбилейный ауылдық округтерінің әкімдері Руслан Кәрiмов пен Серiк Балахметов өткен жылдың желтоқсан айында елді мекен жолдарын қардан тазарту бойынша жеке кәсіпкермен келісімге отырып, сол күні жұмыстың орындалғаны жөнінде актіге қол қойып, тиісті қаржыны аударған. Ақшаны қалтасына басқан кәсіпкер міндетін ұмытып, жолды қардан тазаламақ түгіл, төбе көрсетпепті. Кеңес мүшелері ақылдаса келе, бұған дейін теріс қылықтары байқалмаған әрі келтірілген шығынды өз қалталарынан қайтарған әкімдерді қызметіне сай емес деп тапты.

Ал Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің басшысы Саят Омаров жұмыстан тыс уақытта жеке көлігін мас күйде басқарған. Сотта оның кінәсі дәлелденіп, үш жылға жүргізуші куәлігінен айырылыпты. Тәртіптік іс оның қатысуынсыз қаралды. Әдеп кеңесінің төрайымы Елена Степаненко оны “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңды бұзғаны үшін жұмыстан шығару қажеттігін айтты. Кеңес мүшелерінің дені бұл ұсынысты қолдап, Саят Омаровты жұмыстан шығару қажет деп шешті.
Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің басшысы Балтабек Жетпісовтің үстінен қаралған тәртіптік іс сыбайлас жемқорлық әрекетіне қатысты болды. Ұсынылған материалға сүйенсек, департамент басшысы өткен жылдың қараша айынан бастап “Нива” маркалы қызметтік көлікке апта сайын “АИ-92” жанармайын сатып алып отырған. Алайда, “темір тұлпар” өткен жылдың қазан айынан бері ақауларына байланысты пайдаланылмапты. Тексеріс кезінде Балтабек Жетпісовке былтырғы жылдың қараша айынан үстіміздегі жылдың маусымына дейін 910 литр жанармай берілгені анықталған. Келтірілген шығын көлемі – 140 мың теңгені құрап, Балтабек Жетпісов бұл соманы толық қайтарыпты. Кеңес мүшелері департамент басшысының әрекетінде “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңды және Әдеп кодексін бұзу белгілері бар екенін айтып, оны жұмысынан босату туралы ұсыныс жасайтын болды.
Әдеп кеңесінің кезекті отырысында облыстағы мемлекеттік органдардың “Е-қызмет” қызметкерлерді басқару ақпараттық жүйесі бойынша атқарған жұмысы, өткен жарты жылдағы кадр тұрақсыздығы сөз болды. Әлі күнге дейін бірқатар мемлекеттік органдар “Е-қызмет” қызметкерлерді басқару ақпараттық жүйесі бойынша жұмыс істеуге ниет танытпайтын көрінеді. Ал қаржы, денсаулық сақтау, индустриялық-инновациялық даму, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау, лицензиялау, ауыл шаруашылығы басқармаларында кадр тұрақтамайды. Сонымен қатар Ғабит Мүсірепов атындағы және Уәлиханов аудандары, Петропавл қаласы әкімінің аппаратында, Тайынша ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнде, Мағжан Жұмабаев ауданының білім бөлімінде мамандар жиі ауысады. Мемлекеттік қызметшілер арасында сауалнама жүргізген кезде олардың жұмыстан кетуіне еңбекақының төмендігі, жұмыс жүктемесінің көптігі себеп болып отырғаны анықталыпты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp