ЖАТТЫҒУҒА КІРІСТІ
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) кезекті жекпе-жегіне дайындығын бастады. Бұл туралы отандасымыз “Instagram” әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды.
Қазақстандық боксшы жеке жаттықтырушысы Джонатан Бэнкстің жетекшілігімен Калифорниядағы “Big Bear Lake” лагерінде жаттығу өткізді. Оған Геннадиймен бірге, тағы бір қазақстандық боксшы Әли Ахмедов (15-0, 11 КО) те қатысты.
Отандасымыз үстіміздегі жылдың 5-ші қазан күні АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы “Madison Square Garden” аренасында украиналық Сергей Деревянченкомен (13-1, 10 КО) қолғап түйістіреді.
ТАҒЫ ТОП ЖАРДЫ
Солтүстікқазақстандық велошабандоз, “Astana Pro Team” кәсіпқой велокомандасының мүшесі Алексей Луценко тағы да жеңімпаз атанды.
“Норвегияның Арктикалық жарысы” велокөпкүндігінің соңғы жарыс күнінде спортшылар Лединген мен Нарвик қалаларын жалғаған 165,5 шақырым қашықтықты жүріп өтті. “Uno-X Norwegian Development Team” командасының өкілі Маркус Хелгаард бұл кезеңде мәре сызығын бірінші болып кесті. “Джумбо-Висма” командасының мүшесі Амунд Грендаль Янсен екінші орынға ие болса, үздік үштікті Алексей Луценко түйіндеді.
Төрт кезеңді 14 сағат, 59 минут және 27 секундта жүріп өткен Алексей Луценко велокөпкүндіктің жалпы есебінде көш бастаған “Team Arkea Samsic” клубының өкілі Варран Баргиді басып озды.