Полицейлер облыс орталығының 29 жастағы тұрғыны Геннадий Морозовты белсенді азаматтық көзқарасы және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапаттады. Ол өзі тұратын жатақхананың кіреберісіне екі жыл бұрын өз қаражатына бейнекамералар орнатыпты. Ал жуырда оның камераларындағы бейнежазба ауыр қылмысты ашуға көмектесті.
Тамыздың 11-не қараған түні “102″ пультіне денсаулыққа зиян келтіру фактісі туралы хабарлама келіп түсті. Қосылып ащы судан сімірген үш ер адамның арасында туындаған жанжал нәтижесінде олардың бірі пәтердің 35 жастағы тұрғынына пышақ ала жүгірген. Онымен қоймай жәбірленушінің “Samsung” маркалы теледидарын алып кеткен. Оқиғаның мән-жайын анықтау кезінде пәтер орналасқан қабатқа және кіреберіске қойылған бейнекамералардағы жазбалар тәртіп сақшыларына зор көмек болды. Петропавл қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ол облыс орталығының бұрын сотталған 1984 жылы туған тұрғыны болып шықты.
Аталған факті Қылмыстық Кодекстің 192-бабының 2-бөлігі “Қарақшылық” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты күзетпен қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Ал жәбірленушінің жағдайы жақсы, ем қабылдап жүр.