«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Оқушылар сарайында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өңір ұстаздарының дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. 400-ге жуық жергілікті педагогтің басын қосқан шарада білім саласындағы негізгі бағыт-бағдар айқындалып, алдағы жоспар сараланды.

Алдымен облыстық әкімдік пен Алматы менеджмент университетінің арасында меморандумға қол қойылды. Оған сәйкес тараптар “Білім берудегі менеджмент” жазғы мектебін қолға алып, оның аясында өздерінің білім беру жүйесіне алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибені енгізіп, бірлесіп жұмыс істемек.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз кеңесінде ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздарға үлкен үміт артылатынын атап өтті. Сондықтан педагогтар үнемі ізденісте болып, өзін-өзі жетілдірумен айналысып, кәсіби шеберлігін арттырудың түрлі мүмкіндіктерін пайдалануы тиіс. Алматы менеджмент университеті бүгінде әлемге танымал, қазақстандық және халықаралық деңгейде аккредитацияланған санаулы жекеменшік жоғары оқу орындарының қатарында. Бұл меморандум облыстағы білім саласын дамытуға тың серпін береді деген сенімдемін, – деді Құмар Іргебайұлы.
Алматы менеджмент университеті 2009 жылдан бері Айыртау ауданының педагогтерін оқытумен айналысады. Жоғары оқу орнында бүгінге дейін 360-тан астам ұстаз біліктілігін арттырды. Осыдан бір ай бұрын университет жергілікті білім беру мекемелері басшыларының қатысуымен жазғы мектеп жұмысын ұйымдастырып, заманауи талаптарға сәйкес педагогикалық ұжымды басқарудың жаңа әдіс-тәсілдерінен хабардар еткен еді.

Тамыз кеңесінде сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова былтырғы жетістіктерге шолу жасап, жаңа оқу жылында тұрған міндеттер жайлы баяндады.

– Облыста білім алушылардың үлгерімін және оқу сапасын арттыруға, дарынды және қабілетті балаларды қолдауға жағдай жасауға бағытталған “Білім сараптамасы” және “Зияткер” жобалары қолға алынды. Нәтижесінде солтүстікқазақстандық құрама екінші жыл қатарынан “Үздік олимпиадалық команда” атанды. Жергілікті оқушылар халықаралық және республикалық олимпиадаларда 63 рет жеңімпаз атанса, 10 мыңға жуық өрен зияткерлік сайыстарға қатысып, үздіктердің қатарынан көрінді. Жеті білім ордасы “Республиканың жүз үздік мектебі” рейтингіне енгенін де айта кеткен жөн. Олардың қатарында “Білім-инновация”, “ЛОРД” лицейлері, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты бар, – деді Гүлмира Райынбекқызы.

Толығырақ газетіміздің ертеңгі санынан оқи аласыздар.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp