Облыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жер қатынастары және ауыл шаруашылығы жемқорлық оқиғалары ең көп тіркелген салалар қатарында. Бұл туралы алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың ХХХVI сессиясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің бастығы Ернар Баянғазин мәлімдеді. Сессия жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес және осы саладағы заңнаманың орындалуы жөнінде депутаттар алдында баяндама жасаған Ернар Ерболұлының сөзіне сенсек, бүгінде көз қысты, бармақ бастылықтың салдарынан гөрі, оған жол ашатын себептерін анықтап, жоюға баса мән беріліп отыр. “Қызылжар – адалдық алаңы” жобасы – соның бір көрінісі. Негізгі мақсат – қоғамда жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа деген нөлдік төзімділік қалыптастыру. Арнайы мониторингтік топ құрылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатың жүзеге асырылуын қадағалауда. Көбінесе, азаматтық қоғам институттарымен, бизнес саласы, ғылым және білім өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан топтың төрт отырысы өтіп, он сегіз маңызды мәселе қаралған.
Жемқорлықтың алдын алу шаралары қарқынды жүргізіліп жатқанына қарамастан ала жіпті аттаушылар айылдарын тартар емес. Жыл басынан бері 105 қылмыс әшкереленген. Соның 86-сы немесе 82 пайызы – сыбайлас жемқорлық фактілері. Қылмыстардың ең көп тараған түрі – пара алу (39), пара беру (30), өзгенің мүлкін жымқыру және алаяқтық (28).
Департамент бастығының сөзінше, бүгінге дейін 23 парақор сот алдында тиісті жазаларын алыпты. Өкініштісі, жемқорлардың екеуі ғана бас бостандығынан айырылған, ал қалғандары ұрлағандарын еселеп қайтару арқылы темір тордан аман қалған. Мемлекетке келтірілген 75,7 миллион теңге шығынның 72,2 миллионы қайтарылғанын да айта кеткен жөн.
Депутаттар назарына қай салалар жемқорлыққа белшесінен батқаны да жеткізілді. Көш басында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тұр. Барлық қылмыстың 13-і осы салаға тиесілі. Жер берушілер жеті рет жаза басса, миллиардтап субсидия үлестіретін ауыл шаруашылығы саласындағылар бес мәрте тура жолдан тайған екен.
Бұл қоғамдық дертті асқындырмаудың бір тәсілі ретінде мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру көп айтылып жүр. Алайда депутаттар алдында баяндама жасаған мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмабаевтың сөзінше, шалғайда жатқан ауылдарда интернет жылдамдығының төмендігі немесе кей жерлерде мүлдем жоқтығы – электронды құжат алмасу үрдісіне тежеу. Мысалы, бүгінде облыстағы ауылдық округтердің бірде-бірінде тиісті ақпараттық жүйе жоқ. Ал Аққайың ауданындағы 25 медициналық мекеменің тек 12-сі ғана ғаламдық желіге қосылған.
Облыстық мәслихат депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Екатерина Старостинаның сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізер орасан зияны туралы сөздерін тыңдағаннан кейін халық қалаулылары бұл келеңсіздікпен күреске екпін беріп, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы мен 2018-2020 жылдарға арналған Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жоспарының орындалу барысын үнемі бақылап отыру туралы шешім қабылдады.
Сессия отырысында облыстық мәслихаттың депуттатық өкілеттік, азаматтар құқығы және заңдылықтар, қоғамдық ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Райхан Әбдірахманованың есебі тыңдалып, облыстың 2019-2021 жылдарға арналған үшжылдық бюджетіне өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, халық қалаулылары әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалы кестесіне Кішкенекөл-Петропавл бағытындағы автобус қатынасын қосуды ұйғарып, бір ауыздан дауыс берді.
Сурет https://pkzsk.info сайтынан алынды.