«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕГІНЕН ЖЫР ТӨГІЛГЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қасиетті Қызылжар топырағында түлеп ұшып, қарымды қаламымен, ұшқыр ойымен әдебиет аламанына қосылған қаламгерлер шоғырында белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тоқтар Зікіриннің де есімі жылы ілтипатпен аталады. С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада ақынның 70 жасқа толуына орай “Жүрегінен жыр төгілген” атты оқырмандармен кездесу кешінде оның өмір жолы, шығармашылығы кеңінен әңгіме болды.

Шал ақын ауданының шалғайындағы шағын ғана Балуан ауылында дүниеге келген ақынның поэзия ауылына кештеу қадам басқанынан көкірегі ояу оқырман хабардар шығар. Қарағанды кооперативтік институтында экономист мамандығы бойынша білім алып, еңбек әліппесін осы салада бастаған ақынның жүрегі өлеңге бұрып тұрды. Ақыры көңіл көкжиегінен сығалаған сыршыл сөз өнері жүректің төріне озды. Міне, содан бастап Тоқтар Зікірин қаламын қолынан бір тастамай келеді. Есімі елімізге белгілі жазушы-журналист, “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов қаламгердің өмірдерегін жиналған қауымға таныстырып өтті.
“Ақынын қадірлеген ел бақытты” дегендей, әдеби шара ә дегеннен мерейтой иесіне ізгі тілектер айтудан, қошемет көрсетуден басталды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев 
өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын оқып, облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.  Ақынның туған жері – Шал ақын ауданының әкімі Нұрлан Есімовтің құттықтауын оның орынбасары Бағдат Шәкенов оқып берді.

Тоқтар Зікірин өзінің сыршыл, таңғы шықтай мөлдір өлеңдерімен, дастан-толғауларымен қазақ әдебиетінің, соның ішінде дәстүрлі поэзияның дамуына бір кісідей үлес қосып келеді. Оның “әр жүрекпен тіл табысар” шығармаларын оқыған адам сыршыл сезімнің тұңғиығына батып, нәзік мұң мен азаматтық ой біте қайнасқан ізгілікке біртабан жақындай түседі. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хатында да Тоқтар ағамыздың шығармашылығындағы қанық бояу көрініс тапқан.

Қаламгердің ата-анаға, өскен ортаға, алтын бесік – ауылға деген құрмет, сағыныш жайындағы өлеңдері тебірентпей қоймайды. Оның “Аналар-ай, асылдарым, ардағым”, “Ауылды аңсау” өлеңдерін облыстық ақындар орталығының шәкірттері Алмагүл Тастанова мен Аяған Дияс нақышына келтіріп оқып берді.
Тоқтар ақынның өлеңдері жеңіл жазылғандықтан әнге сұранып тұрады. Бұл күні ағамыздың “Егінді елім” өлеңіне сазгер Дәстен Баймұқановтың жазған әні тұңғыш рет орындалды. Дәстүрлі әнші Ғалымжан Нұрпейісов шырқаған әннің алдағы уақытта үлкен сахналарда айтылатыны анық. Сондай – ақ, Тоқтар Нұрахметұлының жуырда жарық көрген “Өмір өзегі” кітабының тұсауы кесіліп, облысымыздың құрметті азаматы Болат Сағындықов, ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай бастаған зиялы қауым өкілдері ақжарма тілектерін айтып жатты.
Өлеңсүйер қауымға “Көңіл көкжиектері”, “Тіршілік тынысы” сияқты бірнеше жыр жинағын ұсынған ақынның мерейтойына арналған шара осымен тамамдалмақ емес.
“Үміт жібі үзіліп, кесілді ақыр,
Бірте бірте шамдары өшіп жатыр.
Қимаса да туған жер топырағын,
Ауылдастар амалсыз көшіп жатыр.

Кезінде ғой, ауылым, керім едің,
Болатұғын суың – бал, жерің – егін.
Кіндік кескен жерімнің күйін көріп,
Іштей жылап боздаймын, егілемін”, – деп жан жарасын өлеңімен таңған ақынның шығармашылық кештері әлі бұдан да ауқымды деңгейде өтетініне шүбәсіз сенеміз.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp