Интернет-алаяқтар аңқау тұрғындарды тұзағына түсірудің жаңа амалын ойлап тауыпты. Бұрын қылмыстардың басым бөлігінде алаяқтар тауарлар мен қызметтер туралы жалған хабарландырулар орналастырып, олар үшін алдын ала төлем сұраса, қазір олар жұртшылықтың маусымдық қажеттіліктерін пайда көзіне айналдырыпты.
Мәселен, жарнамалық хабарландырулар сайтында Бурабай шипажайында демалу үшін үйді брондау туралы хабарландыру жарияланып, онда клиенттерге 15 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасау қажет екені айтылған. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны хабарландыруда көрсетілген Qiwi-әмиянға ақша жіберген. Өзінің алданғанын тек “фирмаға” қоңырау шалып, көрсетілген мекенжайға баратын бағытты нақтыламақ болғанда ғана түсінген. Сан соғып қалған әйел полицияға хабарласып, тексеру жұмыстары алаяқтың Петропавл қаласында екенін нақтылады. Облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында облыс орталығының 41 жастағы тұрғынын құрықтады. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
– Интернетте автобөлшектер, тұрмыстық техника, баспана да сатылуы мүмкін. Алаяқтар кей кездері психологиялық әдістерді қолданады. Мерзімі аяқталуға жақын акциялар туралы айтып, клиентті тез арада шешім қабылдауға мәжбүрлейді. Алдағы уақытта облыста интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болуы мүмкін. Бұл еліміздің басқа өңірлерінде қолданыла бастады. Қаскөй әлеуметтік желілерде медициналық көмекке зәру, шұғыл отаны қажет ететін азаматтар туралы хабарландыруларды іздейді. Науқастың жақындарына хабарласып, дәрігерлермен тіл табыса алатынын, ота жасауды ұйымдастыруға көмектесуге дайын екенін айтады. Кейін емдеу курсын ұйымдастыру үшін дәрігерлермен сөйлескенін айтып, медициналық ем-дом шараларын төлеу үшін қажетті соманың бір бөлігін жіберуді сұрайды. Ақша қолына тиген соң, байланысқа шығуды қояды, – дейді облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Марат Жұмалиев.
Тәртіп сақшылары жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 30 фактісін ашты.
Сурет https://patrul.kz сайтынан алынды.