Адам бойындағы ерекше қасиеттердің бірі – өнер. Оны үнемі жетілдіріп, туған елдің игілігіне жұмсау асқан талғампаздықты, ізденімпаздық пен еңбекті қажет етеді. Осындай қасиеттерді өн бойына тоғыстырған Самат Нықышевті қалайша мақтан етпеске?
Бала күнінен халқымыздың ұлттық аспабы домбыраны жанына серік еткен ол – Тайынша ауданының тумасы. Аудан орталығында білім алып, халқымыздың асыл қасиетін бойына сіңірген азаматтың өмір жолы өнермен өрілді. Терең толғанысқа толы домбыраның әуезді үнінде тылсым сыр барын ол музыка мектебінде оқып жүргенде-ақ ұғынған. Өнер айдынына оны ұстазы Марат Қасымов жетеледі.
Тәлімгерінің берген тәрбиесі өнерпаздың арман асқарына ұмтылып, мақсатына біртабан жақындай түсуіне ықпал етті. Елордадағы Қазақ ұлттық музыка академиясында білім көкжиегін кеңейтті. Оқи жүріп, талай байқауларға қатысты. “Жас орындаушылар”, “Асыл мұра”, Құрманғазы атындағы республикалық, халықаралық байқауларда тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп, абырой биігінен көрінген кездері аз болған жоқ. Домбырашының белгілі композитор Ермұрат Үсеновтің “Елорда” ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, “Шабыт” шығармашыл жастар фестивалінің жеңімпазы атануы – айтулы жетістік. Осыдан кейін Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс, күйші Секен Тұрысбеков сияқты ұстаздардан тәлім алып, қияға қанатын қомдаған бала қырандай ұлы өнер айдынына шындап құлаш ұрды.
Кейін белгілі продюсер Қыдырәлі Болмановпен бірге талай елдерді аралап, халқымыздың өнері мен мәдениетін таныстыруға өзінің үлесін қосты. Қоғам қайраткері, композитор Төлеген Мұхамеджановтың “Әуен” дыбыс жазу студиясында да еңбек еткенін тілге тиек еткен жөн. Алайда, үйдің кенжесі қарашаңыраққа оралып, туған жерінде өнердің дамуына өзінің үлесін қосуды жөн көрді.
– Анам Бибіжамал 1980 жылдары қазақ ұлттық аспаптар ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, концерттерге қатысты. Әкем Тоқсанбай көркем әдебиет оқығанды жақсы көреді. Жалпы, екеуі де руханиятқа жақын, – дейді Самат Нықышев. Өнер жолы ауыр жол екенін айтып, бұл саланы таңдаған адамның бойында талант, еңбексүйгіш қасиет пен ерік-жігер болуы қажет дейді. Қазір ол аудандық Мәдениет үйі директорының міндетін атқарып отыр.
Өнер ошағында тоғыз шығармашылық ұжым бар. Бүгінде өнерлі жігіт халықтық атағы бар үрмелі-аспаптар оркестрі, “Вишневка” хоры, “Ретро микс” вокалды аспаптар ансамблі, “Шабыт” би ұжымдарына жетекшілік ететін Ерсайын Жұмабаев, Галина Федотова, Людмила Михейкина, Айымгүл Нықышева мен Жанарбек Ескендіров, Василий Распопов сынды дарынды өнерпаздармен жұмыс істеп жатқанын мақтаныш етеді.
Жүзінен ізгіліктің шуағы шашылып, бойынан кісілік пен кішілік аңғарылған талант иесінің адамгершілік асыл қасиетіне әріптестері де тәнті. Үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайды.
Оның айтуынша, ауылда таланты танылмай жатқан өнерпаз аз емес. Тек оларға қолдау қажет. Жалпы, аудандық өнерпаздардың қатысуымен жылына жүздеген шара өтетінін де атап өткен артық болмас. Бұл шараларды ұйымдастыру, шығармашылық ұжымдардың табысты жұмыс істеуіне жағдай жасау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұндай тынымсыз шаруаға үлесін қосуда Самат Нықышевтің абыройлы еңбегін көпке үлгі еткен жөн.
Бүгіндері өнерпазды алаңдатып отырған мәселе де жоқ емес. Бұрынғы теміржолшылар клубының ғимаратында орналасқан Мәдениет үйі шығармашылық ұжымына кең тыныстауға мүмкіндік бермей отыр. Кадр тапшылығын айтпағанда, ғимараттың іші тар, әрі орналасқан жері қо-лайсыз.
Самат Тоқсанбайұлы өнердің қайнаған ортасынан кетіп, туған жеріне оралғанына ешқашан өкінген емес. Өйткені, ұлы өнерде шектеу де, шекара да жоқ. Қай жерде жүрсе де, көрермендердің ыстық ықыласынан шабыт алып, тыңдарманды шаттыққа бөлейтін осындай дарын иелеріне қолдау қажет.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.