Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында 2019 жылға арналған бюджет нақтыланды. Атап айтқанда, қаржыны бірінші кезектегі мәселелерді шешуге, яғни, әкімнің есеп беру кездесулері барысында айтылған өтініштерді орындауға бағыттау мәселесі талқыланды.
Петропавл қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Назгүл Бекмағамбетованың айтуынша, әлеуметтік салық есебінен қала бюджетіне түскен қаржының 150 млн. теңгесі аулаішілік жолдарды жөндеуге бағытталмақ. Ол 25 аулаға жетуі тиісті. Осыған дейін мұндай жұмыстар шаһардың 45 ауласында жүргізіліп, 400 млн. теңге жұмсалған.
Көше жолдарына қиыршық тас төсеу үшін 60 млн. теңге қосымша қаражат бөлу көзделіп отыр. Ол 15 көшенің жолын ретке келтіруге жұмсалады, деді бөлім басшысы.
– Аулаішілік аумақтарды жөндеу жұмыстарын жоспарлаған кезде асфальттауға кететін шығын есепке алынбайды. Мұнымен ПИК төрағалары мен мердігерлер айналыспауы тиіс. Жөндеу жұмыстарының нәтижесін тексеру үшін 8 аулаға ат басын тіреп, бірқатар кемшіліктерді анықтадық. Кейбірінде жобалық-сметалық құжаттама болмаса, енді бірінде сәйкес есеп-қисап жүргізілмеген. Атқарылған жұмысты қабылдауға тұрғындар қатыспаған, – деді қоғамдық кеңес мүшесі Александр Казанцев.
Қоғамдық кеңес мүшелері аулаішілік жол жөндеу жұмыстарының сапасын ерекше бақылауда ұстау керек деген қорытындыға келді. Сонымен қатар олар жолдардағы шұңқырларды жөндеу жұмыстарына көбірек қаражат бөлу мәселесін ортаға салды. Өйткені, аздап бүлінген жолдар назарсыз қалса, бірер жылдан соң ол түгелдей жарамсыз күйге жетеді, дейді олар.
Сурет http://lenta.inform.kz сайтынан алынды.