“102″ пультіне қала орталығында мотоциклшілердің тыныштықты бұзғаны жөнінде шағым түсті. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары екі мотоциклшіні тоқтатты. “Yamaha” маркалы мотоцикл қозғалтқышының дыбыс шығару деңгейі екіншісіне қарағанда қаттырақ екен. Осы орайда облыс орталығының 1991 жылғы тұрғынына қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің 437-бабы 1-тармағы “Тыныштықты бұзу” бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Енді заң бұзушы 6312,5 теңге көлеміндегі айыппұл төлейтін болады.
“Түнгі шабандоздар” жаз айларында қала тұрғындарының мазасын қашырып, жүйкесін жұқартады. Сондықтан тәртіп сақшылары мотоциклшілерді ұдайы назарда ұстайды. Өкінішке қарай, мотоцикл иелерінің көбі қос дөңгелекті көлікті көңіл көтеру құралы есебінде пайдаланады. Мотоцикл жүргізушілері негізінен тиісті құжаттарсыз немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлерінсіз көлік басқарады. Мәселен, жыл басынан бері Петропавл қаласының 1985 жылығ тұрғынының үстінен мемлекеттік тіркеу нөмірінің болмауына қатысты екі мәрте әкімшілік хаттама толтырылды.
Жалпы үстіміздегі жылы мотоциклші және скутершілердің қатысуымен төрт жол-көлік апаты орын алып, салдарынан бір адам қаза тауып, үш кісі жарақаттанған. Облыс орталығында жасалған түрлі заң бұзушылықтар үшін 11 мотоцикл мен скутер айып тұрағына қойылды.
Сурет https://pravozashitnik.info сайтынан алынды.