Биыл еліміздің басты құжаты Ата Заңымыздың қабылданғанына – 24 жыл. Конституция мерекесіне орай “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде “Ата Заңның қайнар көзі” атты құжаттық көрме өтуде.
Мұражайдың тарихи-ғылыми-зерттеу бөлімі ұйымдастырған көрмеде көрермендер назарына бес стенд ұсынылған. Мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы Кенесары тұсынан бастау алған дала заңдары қазақ қоғамының дамуын ілгерілетіп, мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жүйе қалыптастырды. Осы себепті мұражай қызметкерлері бұл тақырыпты кеңінен қамтуға тырысыпты. Көрме сөрелерінде Тәуке хан тұсындағы бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары туралы да көп мағлұмат берілген. Үш жүздің игі жақсылары мен билері қалыптастырған “Тәуке ханның Жеті жарғысы” деген атауға ие болған заңдар ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Бұдан бұрынғы хандар тұсында қабылданған “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолынан” хабар беретін құжаттар көшірмесі де ата-бабамыздың дала заңдарын қатаң сақтағанын байқатады. Көрмені тамашалағандар осы тұста заңды бұзғандарға қандай жаза қолданғаны туралы біле алды. Бұрыннан сақталып келген дала заңдары, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келген.
Сондай-ақ, көрмеге бүгінгі Ата Заңға қатысты да құжаттар мен суреттер қойылған. Бұл тақырыптағы стендтерге Ұлттық мұрағаттың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының қорларынан алынған құжаттар көшірмелері ұсынылған. “Ата заң – әрбір азаматтың конституциялық құқын танытатын, әр қазақстандық бұлжытпай орындайтын заңдардың темірқазығы. Яғни, Конституция – Қазақстан азаматының өмір сүруге, сөз және шығармашылық еркіндігіне, сонымен қатар діни ұстанымы мен еңбек, демалыс, денсаулығын қорғауына, ақысыз орта білім алуына және жеке адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмау құқығына кепіл болады. Әрбір қазақстандық азамат біздің Конституциямызда жария етілген демократиялық құндылықтардың сақталуына жауапты. Қазіргі таңда татулығы жарасқан біздің еліміз әлем жұртшылығы көз тіккен үлгілі мемлекетке айналып отыр”, – дейді бөлім меңгерушісі Бауыржан Нәбиұлы.