Ала жаздай бел жазбай еңбек еткен солтүстікқазақстандық диқандар егінін шашау шығармай орып алу үшін күзгі жиым-терім науқанына кірісіп кетті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, көктемде өңір диқандары 4,2 млн. гектар алқапқа ырыс дәнін сіңірген. Оның 2,8 млн. гектары бидай болса, 970 мың гектарын майлы дақылдар құрайды.
– Биыл облысымызда бидай бітік шықты. Көктем мен жазда уақтылы жауған жауын егіннің жақсы жетілуіне сеп болды. Мемлекеттің қолдауының арқасында жауапты науқанға жақсы дайындықпен келдік. Ендігі кезекте бидайды ысырапсыз жинап алуға міндеттіміз. Соған орай облыс диқандары қолайлы сәтті қалт жібермей, маңдай термен өсірілген астықты қамбаға құйып алу үшін бар күш-жігерлерін жұмылдыруда, – деді басқарманың бөлім басшысы Қатран Қарманов.
Жедел мәліметке сүйенсек, өңір диқандары егіннің 2685 мың гектарына орақ салған. Бұл дәнді дақылдардың 17,6 пайызына тең. Жалпы 312,1 мың гектары немесе 10,9 пайызы бастырылды. Гектар берекелігі 14,1 центнерден айналуда. Өңірде сыйымдылығы 6,6 млн. тоннаны құрайтын элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарына 439,2 мың тонна астық жеткізілді.
Жауапты науқанға 8 мыңнан астам комбайн жұмылдырылуда. Алқаптарда дән бастырып жүрген “Джон-дир” комбайндарының әрқайсысының қуаты күніне 70 гектардың астығын орып, бір тәулікте 800 тонна дән жинауға жетеді.
Алдын ала болжам бойынша биылғы астықтың бір бөлігі Ресей, Иран, Қытай және тағы басқа елдерге экспортталады деп күтілуде. Бүгіндері шетелдерге астықты жеткізу үшін тиімді тасымал жолдары қарастырылуда. Сондай-ақ, облыс басшылығы алдағы жылы нарықта сұранысқа ие және экспортқа бағытталған майлы дақылдар алқабын арттыруды жоспарлап отыр.
Сурет http://www.matritca.kz сайтынан алынды.