«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДЕН ХАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Өзіміз қанша қара, надан болсақ та, зорлықта, қорлықта жүргендерді бірдей әділдік қылып Совет құкіметі теңгеретінін білетіндеріміз де бар еді. Болысты, ауылнайды сайлайтын сайлаушы (инструктор) шығайын деп жатыр дегенде біз сияқты жалшы-жарлылардың жүректері лүпілдеп тұрды. “Болыстың, ауылнайдың бастығына нашардың балаларынан сайлар, зорлықшыл жуандардың қол-аяғын байлар” деп едік. Келетін сайлаушы ақ жүрек, Совет программасына қанық, білгіш, ақша көрсе аумайтын, әділ шығар, ақшасын қалтасына тыға салып, байларды сайлайтындардан емес шығар, бағымызға туған (Совет құкіметінің) мейірімді ынтасының арқасында бір жасап, баяғыдан бергі көрген қорлықты, жеген тепкі-таяқты ұмытып, бізге де көгеретін заман болар деген едік. 

Олай болмады. Сайлаушы мырза сайланушыға құрдас жуандарды қолтықтайтын, жең ұшымен жалғасатын, “жұқа қызылдың” (он сомдық қағаз ақшаны айтады. – Ред.) шетін көрсе ары түгіл, “иманын” беретін болса керек.

Совет құкіметінің сайлауы туралы шығарған жобаларының біреуін білмейтін надан, ісінің бәрі Совет негізіне қарсы. Елді теңдік емес, кемдік, партияға сұрқия туғызатын есепті жауыздың біреуі болып шықты.

“Әлде қайтеді?” деп сескеніп тұрған жуандар сайлаушы инструкторымыздың түрін көрген соң мұртынан күліп, ыржыңдап, қораның түкпіріне апарып, аузына тәтті дәмдерін тосып, алақанына талай “мыңды” жапсырып, сайлау болатын жерде ұмытпа деп, бұрынғы Николай, Колчактың сайлаушылары секілді болды. Бұл инструктордың байларға назар аударғанынан шошып едік, ақыры сол бұрын нашардың бақайшағына дейін зар жылатып, талай сайлауда “би” болып пара алған, түкті түйені түгімен жұтатын жалмауыз Бәти-мырзаның баласы сайланып шыға келді. Табыншы оңбай табын қашан оңушы еді? Қара қазақ қой емес пе? Қасқырдан қойшы жасап, тыныштық күтуге бола ма? Елдің бір тыныштығын тілейтін адал ниет, ақ жүрек басшыларымыз қайда?
Мұндай (инструкторлар) елге неге шыққан: Николай мен Колчактың залымдығы жаңбыр болып жауғанда, бұлардыкі одан да көбірек болып тағы жауып, қазақтың мойнына су кетіріп, сүмірейтіп қойған сол “жуандардан” сайланды. “Болыс” пен “би” ел жегендер емей кімдер еді?.. Түн қанша ұзын болғанмен, бір таң атпақ бар емес пе? Зорлықшыл жуандар, аш көздеріңді! Байқап бас аяқтарыңды!
Ат-тонымыз жоқ болып, құкіметке өзіміз барып, ауызша арыз қыла алмағандықтан, әділ Советтің құлағына тисе деп, Руссияның социал жолындағы газетке жазып, жарыққа шығарылсын деп жіберіп отырмыз.
Сендерге емес, залымдар, байқаңдар!!! Адал Совет құкіметінің бұл атып келе жатқан таңының жарығы – еңбекшіл біздерге.

С. ҚЫПШАҚБАЕВ.
(“Кедей сөзі”, 1920 жыл №3).

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp