Петропавл қаласындағы әскери-техникалық мектептің автокөлік орталығында «Жылдамдық маневрінің үздік жүргізушісі» байқауы өтті. Шара облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызмет жүргізушілерінің кәсіби шеберлігін арттыруға арналды.
Жарысқа облысымыздың аудандары мен Петропавл қаласының өрт сөндіру бөлімшелерінің ең үздік деген жүргізушілері қатысты.
Өңірлік және облыстық жарыстың әр кезеңінің қарсаңында барлық жүргізушілер жолда жүру және техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша тестілеу тапсырды. Ал тест тапсыра алмаған қызметкерлерге жарысқа қатысуға рұқсат берілмеді.
Жүргізушілер көлікпен айналу, тұраққа немесе боксқа кіру, эстафета, су тарту сияқты 11 түрлі жаттығудан тұратын жарыстың талаптарын рет-ретімен жылдам әрі мінсіз орындаулары тиіс болды.
Жарыстың бас жүлдесін Петропавл қалалық № 1 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізуші-қызметкері азаматтық қорғау аға сержанты Есмағали Бигелдинов жеңіп алды. Екінші орынға Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылындағы № 9 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізуші-қызметкері азаматтық қорғау аға сержанты Дәурен Казбеков ие болды. Ал үшінші орынды Қызылжар ауданының Бескөл ауылының № 13 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізуші-қызметкері азаматтық қорғау аға старшинасы Жамбыл Жамалиев қанағат тұтты. Үздік жүргізушілерге грамоталар мен бағалы сыйлықтар табысталды.