«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАН СЕРІГІ – ДОМБЫРА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адам бойындағы ерекше қасиеттердің бірі – өнер. Оны үнемі жетілдіріп, туған елдің игілігіне жұмсау асқан талғампаздықты, ізденімпаздық пен еңбекті қажет етеді. Осындай қасиеттерді өн бойына тоғыстырған Самат Нықышевті қалайша мақтан етпеске? 

Бала күнінен халқымыздың ұлт­тық аспабы домбыраны жа­нына серік еткен ол – Тайынша ау­да­нының тумасы. Аудан орталы­ғында білім алып, халқымыздың асыл қасиетін бойына сіңірген азаматтың өмір жолы өнермен өрілді. Терең толғанысқа толы домбыраның әуезді үнінде тыл­сым сыр барын ол музыка мекте­бінде оқып жүргенде-ақ ұғынған. Өнер айдынына оны ұстазы Ма­рат Қасымов жетеледі. 

Тәлімгерінің берген тәрбиесі өнерпаздың арман асқары­на ұмтылып, мақсатына біртабан жақындай түсуіне ықпал етті. Елордадағы Қазақ ұлттық музы­ка академиясында білім көкжиегін кеңейтті. Оқи жүріп, та­лай байқауларға қатысты. “Жас орындаушылар”, “Асыл мұра”, Құр­манғазы атындағы республи­калық, халықаралық байқаулар­да тыңдарманның ыстық ықыла­сына бөленіп, абырой биігінен кө­рінген кездері аз болған жоқ. Домбырашының белгілі композитор Ермұ­рат Үсеновтің “Елорда” ансамб­лінің құрамында өнер көрсетіп, “Шабыт” шығармашыл жастар фестивалінің жеңімпазы атануы – айтулы жетістік. Осыдан кейін Қазақ­стан Республикасына еңбегі сің­ген әртіс, күйші Секен Тұрысбе­ков сияқты ұстаздардан тәлім алып, қияға қанатын қомдаған бала қырандай ұлы өнер айдынына шындап құлаш ұрды. 

Кейін белгілі продюсер Қы­дыр­әлі Болмановпен бірге талай елдерді аралап, халқымыздың өне­рі мен мәдениетін таныстыруға өзінің үлесін қосты. Қоғам қай­раткері, композитор Төлеген Мұхамеджановтың “Әуен” дыбыс жазу студиясында да еңбек ет­кенін тілге тиек еткен жөн. Алай­да, үйдің кенжесі қарашаңыраққа оралып, туған жерінде өнердің да­муына өзінің үлесін қосуды жөн көрді.
– Анам Бибіжамал 1980 жыл­дары қазақ ұлттық аспаптар ан­самблінің құрамында өнер көрсетіп, концерттерге қатысты. Әкем Тоқсанбай көркем әдебиет оқығанды жақсы көреді. Жалпы, екеуі де руханиятқа жақын, – дейді Самат Нықышев. Өнер жолы ауыр жол екенін айтып, бұл саланы таңдаған адамның бо­йында талант, еңбексүйгіш қа­сиет пен ерік-жігер болуы қажет дейді. Қазір ол аудандық Мәдениет үйі директорының мінде­тін атқарып отыр.
Өнер ошағында тоғыз шығар­ма­шылық ұжым бар. Бүгінде өнерлі жігіт халықтық атағы бар үрмелі-аспаптар оркестрі, “Виш­невка” хоры, “Ретро микс” вокал­ды аспаптар ансамблі, “Шабыт” би ұжымдарына жетекшілік ете­тін Ерсайын Жұмабаев, Галина Федотова, Людмила Михейкина, Айымгүл Нықышева мен Жа­нар­бек Ескендіров, Василий Распо­пов сынды дарынды өнерпаз­дармен жұмыс істеп жатқанын мақ­таныш етеді.
Жүзінен ізгіліктің шуағы шашы­лып, бойынан кісілік пен кіші­лік аңғарылған талант иесінің адамгершілік асыл қасиетіне әріп­тестері де тәнті. Үлкенге құр­метпен, кішіге ізетпен қарайды.
Оның айтуынша, ауылда та­лан­ты танылмай жатқан өнерпаз аз емес. Тек оларға қолдау қа­жет. Жалпы, аудандық өнерпаз­дардың қатысуымен жылына жүз­деген шара өтетінін де атап өткен артық болмас. Бұл шараларды ұйымдастыру, шығармашылық ұжымдардың табысты жұмыс іс­теуіне жағдай жасау үлкен жа­уап­кершілікті талап етеді. Мұн­дай ты­нымсыз шаруаға үлесін қо­суда Са­мат Нықышевтің абы­ройлы ең­бегін көпке үлгі еткен жөн.
Бүгіндері өнерпазды алаңдатып отырған мәселе де жоқ емес. Бұрынғы те­міржолшылар клу­бының ғимара­тын­да орналасқан Мәдениет үйі шығармашылық ұжымына кең тыныстауға мүм­кін­дік бермей отыр. Кадр тапшылығын айтпағанда, ғимараттың іші тар, әрі орналас­қан жері қо-лайсыз.
Самат Тоқсанбайұлы өнердің қайнаған ортасынан ке­тіп, туған жеріне оралғанына еш­қа­шан өкінген емес. Өйткені, ұлы өнерде шек­теу де, шекара да жоқ. Қай жерде жүрсе де, көрер­мендердің ыстық ықыласынан шабыт алып, тыңдар­манды шат­тыққа бөлейтін осындай дарын ие­леріне қолдау қажет.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp