Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы медициналық мекемелерде болып, емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасымен танысты.
Қазір облысымызда медицина саласының дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Кадр тапшылығын жою, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс орталығындағы бірқатар емдеу мекемесі заманауи құралдар алды. Мәселен, жақында облыстық онкологиялық диспансер маммографиялық аппаратқа қол жеткізді.
Диспансер мамандары өңір басшысына сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуда бұл аппараттың мүмкіншілігі зор екенін айтты. Финляндиядан жеткізілген аппарат шілде айында іске қосылған.
– Бұл сандық маммография сүт безін терең зерттеп, қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Тіпті, ол сүт безі тармақтарында жаңадан пайда болған ісікті дәл таба алады. Ал ультрадыбыстық зерттеуде оны көру мүмкін емес, – дей келе емдеу мекемесінің бөлімше меңгерушісі Ольга Пукса скринингтік тексеру барысында 32 әйелде сүт безі қатерлі ісігі анықталғанын жеткізді.
Облыстық онкологиялық диспансер бас дәрігерінің орынбасары Олег Дудяк қауіпті дерттің аталмыш түрі жасарып бара жатқанын айтты. Жалпы, биыл облыс бойынша 975 адамда ауру анықталса, 113 әйелде сүт безі ісігі пайда болған. Бүгінде аталмыш дертке шалдыққан 2025 әйел тіркеуде тұр.
– Биыл денсаулық сақтау саласына 4 миллиард теңге бөлінді. Өткен жылдармен салыстырғанда бұл үш есе көп. Қыркүйек айында облыс орталығында жаңа аурухананың құрылысы басталады. Бұл – ауқымды жоба, – деді Құмар Ақсақалов.
Одан кейін өңір басшысы облыстық ауруханаға ат басын бұрды. Бұл емдеу мекемесіне де жақында заманауи компьютерлік томограф сатып алынған болатын. Бірер күн бұрын ғана орнатылған жаңа қондырғының құны 347 миллион теңге тұрады. 250 миллион теңгесі облыстық бюджеттен бөлінгенін атап өткен жөн.
Облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног бұл құрылғының көмегімен эндоскопиялық зерттеу жүргізіп, аз уақыттың ішінде көп жұмысты тындыруға болатынын жеткізді. Аурухана дәрігері Иван Лейман заманауи үлгідегі аппаратта бір мезгілде үш дәрігер зерттеу жүргізе алатынын тілге тиек етті. АҚШ-тан жеткізілген жаңа құрылғы диагностикалық зерттеу қорытындысын әлемнің кез келген түкпіріне жолдай алады. Қуаты бұған қарағанда төмен, бұрынғы компьютерлік томограф Тайынша аудандық ауруханасына берілді. Ол арқылы Айыртау, Ақжар, Уәлиханов сияқты шалғай аудан тұрғындарына көмек көрсетілуде.
– Тұрғындарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі. Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық құралдармен жабдықтау үшін биыл бұл салаға ауқымды қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін заманауи МРТ аппаратын сатып алу көзделуде. Сонымен қатар ангиограф пен тағы басқа құрылғыларға қол жеткізетін боламыз. Аудандық, облыстық ұйымдарды медициналық көліктермен қамтамасыз етуге де басымдық берілуде, – дей келе Құмар Іргебайұлы жақын арада өңірге 170 дәрігер келетінін, тең жартысы ауылда жұмыс істейтінін жеткізді. Өңір басшысы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша ауылда жұмыс істеуге құлшыныс білдірген медициналық кадрларға бір жарым миллион теңге көтермеақы тағайындалғанын айтты. Қалада жұмыс істейтін жас мамандарға тұрғын үй сертификаттары беріліп, 47 пәтер дайын тұрғанын хабарлады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.