«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАЙЗАҒАЙДАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы күндері “Қазгидромет” республикалық мемле­кеттік кәсіпорны облыстық филиалының мамандары өңі­ріміздің кей жерлерінде жаңбыр жауып, найзағай ой­науы ықтимал екенін ескертуде. Сондықтан жай түскен жағ­дайда қалай қорғану керектігін тү­сіндіруді жөн көрдік. 

Осыдан екі жыл бұрын Уәлиханов ауданындағы Бидайық ауылында кешкісін малға шыққан 12 жасар балаға найзағай түсіп, қаза тапқан болатын. Жергілікті фельдшерді шақырған ер адам мен фельдшерлік-акушерлік қосынның жүргізушісі де сол жерге екінші рет түскен жай отынан тіл тартпай кеткен еді. Ал 2016 жылдың жазында Аққайың ауданындағы Қиялы және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Қырымбет ауылдарының екі тұрғыны найзағайдан мерт болды. Аққайыңдық әйел кешкі уақытта велосипедпен келе жатып, қаза болса, 15 жастағы бозбалаға мал бағып жүрген жерінде жай түсті.
Қарапайым сақтық шараларын естен шығармау – қайғылы жағдайға тап болмаудың бірден-бір жолы екенін ескертеміз. Күн күркіреген кезде қайда жүрсеңіз де, яғни алқапта, орманда, өзен-көлдердің жағасында болсаңыз да, қауіпсіздік шараларын сақтауыңыз қажет. Әдетте, найзағай ең биік нысандарға – мұ­нара, бағана және ағаштарға түседі. Сондықтан олардан 30-50 метрдей аулақ болу керек. Тіпті, жазық далада адамнан биік еш­теңе болмаса, бір өзі найзағайдың нысанасы болуы бек мүмкін. Күн күркіреген кезде жылдам жүруге және жүгіруге, ағаштың ас­тында тұруға болмайды. Сонымен қатар жерге жатпаңыз. Өйт­кені, найзағай жақын маңға түскен жағдайда заряд жермен жайы­лып, денеңізге өтуі мүмкін. Сол себепті мұндай кезде маңайда қандай да бір ғимарат болса, көп ойланбастан сонда жасырынуға асығу керек.
Найзағай жарқылдағанда қолшатырды ашуға болмайды. Өйт­кені, оның металл шабақтары антенна сияқты қауіп төн­діреді. Бұл кезде электр беруші желілерден және емен, терек, шырша, қарағай, үйеңкі, қайың ағаштарынан алыс жүру керек. Күн күркірегенде велосипедпен және мотоциклмен жүру қауіпті. Егер көлік ішінде келе жатсаңыз, оның терезелерін жауып, авто­мобиль антеннасын түсіріңіз.
Өзен немесе көлде жүрсеңіз тез арада судан шығып, жа­ғажайдан ұзау керек. Судың найзағай тоғын жақсы өткізетінін ұмыт­паңыз. Ал саяжайда немесе үйде болсаңыз, есік-терезелерді қатты жауып, барлық электр жабдықтарын тоқтан айы­ру керек.

Рүстем ЖҰМАҒАЛИЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің
дағдарыстық жағдайлар басқармасының бастығы.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp