Оқушылар сарайында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өңір ұстаздарының дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. 400-ге жуық педагогтың басын қосқан шарада білім саласындағы міндеттер айқындалып, алдағы жоспар сараланды.
Кеңес басталмас бұрын облыстық әкімдік пен Алматы менеджмент университеті меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес тараптар “Білім берудегі менеджмент” жазғы мектебін қолға алып, оның аясында білім беру жүйесіне үздік тәжірибені енгізіп, бірлесіп жұмыс істемек.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз кеңесінде ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздарға үлкен үміт артылатынын атап өтті. Сондықтан педагогтар үнемі ізденісте болып, өзін-өзі жетілдірумен айналысып, кәсіби шеберліктерін арттырудың түрлі мүмкіндіктерін пайдалануы тиіс.
Алматы менеджмент университеті бүгінде әлемге танымал, қазақстандық және халықаралық деңгейде аккредитацияланған санаулы жекеменшік жоғары оқу орындарының қатарында. Бұл меморандум облыстағы білім саласын дамытуға серпін береді деген сенімдемін, – деді Құмар Іргебайұлы.
Алматы менеджмент университеті 2009 жылдан бері Айыртау ауданының педагогтарын қайта даярлап келеді. Жоғары оқу орнында бүгінге дейін 360-тан астам ұстаз біліктілігін арттырды. Осыдан бір ай бұрын университет жергілікті білім беру мекемелері басшыларының қатысуымен жазғы мектеп жұмысын ұйымдастырып, педагогикалық ұжымды басқарудың заманауи әдіс-тәсілдерімен таныстырған еді.
Дәстүрлі тамыз кеңесінде облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова былтырғы жетістіктерге шолу жасап, алда тұрған міндеттер жайлы баяндады.
– Облыста білім алушылардың үлгерімін және оқу сапасын арттыруға, дарынды және қабілетті балаларды қолдауға бағытталған “Білім сараптамасы” және “Зияткер” жобалары қолға алынды. Нәтижесінде солтүстікқазақстандық құрама екінші жыл қатарынан “Үздік олимпиадалық команда” атанды. Жергілікті оқушылар халықаралық және республикалық олимпиадаларда 63 рет жеңімпаз атанса, 10 мыңға жуық өрен зияткерлік сайыстарға қатысып, үздіктер қатарынан көрінді. Жеті білім ордасының “Республиканың жүз үздік мектебі” рейтингіне енгенін де айта кеткен жөн. Олардың қатарында “Білім-инновация”, “ЛОРД” лицейлері, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат бар, – деді Гүлмира Райынбекқызы.
Шағын елді мекендердегі балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында “Уақытша отбасы” жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде Айыртау, Мағжан Жұмабаев және Мамлют аудандарында 61 бала аталған жоба аясында білім алып жүр.
Сонымен қатар өңір жастарына кәсіптік және техникалық білімді тегін ұсынуға баса назар аударылмақ. Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық және Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледждерінің базасында жоғары колледж және құзыреттілік орталығы ашылмақ. Бүгінгі таңда облыс колледж түлектерін жұмыспен қамту бойынша республикада бесінші орында тұрса, ендігі міндет – елдегі үздік колледждердің қатарына ену, – деді басқарма басшысы.
Облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында “Bilim Foundation” қоғамдық қорымен байланыс орнатылған. Қордың басқарушы директоры Лаура Әлиева алдағы уақытта ауыл мектептеріне енгізілуі мүмкін “Ұлы дала мектебі” жобасымен таныстырды. Олардың өңіріміздегі жұмысының екінші бағыты кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің алдын алу екенін де айта кеткен жөн.
Ал “Knowledge Engineering” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нартай Әшім өркениетті мемлекеттердің оң тәжірибесіне сүйене отырып, білім ордаларында балаларға ұялы телефонды пайдалануға тыйым салу дұрыс емес деген ойын білдірді.
Ал Финляндияның Тампере қаласындағы университеттің профессоры Eero Ropo білім берудегі оң тәжірибесімен бөлісуге келіпті. Ол екі елдің оқыту жүйесінде бірқатар ұқсастықтар бар екенін жеткізді. Профессордың айтуынша, биыл аталған университетте білім алуға бір мың талапкер ниет білдіріпті. Алайда, сынақтан тек 80-і ғана өткен.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов білім беру саласын қаржыландыру соңғы екі жылда 22 пайызға артқанын жеткізді.
– “Радуга” ЖШС-і “Профдебют” оқу-өндірістік кешенін ашу жөнінде ұсыныс жасады. Бұл 9-10 сынып оқушыларының қосымша кәсіби білімдерін тәжірибе жүзінде бекітуге септігін тигізеді. Мұндай бастамаларды жүзеге асыру үшін мүмкіндігіміз жеткілікті. “Қарапайым заттар экономикасы” жобасының аясында Петропавлда металл-пластикалық бұйымдар әзірлейтін бірегей зауыт ашылды. Зауыт машина жасау мамандықтарында оқитын студенттерді тәжірибеден өткізіп, мектеп оқушылары арасында шикізатты қайта өңдеудің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік жасайды, – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыстың білім беру жүйесінде шешімін таппай тұрған мәселелер де бар. Мысалы, өткен жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді тамамдаған 997 түлектің 87 пайызы жұмыспен қамтылған. Өңір басшысы олардың барлығының өз мамандықтары бойынша жұмыс істейтініне күмән келтірді. Ал соңғы екі жылда “Серпін – 2050” бағдарламасы бойынша білім алған жастардың 36 пайызы ғана жұмысқа орналасқан.
– Университетте мемлекеттік грант бойынша оқитын студенттерді мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарға жіберуді ұсынамын. Олар осы уақытта тәжірибеден өтіп, оқу аяқталарда дипломмен қоса кәсіпорында әзірлеген жобасын қорғай алады. Біз “Бастау Бизнес” сияқты бағдарламалар арқылы өз кәсібін ашуға қолдау көрсетеміз. Сондықтан университетке, облыстық индустриалды-инновациялық даму және кәсіпкерлік және білім басқармаларына, жергілікті кәсіпкерлер палатасына осы жобаны жан-жақты ойластырып, үстіміздегі жылы жүзеге асыруды тапсырамын, – деді Құмар Ақсақалов.
Тамыз кеңесінің соңында білім беру саласындағы ұзақ жылғы еңбегі, өскелең ұрпақты тәрбилеуге қосқан үлесі үшін бірнеше ұстаз облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, облыс әкімі білім саласының үздіктеріне санаторлық-курорттық емделуге жолдама табыс етті. “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсесінің менеджері Сәуле Кереева мен “Ардагерлер білім сапасы үшін” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Александр Кузурманның кеудесіне “Еңбек ардагері” төсбелгісі тағылды. Биыл “Орта білім беретін үздік ұйым” атауын дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейі жеңіп алды. Құмар Ақсақалов мектеп директоры Гүлжан Жақановаға 34 млн. теңгенің грантын табыстады.
Шара соңында Білім және ғылым министрлігінің өкілі Бибігүл Өтепқалиева “Білім саласының құрметті қызметкері”, “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгілерін табыстап, бірнеше ұстазды министрліктің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.