Соңғы күндері “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мамандары өңіріміздің кей жерлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал екенін ескертуде. Сондықтан жай түскен жағдайда қалай қорғану керектігін түсіндіруді жөн көрдік.
Осыдан екі жыл бұрын Уәлиханов ауданындағы Бидайық ауылында кешкісін малға шыққан 12 жасар балаға найзағай түсіп, қаза тапқан болатын. Жергілікті фельдшерді шақырған ер адам мен фельдшерлік-акушерлік қосынның жүргізушісі де сол жерге екінші рет түскен жай отынан тіл тартпай кеткен еді. Ал 2016 жылдың жазында Аққайың ауданындағы Қиялы және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Қырымбет ауылдарының екі тұрғыны найзағайдан мерт болды. Аққайыңдық әйел кешкі уақытта велосипедпен келе жатып, қаза болса, 15 жастағы бозбалаға мал бағып жүрген жерінде жай түсті.
Қарапайым сақтық шараларын естен шығармау – қайғылы жағдайға тап болмаудың бірден-бір жолы екенін ескертеміз. Күн күркіреген кезде қайда жүрсеңіз де, яғни алқапта, орманда, өзен-көлдердің жағасында болсаңыз да, қауіпсіздік шараларын сақтауыңыз қажет. Әдетте, найзағай ең биік нысандарға – мұнара, бағана және ағаштарға түседі. Сондықтан олардан 30-50 метрдей аулақ болу керек. Тіпті, жазық далада адамнан биік ештеңе болмаса, бір өзі найзағайдың нысанасы болуы бек мүмкін. Күн күркіреген кезде жылдам жүруге және жүгіруге, ағаштың астында тұруға болмайды. Сонымен қатар жерге жатпаңыз. Өйткені, найзағай жақын маңға түскен жағдайда заряд жермен жайылып, денеңізге өтуі мүмкін. Сол себепті мұндай кезде маңайда қандай да бір ғимарат болса, көп ойланбастан сонда жасырынуға асығу керек.
Найзағай жарқылдағанда қолшатырды ашуға болмайды. Өйткені, оның металл шабақтары антенна сияқты қауіп төндіреді. Бұл кезде электр беруші желілерден және емен, терек, шырша, қарағай, үйеңкі, қайың ағаштарынан алыс жүру керек. Күн күркірегенде велосипедпен және мотоциклмен жүру қауіпті. Егер көлік ішінде келе жатсаңыз, оның терезелерін жауып, автомобиль антеннасын түсіріңіз.
Өзен немесе көлде жүрсеңіз тез арада судан шығып, жағажайдан ұзау керек. Судың найзағай тоғын жақсы өткізетінін ұмытпаңыз. Ал саяжайда немесе үйде болсаңыз, есік-терезелерді қатты жауып, барлық электр жабдықтарын тоқтан айыру керек.
Рүстем ЖҰМАҒАЛИЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің
дағдарыстық жағдайлар басқармасының бастығы.