«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНДЫҚ МЕДИЦИНАДАҒЫ ОЗЫҚ ҚАДАМДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

 

 

Денсаулық сақтау саласының дамуы кез келген мемлекет үшін маңызды. Өркениетті елдердің тәжірибесіне көз жүгіртсек, бұл саланың күн, тіпті, сәт сайын ілгерілеп келе жатқанына көз жеткіземіз. Өйткені, дені сау ұлт қана елін бақытты болашаққа жеткізеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында айтып, бұл саланы дамытуға ерекше назар аударған болатын. Бүгінде өңірімізде тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуде ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Қазір денсаулық сақтау саласы тың қарқынмен дамып келеді. Ем­деу ісінде жаңа технологияларды пайдалану, озық тәжірибелерді қол­дану заманауи медицинаның да­муына оң ықпал етуде. Прези­дент атап көрсеткен алғашқы ме­дициналық-санитарлық көмектің қол­жетімділігін қамтамасыз ету үшін емдеу ұйымдарының мате­риалдық-техникалық базасын ны­ғайтып, кадрлардың біліктілігін арт­тыру маңызды. Алдағы уақытта тұр­ғындар қолжетімді медицина­лық көмектің кепілдік берілген кө­ле­мі мен міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесі ая­сын­да жоғары мамандандырыл­ған медициналық көмек түрлеріне қол жеткізетін болады.
Бүгінде созылмалы ауруларды емдеу әлеуметтік-экономикалық ма­ңыздағы мәселе болып отыр. Денсаулық сақтау саласын жетіл­діру үшін халықтың өмір сүру жа­сын ұзартудың, медициналық са­палы көмек көрсетудің маңызы артты. Ол үшін медициналық-са­ни­тар­лық көмек қызметіне ерекше на­зар аударған жөн. Бұл бағытта өңі­ріміздегі барлық емдеу мекемеле­рімен бірлескен жұмыстар жүргізі­луде.
Ауруларды басқару бағдарла­масы – сырқаттың өзінің функцио­налдық мүмкіндіктерін іске асыру­ды барынша қамтамасыз ететін, ау­рулардың даму қаупін, мүгедектік пен өлім-жітімді төмендететін және денсаулық сақтау саласын жаңа дең­гейге көтеретін құрылымдық жүйе. Бұл бағдарламаны жүзеге асы­ру үшін учаскелік медбикелер­дің мәртебесін, функционалдық мін­деттерін арттыру, учаскелік дә­рігерлер мен мамандар арасын­дағы өзара іс-қимылды жақсарту, науқастар үшін тиімді білім беру бағдарламалары мен құралдарын әзірлеу және тарату қажет.
Өңірдегі медициналық меке­мелерде қажетті мамандардың же­тіспеушілігі жасырын емес. Қазір облысқа екі жүзден астам дәрігер қажет. Алдымен өңірде кадр тап­шы­лығын жою үшін жас маман­дарды тарту көзделуде. Үстіміз­дегі жылы медициналық жоғары оқу орындарын тамамдаған 169 дә­рі­гер бізге жұмыс істеуге келеді. Тең жартысы еңбек жолын ауыл­дан бастамақ.
Жас мамандарды әлеуметтік қол­дау шаралары қарастырылға­ны көңілге қуаныш ұялатады. Олар көтермеақыға қол жеткізіп, баспанамен қамтамасыз етіледі. Мәселен, Айыртау ауданына жұ­мыс күші көп Түркістан облысынан барған төрт жас дәрігерге жан-жақты көмек берілуде. Аталмыш аудан әкімдігінің қолдауымен учас­келік терапевт Мырзатай Байжұ­ман мен акушер-гинеколог Нұрдәу­лет Манапұлына үш бөлмелі пәтер кілті табысталды. Аз уақыттың ішін­­де сенім үдесінен шығып, өзде­рін жақсы қырынан көрсеткен дәрі­гер­лердің жұмысқа деген жауап­кер­шілігі зор. Петропавлдағы №1 қалалық емхана­ның учаскелік педиатры Нұргүл Бәтенова сұранысқа ие маман екенін аңғартты. Күн сайын ол отыз баланы қабылдайды. Қа­зір­гі таңда емхана әкімшілігі ма­манның пәтер ақысын өтеп, көтермеақыға қол жеткізуі үшін қажетті құжаттар жинауына көмектесуде.
Бүгінгі таңда өңірде терапевт, педиатр, анестезиолог-реани­ма­толог, акушер-гинеколог, хирург сияқты бірқатар мамандарға қа­жеттілік жоғары екенін атап өткен жөн. Дәрігер кадрларды облысқа тарту және олардың тұрақтап қа­луына жағдай жасау мақсатында облыс әкімдігі ауқымды жұмыс ат­қаруда. “Дипломмен – ауылға!” бағ­дарламасы бойынша өткен жылы 26 ауыл дәрігеріне 4,377 миллион теңге көтермеақы берілді. Тұрғын үй сатып алу үшін оннан астам дә­рігерге бюджеттік несие мақұлдан­ды. Ал биыл ауылда жұмыс істеуге ниетті он маман жалпы сомасы 1,944 миллион теңгені құрайтын көтермеақыға қол жеткізді. Әрбір ауыл дәрігеріне бір жарым мил­лион теңге көтермеақы төленді. Үс­тіміздегі жылы 58 маманға сонша мөлшерде көтермеақы төлеу үшін қаржы бөлінді.
Облыс орталығында да жас ма­мандарды пәтермен қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр. “7-20-25” тұрғын үй бағдарламасы аясында денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне “Жас өркен” шағынауданында салынған жаңа үйден 23 пәтер берілді. Биыл жүз жас маман бір миллион теңгенің тұр­ғын үй сертификатын алады. Со­нымен қатар қажетті маман­дықтар бойынша резидентурада білім алу үшін 78 маманға 45,127 мың теңге бөлінді. Бұл шаралар кадр тапшылығын жоюға оң ықпал етеді. Кадр саясатын сөз еткенде, дәрігерлердің еңбекақысына тоқ­талып өту артық болмас. Біздің өңір­де дәрігерлердің орташа жал­ақы­сы 164,6 мың теңгені құрайды.
Медициналық-санитарлық қыз­мет көрсетуде денсаулық сақтау са­ласын сандық жүйеге көшіруге басымдық берген жөн. Бізге ақпа­раттық жүйелерді біріктіру, мо­биль­дік цифрлық қосымшаларды қолдану, электронды денсаулық пас­пор­тын енгізу, “қағаз қолдан­бай­тын ауруханаға” көшу арқылы медициналық көмектің қолже­тім­ділігі мен тиімділігін арттыру мін­деті жүктелді. Жаңа жүйе тұрғын­дардың электронды денсаулық пас­портын жасауға, кезекті, бюро­кратияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік бер­мек. Бастысы медициналық көмек­тің сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Медициналық ұйымдарды за­манауи, жоғары технологиялы құ­рылғылармен жабдықтауға 3087 мил­лион теңге бөлінді. Өткен жыл­мен салыстырсақ, бұл қаржы кө­лемі төрт есеге көп. Жергілікті бюд­жет есебінен компьютерлік томограф, сандық маммограф, рентген­диаг­ностикалық кешен мен ультра­дыбыстық диагностикалық құрыл­ғы сияқты 57 бірлік медициналық жабдыққа 1132 миллион теңге бөлінді. Өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында МРТ, ангио­граф, тыныс алу аппараты мен тағы басқа медициналық құрал-жаб­дықтарға қаржы қарастырыл­ғанын тілге тиек еткен жөн. Бұл ап­параттар жыл соңына дейін сатып алынбақ. Сондай-ақ, алпыс алты санитарлық автокөлік алу жоспар­да тұр. Осындай заманауи құрал­дар дер кезінде қауіпті дертті анық­тап, аурулардың алдын алуға мүм­кіндік береді.

Тимур СҰЛТАНҒАЗИЕВ,
облыстық денсаулық сақтау
басқармасының басшысы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp