«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНДА ОРЫН ТАПШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде арнайы мектептердің жетіспеушілігінен, ерекше қажетті­лігі бар балалар қоғамнан тыс қалып отыр. “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің кезекті отырысында осы мәселе әңгіме өзегіне айналды. 

“Қазақ зағиптар қоғамы” облыстық филиалы қолдауға зәру бала­ларды санаторлық-курорттық емдеу жа­йын айтып шағымданған екен. “Бүгінде бұл мәселе шешімін тапты. Мемлекеттік сатып алулар жүргізіліп, қорытындысы шығарылды. Қыркүйек айынан бастап мүмкіндігі шектеулі балалардың санаторийлерде ем қабылда­уына жағдай жасаймыз”, – деді облыстық жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының басшысы Алмас Кошманов.
Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар олардың қоғамға бейім­делуіне алаңдаулы. Өйткені, Даун синдро­мына шалдыққан жеткіншектер балабақшада тәрбиеленгеннен кейін үйде отыруға мәжбүр. Бұған себеп – арнайы білім беру мекемелерінде орын жетіспейді.
Бүгінде Петропавлда мүмкіндігі шектеулі өрендерге әлеуметтік қызмет көрсететін бір ғана орталық жұмыс істейді. Оның өзі бар болғаны 45 орынға шақталған. Жиын бары­сында мұндай көмекке мұқтаж балалардың саны әлдеқайда көп екені айтылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысы­ның бірінші орынбасары Нұрлан Жахин бұл мәселені жақын арада шешу керектігін айт­ты. “Ата-аналар балаларының оңалуы үшін тиімді ем-шараларды қабылдап жатқанына сенімді болуы керек. Балалар өскен сайын олардың қажеттіліктері артып, қосымша шығын да көбейетіні анық. Бұл үшін ата-аналар жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан мүмкіндігін­ше балаларды осындай орталықтарға ор­наластыруымыз қажет”, – деді ол.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp