«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫЛДЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАР – ӨРКЕНИЕТТІҢ АЙНАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Бүгінгі таңда “ақылды технологиялар” өмірдің барлық саласына еніп отыр. Елі­мізде жаңа технологиялардың жетістігін кө­ріп отырған кәсіпорындар аз емес. Солар­дың бірі – “Қазақтелеком” АҚ-ы. 

 

Аталмыш компания – тәуелсіздік алған уақыттан бері тұрғындарға қалтқысыз қыз­мет етіп келе жатқан телекоммуникация са­ла­сындағы бірегей ұжым. Оның ел дамуына қосып отырған үлесі ауқымды. Өңірлердегі бөлім­шелер халыққа байланыс саласының бар­лық талаптарына сай қызмет көр­сетіп келе­ді. Яғни, ол отандық ақпараттық ком­муни­кация нарығын дамыту саясатын жүзеге асыру арқылы әлемдік стандарттарға жауап беретін жоғары технологиялы ин­фрақұры­лым жүйесін құруда.
Жуырда өңірімізге жұмыс сапарымен келген “Қазақтелеком” АҚ-ның “В2В” коммерциялық директоры Жайық Базарғалиев ком­па­нияның жүзеге асырып жатқан жобала­рына кеңінен тоқталып өткен еді.
– Біз өз тұтынушыларымыздың көңілінен шығу үшін заман ағымынан қалыс қалмауы­мыз керек. Ұйымның басшылығы орталық кең­седен бастап, өңірлік бө­лімшелерге де­йін тың өзгерістердің қа­жет­ екендігін жақсы түсінеді. Компанияның жаңартылған страте­гиясының арқасында біз сенім­мен алға қа­рай ұмтылып, көздеген мақсаттарға та­бысты қол жеткізіп, қой­ыл­ған міндеттер­ді ой­да­ғыдай орындаудамыз, – деді Жайық Ғарифоллаұлы.
“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы қа­былданғаннан бері компания елеулі жетіс­тіктерге қол жет­кізуде. Тұтынушылар базасы ұл­ғай­ып, қызмет көр­сету сапасы арта түс­кен. Осыған орай топтамалық ұсы­ныстар тізбегі қалыптасып, тек байла­ныс қана емес, ақпараттық техноло­гия­лар саласында тұтынушыларға тың өнім түрлерін ұсы­нуға жол ашылған.
“Қазақтелеком” АҚ-ы жергілікті филиалы өкілдерінің айтуынша, “Цифрлық Қазақ­стан” бағдарламасы аясында ауыл тұрғын­дарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету шаралары қолға алынуда. Бүгінгі таңда өңірдегі елді мекендердің 82 па­йызы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Жалпы 666 ауылдың 148-і “ADSL” мо­дем арқылы интернетке қосылса, 117 елді мекенде талшықты-оптикалық байла­ныс желісі жұмыс істейді. 400 ауылда сым­сыз байланыс технологиясы қолданылады. Енді жаңа бағдарламаның арқасында шал­ғайдағы ауыл тұрғындары да сапалы әрі жылдамдығы жоғары интернеттің игілігін көретін болады. “Цифрлық Қазақстан” бағ­дарламасын өңірімізде жүзеге асыру ая­сында екі мың шақырым талшықты-оп­ти­калық байланыс желісін тарту жоспар­ланған. Нәтижесінде 61 ауылдық округте орна­ласқан 158 мемлекеттік мекеме кең жолақты интернетке қосылады. Бұл шара­лар “Қазақстанның ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық технология ар­қылы кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету” жобасы аясында жүзеге асырылуда.
– Былтыр орталық аурухана, аудандық прокуратура, ішкі істер бөлімі сияқты 56 мемлекеттік мекемеге талшықты-оптика­лық байланыс желісі тартылды. Облыс мектептерінде кең жолақты интернеттің 136 қосу нүктесі орнатылды. Яғни, өңір мектеп­терінің 95 пайызы интернетпен қамтылған. 4 Мбит/сек. жылдамдықты ғаламторы бар білім ордаларының саны 86 пайызға жетті. Жұмыс мұнымен шектелмейді. Алдағы екі жылда облыста 1132 шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық байланыс желісі жүр­гізілетін болады, – дейді “Қазақтелеком” АҚ облыстық филиалының корпоративтік сату орталығының директоры Максим Исаков.
Жыл басынан солтүстік өңірлік дирекция денсаулық сақтау саласына қарасты 45 мекемені кең жолақты ғаламторға қосқан. Бүгіндері бұл саладағы 565 нысанның 42 пайызы жоғары технологиялардың игілігін көруде. Телемедицина қызметін енгізу және тұрғындарды медициналық ақпараттық жүйелер қызметімен қамту мақсатында жыл соңына дейін тағы 128 нысан интернетке қо­сылып, ақ халаттылардың ғаламторды пай­далану мүмкіндігі артады деп күтілуде. Был­тыр 136 мектеп интернетке қосылса, биыл аудандардағы 39 білім ордасына тал­шықты-оп­тикалық желі тартылмақ. Сөйтіп, онлайн сауда, мобильді банкинг дамып, денсаулық сақтау, білім беру сияқты басқа да маңызды салалар жаңа кезеңге қадам басатын күн жақындай түседі.
Бүгінгі таңда еліміздің ірі қалаларында “Smart Sıtу” жобасы сәтті жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл жоба бір мезетте қаладағы барлық жағ­дайды бақылдауда ұстауға мүмкіндік береді. Бүгінде еліміздегі телекоммуни­ка­ция нарығын дамыту саясатын іске асырып отырған компания Ақкөлге 17,5 шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық байланыс желісін тартып, “LRWAN” энергия тиімділік, қоғамдық “Wi-Fi” және “LTE” желісін жаң­ғырт­ты. Бұл өз кезегінде 100-ге жуық бей­некамера орнату, экологиялық және энергия ресурстарын бақылау және есепке алу, жол трафигін, өрт қауіпсіздігін, көшені жарықтандыру және басқа да “IoT” дат­чиктерді басқару мүмкіндігін туғызды.
Компания бұл жобаның тетіктерін еліміз­дің өзге қалаларында да сәтті жүзеге асы­руда. Айтар болсақ, қызылжарлықтар былтырдан бері “Бұлтты бейнебақылау” жүйе­сінің игілігін көріп отыр. Бұл жүйе көпқабат­ты тұрғын үйлерге орнатылып, заманауи құ­рылғының немесе дербес компьютердің кө­мегімен тұрғындар өз үйінің кіреберісіндегі оқиғаларды бақылауға мүмкіндік алуда. Камералар түнгі уақытта да сапалы түсіре алады. Бүгінгі күні Петропавлдағы тұрғын үйлердің 788 кіреберісіне 1576 бейнекамера орнатылған. Заңды тұлғаларға “Бизнеске қауіп­сіз онлайн бейнебақылау” өнімі ұсы­нылып отыр. Бұл қызмет арқылы кәсіп­керлер бизнес нысандарына қашықтықтан онлайн бақылау жүргізе алады.
“Ақылды қала” жобасының қоғам қауіп­сіз­­дігін сақтау мәселесінде де өзіндік үлесі бар. Өйткені, солтүстікқазақстандық тәртіп сақ­­шылары “Ұрлыққа жол жоқ” және “Қа­уіпсіз алаң” жобалары аясында орнатылған бей­небақылау камералары арқылы қаланы бір жерден бақылау мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр.
“Smart City” жобасы аясында Петропавл қала­сында “LPWan” энергия тиімділік желі­сінің 14 базалық станциясы орнатылған. Бұ­дан бөлек, “Цифрлық Қазақстан” бағдар­ламасы аясында 8 бағыт бойынша 30 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде білім беру, ден­саулық сақтау, көлік, ауыл шаруашы­лығы, туризм және тағы басқа салаларға ба­сымдық берілуде. Осылайша, “Қазақтелеком” АҚ-ы сапалы қызметтері арқылы тұр­ғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға өзіндік үлесін қосуда. 

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp