Солтүстікқазақстандық делегация Қостанай облысының Қарасу ауданында Бармақ батырдың 316 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға қатысып, баба рухына тағзым етті.
Жаугершілік заманда қолына қару ұстап, жерімізді басқыншылардан қорғап қалған батырларымыз қаншама?! Сол шайқастарда көзсіз ерлік танытқан ерлердің есімі әлі толық анықталып болған жоқ. Тәуелсіздіктің таңы атқан соң ғана бірқатар батырларымыздың аты-жөндерімен, ерлік істерімен қауыштық. Солардың бірі және бірегейі, тарихтан әлі өз орнын ала қоймаған – Бармақ батыр.
Бармақ батыр жөніндегі деректерде Уақ пен Керейдің қолын басқарған мыңбасы, 1740 жылдардан кейінгі соғыстарда аттары шыққан Абылай ханның көптеген жас батырлары қатарында болғаны айтылады. 1740-1741 жылдары Қаракерей Қабанбай батырдың басшылығымен Шыңғыстаудың сыртында өткен бір жарым айға созылған үлкен “Шаған мен Қоңыр әулие” шайқастары кездерінде ерекше көзге түскен Бармақ есімі Уақтың ұранына айналған. Тарбағатай өңірін жоңғарлардан қайтарып алған, 80 күнге созылған “Шорға” шайқастарында да ерлігімен танылған.
Аудан орталығының 80 жылдығымен тұспа-тұс келген батырдың мерейтойына арналған шара екі күнге созылды. Алғашқы күні аудан орталығында “Нұр сәби” балабақшасы, хоккей корты және саябақ ашылып, шеберлер ауылы, ашық аспан астындағы мұражай және фотокөрме ұйымдастырылды. Ал келесі күні ауыл сыртындағы атшабарда аламан бәйге, балуандар күресі және тағы басқа ұлттық спорт түрлері ұлықталды.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.