Өңірімізде арнайы мектептердің жетіспеушілігінен, ерекше қажеттілігі бар балалар қоғамнан тыс қалып отыр. “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің кезекті отырысында осы мәселе әңгіме өзегіне айналды.
“Қазақ зағиптар қоғамы” облыстық филиалы қолдауға зәру балаларды санаторлық-курорттық емдеу жайын айтып шағымданған екен. “Бүгінде бұл мәселе шешімін тапты. Мемлекеттік сатып алулар жүргізіліп, қорытындысы шығарылды. Қыркүйек айынан бастап мүмкіндігі шектеулі балалардың санаторийлерде ем қабылдауына жағдай жасаймыз”, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмас Кошманов.
Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар олардың қоғамға бейімделуіне алаңдаулы. Өйткені, Даун синдромына шалдыққан жеткіншектер балабақшада тәрбиеленгеннен кейін үйде отыруға мәжбүр. Бұған себеп – арнайы білім беру мекемелерінде орын жетіспейді.
Бүгінде Петропавлда мүмкіндігі шектеулі өрендерге әлеуметтік қызмет көрсететін бір ғана орталық жұмыс істейді. Оның өзі бар болғаны 45 орынға шақталған. Жиын барысында мұндай көмекке мұқтаж балалардың саны әлдеқайда көп екені айтылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин бұл мәселені жақын арада шешу керектігін айтты. “Ата-аналар балаларының оңалуы үшін тиімді ем-шараларды қабылдап жатқанына сенімді болуы керек. Балалар өскен сайын олардың қажеттіліктері артып, қосымша шығын да көбейетіні анық. Бұл үшін ата-аналар жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан мүмкіндігінше балаларды осындай орталықтарға орналастыруымыз қажет”, – деді ол.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.