Бүгінде еліміздегі көпбалалы, аз қамтылған, асыраушысынан айырылған, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар бес бағыт бойынша әлеуметтік көмек алуда. Бала дүниеге келгенде бір жолғы жәрдемақы төлеу қарастырылған. Бірінші, екінші және үшінші бала дүние есігін ашқанда берілетін жәрдемақының мөлшері – 95950 теңге. Жыл басынан бері осындай 3424 отбасына 351 миллион теңгенің көмегі көрсетілді.
Жәрдемақының екінші түрі – бала бір жасқа толғанға дейін ай сайын берілетін әлеуметтік төлем. Ай сайын берілетін жәрдемақы орташа есеппен 14,5 мың теңгеден 22,4 мың теңгеге дейін. Өткен жеті айда алты мыңнан астам адам жәрдемақыға ие болды.
Өңірімізде көпбалалы аналарға ерекше назар аударылған. “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлері мен бұрын “Батыр ана” атағын алған, І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” орденімен марапатталған аналарға ай сайын 16160 теңге мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бүгінгі таңда өңірде төрт мыңнан астам ана осындай атаққа ие.
Төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған перзенті бар отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Үстіміздегі жылы 296 миллион теңгеге 2353 отбасы қол жеткізді. Сондай-ақ, облыста мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды қолдауға арналған арнайы әлеуметтік шаралар қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі балалар он сегіз жасқа толғанша олардың асыраушыларына ай сайын мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Үстіміздегі жылдың бірінші тамызында мұндай жәрдемақыны екі мыңға жуық адам алды. Жәрдемақы мөлшері 31183 теңгені құрайды.
Биыл сәуірден бастап аз қамтылған отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі енгізілді. Атаулы әлеуметтік көмек ақшалай төлем ғана емес, әлеуметтік қызметтер, жұмыспен қамту, білім беру мен өзге де қолдау шараларын қамтиды. Облыста әлеуметтік қолдауға ие тұрғындар есепке алынды. Әр отбасы үшін жеке әлеуметтік карта ашылды. Онда отбасының кірісі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көрсетілген. Тамыз айындағы көрсеткіш бойынша 4826 отбасы атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілді. Соның 1017-сі – көпбалалы отбасы. Бір отбасыға көрсетілген көмектің орташа көлемі 79900 теңгені құрайды.
Жол картасы аясында тұрғындардың әлеуметтік жағынан әлжуаз тобын жұмыспен қамту шаралары қарастырылуда. Қазір атаулы әлеуметтік көмек алушы 5635 адамның жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Еңбек нарығында сегіз жүзге жуық адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша бес жүзге жуық адамды қысқамерзімді оқу курсынан өткізу көзделуде. Өз ісін ашып, кәсіпкерліктің өрісін кеңейткісі келетін жандар үшін жеңілдікпен шағын несие мен гранттар беру қарастырылған. Жыл басынан бері жалпы сомасы екі миллиард теңгені құрайтын несиеге 398 адам қол жеткізгенін де айта кеткен жөн. Жаңа бизнес бастамаларды жүзеге асыру үшін көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 15 грант берілді. Өткен жылдан бері ауыл тұрғындарын бау-бақша, мал шаруашылығы мен омарташылыққа тарту мақсатында жұмыспен қамтудың кешенді шаралары жүзеге асырылуда.
Гүлмира МӘУЛЕТБАЕВА,
облыстық жұмыспен
қамтуды үйлестіру
және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасы
басшысының орынбасары.