Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтердің дені электронды үлгіде көрсетілуде.
Мәселен, өткен жартыжылда 1,5 млн. қызмет көрсетілсе, тұрғындар оның 957 мыңға жуығын электронды үлгіде, 500 мыңнан астамын қағаз күйінде, қырық мыңдайын “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы алды.
Қазіргі таңда өңірімізде мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Әр әкімдікте ішкі қадағалау қызметін жүргізетін арнайы маман бекітілген. Жыл басынан бері Петропавл қаласы мен аудан әкімі аппараттарының ішкі қадағалау қызметі 85 шара өткізіп, мемлекеттік қызмет көрсету саласында 1998 заң бұзушылықты анықтады. Оның ішінде құжаттар толық болмаған жағдайда қызмет көрсетудің – 746, қажет емес құжаттарды сұратудың – 133, кәсіпкерлік үдерісін бұзудың 571 фактісі тіркелді. Тексеру аясында 239 ұсыным берілді. Мерзімді сақтамау бойынша 45 бұзушылық анықталды. Мұның нәтижесінде 22 қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оларға әкімшілік айыппұл салынды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментімен, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясымен бірлескен семинар-кеңестер өткізіліп тұрады. Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында мемлекеттік қызметшілер біліктілікті арттыру курсына жіберілуде.
Үстіміздегі жылдың шілде айынан бері ішкі қадағалау қызметінің жұмысы бойынша ақпарат беруге байланысты Петропавл қаласы мен аудан әкімдері аппаратының жетекшілері қатысқан кеңестер өткізілді. Осы кеңес барысында ішкі қадағалауды тиісті деңгейде ұйымдастыра алмаған Уәлиханов және Айыртау ауданы әкімі аппараттарының жетекшілері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің өкілдері аудандағы мамандарды өздері өткізетін қадағалау шараларына тәжірибе жинау мақсатында қатыстыру қажет деген ұсыныс жасады.
Ішкі қадағалау аясында “Электронды үкімет” порталында 40-тан астам қызмет түрі қолжетімсіз екені белгілі болды. Аталған факті бойынша өкілетті органға хат жіберілді. Сонымен қатар заңнамада қайшылық бар екені анықталды. Сондай-ақ, әлеуметтік және жұмыспен қамту салаларының қызметтерін үйлестіре отырып көрсету ұсынысы енгізілді.
Мемлекеттік органдар жұмысының басым бағыттарының бірі – электронды үлгіде көрсетілетін қызмет түрін көбейту. Өңірімізде “Электронды үкімет” порталы арқылы қызмет алушылардың саны артып келеді. Биыл электронды үлгіде қызмет алғандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге, ал үш жыл бұрынғы көрсеткіштен 2 есеге жоғары. Электронды қызметті насихаттау мақсатында жергілікті атқару органдары 700-ден астам шара өткізді.
Бірлескен шаралар жоспарына сәйкес мемлекеттік қызметшілер арасында “Еgov”-ті үздік қолданушы” байқауы ұйымдастырылды. Жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Шал ақын ауданы әкімдігінде “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі ашылды. Фронт-кеңседе кіріктірілген жүйе арқылы жеті бөлім ауыл шаруашылығы, азаматтық хал актілерін тіркеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, жер қатынастары, экономика салалары бойынша 28 қызмет түрі көрсетілді. Жыл аяғына дейін осындай кеңселерді өзге аудандарда да ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар өңірімізде “адымдық қолжетімділік” қағидаты бойынша қызмет көрсету қажеттілігі айқын сезілуде. Осы орайда Қызылжар ауданында “Ашық әкімдік” жобасын жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылуда. “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының бірінші қабатына фронт-кеңсе, екінші қабатқа жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері орналастырылады.
Елді мекен тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру мақсатында барлық ауылдық округтерде “Connection Point” бұрышы орнатылған. Мұның нәтижесінде тұрғындар ауылдан ұзамай-ақ мемлекеттік қызмет ала алады. Қазіргі таңда Петропавл қаласы мен аудан әкімдері аппараттары мемлекеттік қызмет порталы мен “Digital Agent” қосымшасын қолданудың тиімділігі айтылатын бейнероликтер әзірлеуде.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізудің қорытындысы бойынша облысымыз үш жылдан бері өңірлер арасында үздік үштіктің қатарынан көрінгенін айта кеткен жөн.
Азамат БАЙТЕМІРОВ,
облыс әкімі аппаратының
ақпараттық технология және
мемлекеттік қызметтер
бөлімінің меңгерушісі.