«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАМҚОРЛЫҚ АЯСЫ КЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде еліміздегі көпбалалы, аз қамтылған, асыраушысынан айырылған, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар бес ба­ғыт бойынша әлеуметтік көмек алуда. Бала дүниеге келгенде бір жолғы жәрдемақы төлеу қарас­тырылған. Бірінші, екінші және үшінші бала дүние есігін ашқанда берілетін жәрдемақының мөл­ше­рі – 95950 теңге. Жыл басы­нан бері осындай 3424 отбасына 351 миллион теңгенің көмегі көр­сетілді.
Жәрдемақының екінші түрі – бала бір жасқа толғанға дейін ай сайын берілетін әлеуметтік тө­лем. Ай сайын берілетін жәрдем­ақы орташа есеппен 14,5 мың тең­геден 22,4 мың теңгеге дейін. Өт­кен жеті айда алты мыңнан астам адам жәрдемақыға ие болды.
Өңірімізде көпбалалы ана­лар­ға ерекше назар аударылған. “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерле­рі мен бұрын “Батыр ана” ата­ғын алған, І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” орденімен марапатталған аналарға ай сайын 16160 теңге мөлшерінде мемлекеттік жәр­демақы төленеді. Бүгінгі таңда өңірде төрт мыңнан астам ана осындай атаққа ие.
Төрт және одан да көп кәме­леттік жасқа толмаған перзенті бар отбасыларға арнайы мемле­кеттік жәрдемақы тағайындал­ған. Үстіміздегі жылы 296 мил­лион теңгеге 2353 отбасы қол жет­кізді. Сондай-ақ, облыста мүмкіндігі шектеулі балалары бар от­басыларды қолдауға арналған арнайы әлеуметтік шаралар қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі балалар он сегіз жасқа толғанша олардың асыраушыларына ай сайын мемлекеттік жәрдемақы бе­рі­леді. Үстіміздегі жылдың бі­рінші тамызында мұндай жәр­дем­ақыны екі мыңға жуық адам алды. Жәрдемақы мөлшері 31183 теңгені құрайды.
Биыл сәуірден бастап аз қам­тылған отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі ен­гізілді. Атаулы әлеуметтік көмек ақшалай төлем ғана емес, әлеуметтік қыз­меттер, жұмыспен қамту, білім беру мен өзге де қолдау шара­ларын қамтиды. Облыста әлеу­меттік қолдауға ие тұр­ғындар есепке алынды. Әр отба­сы үшін жеке әлеуметтік карта ашылды. Онда отбасының кірісі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көрсетілген. Тамыз айындағы көр­сеткіш бойынша 4826 от­басы атаулы әлеуметтік көмек­пен қамтамасыз етілді. Соның 1017-сі – көпбалалы отбасы. Бір от­басыға көрсетілген көмектің ор­таша көлемі 79900 теңгені құ­райды.
Жол картасы аясында тұрғындар­дың әлеуметтік жағынан әл­жуаз тобын жұмыспен қамту шара­лары қарастырылуда. Қазір атаулы әлеуметтік көмек алушы 5635 адамның жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Еңбек нарығында сегіз жүзге жуық адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар ең­бек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша бес жүзге жуық адамды қысқамерзімді оқу курсынан өткізу көзделуде. Өз ісін ашып, кәсіпкерліктің өрісін кеңейткісі келетін жандар үшін жеңілдікпен шағын несие мен гранттар беру қарастырылған. Жыл басынан бері жалпы сома­сы екі миллиард теңгені құрайтын несиеге 398 адам қол жеткізгенін де айта кеткен жөн. Жаңа бизнес бастамаларды жүзеге асы­ру үшін көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 15 грант берілді. Өткен жылдан бері ауыл тұрғындарын бау-бақша, мал шаруашылығы мен омарта­шылыққа тарту мақсатында жұмыспен қамтудың кешенді шаралары жүзеге асырылуда.

Гүлмира МӘУЛЕТБАЕВА, 

облыстық жұмыспен

қамтуды үйлестіру

және әлеуметтік

бағдарламалар басқармасы

басшысының орынбасары. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp