«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БОСТАНДЫҚ ТУЫНАН” БАСТАЛҒАН ЖОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық мұрағатта сақталған мына суретте ғасырлық тарихы бар қарт басылымның бастауында тұрған қаламгерлердің бір шоғыры бейнеленген. Солардың арасында кейін отандық психология ғылымының дамуына үлес қосқан Сәлкен Балаубаев (сол жақтан екінші) та бар. 

 

Сәлкен Балаубаев өз өмірбаянында 1990 жылы бұрынғы Ақмола қаласына жақын жерде Майбалық деген көлдің жағасындағы ауылда туғанын, кейін отбасымен Спасск қаласына қоныс аударғанын жазған. Молладан сауат ашып, санау мен жазуды үйренген оны әкесі сауда жасауға тартқан. Бір күні базарда лотерея ойнатылып, бас жүлдеге граммофон тігіледі. Әр билеттің құны 1 сом. Әкесінен қоймай жүріп ақша сұрап алған бала Сәлкеннің жолы болып, құны 150 сомдық граммофонды ұтып алады. Бір қызығы, сыйлықты өзіне қалдырмаған. Ағылшындардың мыс балқыту зауытындағы мектептің меңгерушісіне беріп, ақысына кешке сабақ алып тұратын болып келіскен. Осылайша, ол 1911-1916 жылдары осы жерде білімін жетілдірген.
Төңкеріс жылдары Сәлкен Балаубаев мәдени-ағарту саласына бет бұрғанын Мәжит Сейфуллин өз еңбегінде жазған. Спасск зауытының жұмысшы жастарының басын қосып, Сәкен Сейфуллиннің Ақмолада құрған “Жас қазақ” ұйымының бөлімшесі ретінде “Жас жүрек” қоғамын ұйымдастырады. Және Қарағандыда тұңғыш рет жастар ұйымы спектакльдер қоя бастайды. Алғашқы қойылымды досы әрі тәлімгері Сәкен Сейфуллиннің пьесасы негізінде сахналаған. Сәкенмен үнемі хат-хабар алысып тұрған оның осы таныстығы кейін сотталуына да себеп болғаны анық.
Сәлкен Балаубайұлы жастығына қарамастан көптеген жауапты қызметтер атқарған. 1923 жылы бірнеше болысты біріктіріп, жаңа аудан ашқан кезде атауын қою құрметі жас та болса бас болып жүрген азаматқа бұйырған екен. Ол жаңа ауданға “Асан қайғы” (қазіргі Жаңаарқа ауданы) деп атау берген. Бұл туралы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының ресми сайтында жазулы тұр.
1923 жылдың қараша айынан бастап, 1924 жылдың шілдесіне дейін Сәлкен Балаубаев Петропавлда жарық көрген “Бостандық туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетінде қызмет еткен. Қолымыздағы сурет сол кезде түсірілген. Суретте Сәлкен Балаубаевтан бөлек басылымның қызметкерлері Мәжит Дәулетбаев, Сабыр Айтқожин, Әбдірахман Бегешов, Сәдуақас Жандосов және басқалар бейнеленген. Облыстық мұрағатта “Бостандық туы” газетінің барлық сандары сақталмағандықтан, Сәлкен Балаубаевтың мақалаларын таба алмадық. Оның үстіне, сол кезде басылған мақалалардың көбінің авторы жазылмаған немесе бүркеншік атпен берілген. Бүгінде мұрағат қызметкерлері Мәскеу, Омбы, Алматы архивтеріне сұрау салып, газеттің өткен сандарын тауып, төте жазу және латын қарпімен басылған мақалаларды кириллицаға аудару үстінде. Сондықтан Сәлкен Балаубаевтың да қаламынан туған туындылар табылар деген үміттеміз.
Білім қуған жас жігіт 1924 жылы Петропавлдан Ташкентке жол жүреді. Ондағы Орталық-Азия мемлекеттік университетінде оқып, 1930 жылы қолына “Педагогика және психология” маманы деген диплом алып шығады. Ал 1932 жылы аттестациялық комиссия оған психология доценті деген ғылыми атақ беруді ұйғарады. Осылайша, Сәлкен Балаубаев сол уақытта аталмыш құрметке ие болған Қазақстандағы төрт адамның бірі атанады.
Сәлкен Балаубаев – журналист қана емес, алғашқы аудармашылардың бірі. Қазақ тіліне аударылған Р.Рас­пенің “Мюнхаузеннің басынан кешкен қалдері” кітабы 1935 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан көркем әдебиет баспасынан шықты. Кітапты қазақша сөйлеткен – Сәлкен Балаубаев, суретшісі – Густав Дорэ. Кітапты екінші рет басып шығарған кезде автор ретінде Сәлкен деген ақпарат қана беріліп, тегі Балау­баев екендігі көрсетілмеген. Мұның себебі, аудармашы “халық жауы” деген атқа ие болып, еңбектері жо­йылып, басы айдауда болғандығымен байланысты болса керек.
Сәлкен Балаубаев профессор А.Б.Залкиндтің “Педагогика”, профессор П.Н.Шимбиревтің педтехникумға арналған “Педагогика” атты оқулықтарын тәржімалаған. Мектептегі тәрбие саласына қатысты “Мектеп группаларын комплектеу” (1934), “Қиын бала” (1933 жыл), т.б. ғылыми мақалалар жазды. Ол жоғары оқу орындарына арналған “Психология” атты еңбегінде жеке тұлғаны қалыптастыру, адам өміріндегі идеалдың маңызы, қажеттіліктің орны мәселелерін зерттеді. Темперамент типтеріне сипаттама беріп, оның мінезбен байланысын ашып көрсетті.
Өкінішке қарай, қайраткердің өмірі тақтайдай тегіс болмады. Орал қаласындағы университетте сабақ беріп жүрген жерінде тұтқындалып, 15 жылға сотталып кетті. Өзінің “Аманат” деген кітабында Сәлкен Балаубаев тергеу барысын былай есіне алады: “Алғашқы күні Дәулетов деген сержант сағат 12-ге дейін жауап алды. Айғайлап орысша боқтайды. Ол кеткен соң Құдияров деген келді. Бойы екі метрдей. Түнде ұратын кісі еді. Кіргеннен орыстың “анаңды” деп бастайтын анайы боқтығы бар ғой, соны айта келді. Мен астымдағы табуреткамды ала ұмтылдым. Таңғы алтыға дейін боқтады. Ұйықтатпайды. Одан соң Юдин келді. Ол 12-ге дейін, одан Имашев сағат 6-ға дейін жауап алып, кешкі алтыда Дәулетов тағы келді. Бәрінің айтатыны бір сөз, көпіртіп боқтау. Одан Құдияров қабылдады. Қолы қан сасиды, жексұрын адам еді. Үшінші күні Дәулетов тағы келді. 48 сағат өтті. Қалжырап қалдым. Тамақ әкеліп қояды, бірақ бермейді, оны ішуге тәбетің де жоқ. Дәулетов басқалардан гөрі ыстықтау. “Подпиши, избавь себя от муки”, – деп адамша сөйлейді”.
Тар қапастағы қиын-қыстау күндер де аяқталады. Жазасын түгел өтеген Сәлкен Балаубайұлы 1954 жылы бостандыққа шықты. Өкінішке қарай, ол түрмеде жатқанда екінші әйелі Александра Галиховская дүние салғанын білмеген еді. Іздеп жүріп, бірінші әйелінен қалған жалғыз тұяқ Күләнданы табады. 13 жасында әкесін соңғы рет көрген қызы бойжетіп, тұрмысқа шығып, төрт бала сүйген екен. Кейін өмірге тағы екі сәби әкеліп, біреуіне Балаубаев деп әкесінің тегін берген.
Ол ақтау қағазын алғаннан кейін ұзақ уақыт жұмысқа тұра алмай қиналған. Яғни, табаны күректей 3 жыл бойы жұмыс таппаған. Тек 1956 жылы сот Сәлкен Балаубаевты толық ақтап, бұрынғы ғылыми атақтарын қайтару туралы шешім шығарғаннан кейін ғана жағдайы түзеле бастайды. Бұл күнді ұзақ күткен ол өмірінің соңына дейін Қарағанды педагогикалық институтында қызмет етті. Жүздеген шәкірт тәрбиеледі.
Сәлкен Балаубаевтың қызынан тараған ұрпақтары бүгінде Қарағанды қаласында тұрып жатыр. Солардың бірі – Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері Айгүл Омарова. Ол нағашы атасының мұраларын жинастырумен шұғылданып жүр.
– Белгілі ғалым, қарымды қаламгер Сәлкен Балаубаевтың атында Қарағандыда жыл сайын “С.Балаубаев тағылымы” атты ғылыми-танымдық шара өтіп тұрады. Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті аудиториясының бірі ғалымның атымен аталады. 2018 жылы зиялы қауым өкілдері Қарағанды қаласының орталық көшелерінің бірін Сәлкен Балаубаевтың есімімен атау туралы ұсыныс білдіріп, хат дайындаған. Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі күнге дейін шешіле қойған жоқ, – дейді жиеншары.
Елімізге есімі белгілі ғалым, көрнекті қаламгердің көптеген еңбектері жойылып кеткен. “Халық жауы” атанған соң кейбірі қасақана өртелуі де мүмкін. Мысалы, “Колониялық ауылдардағы адамдар арасындағы қатынас және социализм әкелген өзгеріс” деп аталатын еңбегін кітап қылып шығарамын деп жүріп айырылып қалғанын жиеншары айтып берді. Одан да басқа, әсіресе, сотталғанға дейінгі туындыларын табу бүгінде қиын. Өмірінің соңына дейін қазақ ғылымының дамуы жолында еңбек еткен азаматтың шығармашылық жолы бір ғасырлық ғұмыры бар “Soltústik Qazaqstan” (бұрынғы “Бостандық туы”) газетінен бастау алғаны біз үшін мақтаныш.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp