«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЙЛЫ ҚОНЫС – ЖАНҒА ШУАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әр адамның әлеуметтік жағ­дайы әуелі жұмысы және баспаналы болуымен өлшенеді. “Үй болмай, күй болмайды” дегендей, тұрмыстық қиындықтар, от­басы шырқының бұзылуы көбіне жеке баспананың жоқтығынан туындайтыны белгілі.

“Мемлекеттік қызметте емеспін”, “пәтер алу үшін жас отбасы болу қажет”, “менің тұрақты жұмысым мен жоғары жалақым жоқ”, “табысым аз” дегенді жиі естиміз. Жайлы пәтерге қол жеткізе алмай жүргендердің дені – осылай ойлайтын жандар. Олардың біразы Қазақстан Республикасының Негізгі Заңына сәйкес баспаналы болуға мүмкіндігі бар екенін біле бермейді.
Үстіміздегі жылы Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесі қарсаңында тұрғындар көптен күткен қуаныштары – пәтер кілтіне ие болды. Осындай шаттыққа бөленгендердің қатарында көпбалалы отбасы Сейілхан мен Зейнет Тиыштықбаевтар да бар. Қолдарына төрт бөлмелі пәтердің кілті тиген отбасының қуаныштарын сөзбен айтып жет­кізу мүмкін емес.
Ата-ана мен балалардың күл­кісі естілген пәтерге кіргенімізде жаңа қоныстың жылы ұяға айналғанын сездім. Төрт баланың екеуі Арай мен Зумрат мектепте оқыса, ұлдары Мадияр мен Данияр балабақша жасындағы бүлдіршіндер екен. Олардың тәрбиесімен айналысып отырған Зейнет Тиыштықбаева шаңырақтың ырысы, ал отағасы Сейілхан Саумалкөл қазақ мектебінде қызмет етеді.
– Биыл көптен күткен арманымыз орындалды. Пәтеріміз кең, жарық әрі жылы. Алаңсыз еңбек етіп, балаларды оқытып, оларды жақсы тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалуда. Қазір ұлдарым мен қыздарымның жеке бөлмелері бар. Елімізде біз сияқты отбасыларға әлеуметтік жағдай жасалып, материалдық қолдаулар көрсетіліп жатыр. Қуанышқа кенелген отбасылардың саны көбейе берсін, – дейді Зейнет Тиыштықбаева.
Қайта қалпына келтірілген бұл үйге Тиыштықбаевтардан өзге де көпбалалы отбасылар қоныстанған болатын. Бірнеше ай бұрын қа­ңырап бос тұрған үйдің ауласы бүгінде сәбилердің күлкісіне бөленуде.

Әйгерім ЖАҢБЫРБАЙҚЫЗЫ.

СУРЕТТЕ: Тиыштықбаевтар отбасы.
Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp