«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАРДАБЫ КӨП НӘУБЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясы 2009 жылы бекіткен «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» 29 тамызда атап өтіледі. Бұл күн Қазақстан тарапының ұсынысымен белгіленгенін еске сала кетейік. Биыл соған 10 жыл толып отыр. Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 29 тамыз Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні ретінде елімізде тұңғыш рет атап өтілмек.

Ядролық қаруды сынаудан әлемде ең көп зардап шеккен халық бізбіз. Халқымыздың Абай мен Шәкәрімдей ғұламалары туған Семей өңірінде 1949 жылдан 1989 жылға де­йін 40 жыл бойы 468 ядролық сынақ өткізіліп, 616 ядролық және термоядролық мина жарылды. Осыншалық аждаһадан ауаға тараған радиация­ны қазақтар жұтты. Соның кесірінен 1,5 миллионнан астам адам зардап шегіп, жазылмайтын сырқаттарға ұшырап, өмірден ерте кетті немесе әлі күнге дерттерінен арыла алмай, ауру-сырқаулы болып жүр. Мыңдаған сәби мүгедек болып туды немесе тумай жатып, шетінеп кетті. Ал оның ішінде ұлтымыздың атағын аспанға шығаруға тиісті қаншама дарынды жас өмір­ге келер еді. Полигонның зардабынан мүгедек болып туған Кәріпбек Күйіков қолы болмаса да, аузымен салған тамаша суреттерінің өзімен-ақ дүниені таңғалдырып, қазақ атын аспанға шығарды емес пе? Ал егер қолы аман болғанда, Кәріпбектің атағы жер жарған болар еді. Осындай Кәріпбектердің ондаған мыңы шейіт болды ғой…
Еліміз өз билігін өз қолына алып, тәуелсіздік жариялаған жылдан бастап ядролық сынақтардан зардап шеккен осы өңірдің халқын қолдау, олардың емделуіне жәр­демдесу, өтемақы төлеу, еңбекақыларын көтеру сияқты шаралар қолға алынған еді. Бұл туралы арнайы заң да қабылданған. Алайда, Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған сол заңының алғашқы талаптары көп өзгерістерге ұшы­рап, экономикалық дағдарыс жылдарында жеңілдіктер берілмей қалды. Радиациялық қауіпті аймақтар төрт категорияға бөлінеді. Соның ішінде ең қауіптісі «төтенше радиациялық қауіпті аймақ» болса, сонда тұрып 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнеткерлікке шыққандарға 2,09 АЕК көлемінде үстемеақы төленеді. Бұл бүгінгі өлшеммен 5 мың теңгеден сәл ғана артық деген сөз. Қалған қо­сымшалар бұдан да төмен, айтуға ұят. 1965 жылға дейін осы аймақта тұрған жұмыс жасындағы адамдарға жыл сайын 5,23 АЕК кө­лемінде бірреттік өтемақы төленеді. Бұл 13 мың теңгеден сәл ғана асады. Қалған категорияларға берілетін төлемдер одан да төмен. Тек қосымша, ақылы демалыс күндерінің берілетіндігі ғана біршама ықпалды. Соның ішінде төтенше радиациялық қауіпті аймақта тұрғандарға – 14, ең жоғары радиациялық қауіпті аймақта тұрғандарға – 12, жоғары радиациялық қауіпті аймақта тұр­ғандарға 10 календарлық күннен ақылы демалыс беріледі.
Бүгінгі күннің талабымен емделіп, сауықтандырудың қымбаттауын ескеріп, бұл ақыларды қайта қарайтын мезгілдің жеткені айқын. Өткенде, Президент Қасым-Жомарт То­қаев Семей қаласында зиялы қауым өкіл­дерімен кездескенде осы мәселеге назар аударып, «Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі» жөнінде арнайы зерттеу жүргізу керектігін айтты. Бұл өңірдің халқы қазір осыдан бір нәтиже болар деп елеңдеп отыр. Сонымен бірге Президент Семейдегі ядролық медицина орталығының құрылысына қатысты да пікірін білдірді. Оны тұрғызу жөніндегі мәселе 2012 жылдан бері айтылып келе жатса да әлі күнге іске толық қосылмай отыр. Сөз көп болғанымен, нақты істер әлі күнге мардымсыз.
2012 жылы Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ас­танада болған аса ірі Халықаралық парла­менттік конференцияда «АТОМ» жобасын іске асыруды ұсынды. Бұл ағылшын тіліндегі «Біздің миссиямыз сынақты тоқтату» (Abolish testing our mission) деген сөз. Оның мақсаты – Ядролық қаруды сынауды бүкіл әлемде жаппай тоқтатып, соңынан аждаһаның өзін де жоюды қолдау. 2018 жылдың аяғындағы мәліметке қарағанда, қазір оны 100-ден артық мемлекеттен 300 мыңнан артық адам қолдап, қол қойды. Тамыздың 29-ы күні күндізгі сағат 11.05-те әлемнің көптеген елінде ядролық сынақтар құрбандарын еске алып, адамдар бір минут үнсіздік жариялайды. Бұл уақыттың не себепті таңдалғаны туралы айтатын болсақ, нақ осы уақытта са­ғаттың тілі ағылшынша «V» әрпін көрсетеді. Ал ол «жеңіс» (victory) деген сөздің бас әрпі… Демек, біздің бастамамыз орындалады, біз жеңеміз, жарылыстар енді болмайды деген сөздердің символы. Аждаһаға қарсы бүкіл әлем болып осылай қарсы тұрмаса ол адамзатты қауіпқатердің астында ұстауын жалғастыра бермек. Бір өкініштісі, ядролық қаруға қол жеткізіп, «күшеюді» ой­лайтын, алысты болжай алмайтын саясаткерлер әлі де көп.

Жақсыбай САМРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp