«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛАПТЫ ЖЕТЕР ТАБЫСҚА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ата Заңымыз еліміздің әрбір тұрғынына еңбек етіп, табыс тауып, кәсіп ашуға мүмкіндік берген. Табыс көзін тапқандарға еш кедергі жоқ, керісінше қолдау көрсетіледі. Мемлекет тарапынан жасалып отырған осындай мүмкіндікті мүлт жібермей, өз кәсібін ашқан Дидар Жүнісовтің алдына қойған мақсаттары аз емес.

Ынталы жас алдағы уақытта Петропавл қаласында “Кір жуу орталығы” жобасын жү­зеге асыруды ойластыруда. Аққайың ауда­нында дүниеге келген ол – Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі. Жоғары оқу орнында стандарттау, сертификаттау және метрология мамандығы бойынша білім алды. Ол былтыр жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарынан Петропавлда кәсіпкерлік курстары жүргізіліп жатқанын естиді. Сөйтіп, облыстық кәсіпкерлер палатасында бағын сынап көруге бекінеді. Бұл жерде білімін жетілдірген ол жобасын сәтті қорғап, арнайы сертификатқа ие болды. Кейін 250 мың теңгенің қайтарымсыз грантына қол жеткізген азамат құс шаруашылығын қолға алуды жөн көрді. Содан кейін 1,5 млн. теңгенің жеңілдетілген несиесін ресімдеп, бұл қаражатты қаз балапандары мен жемазық сатып алуға жұмсайды.
– Бұл – өзіме ұнайтын кәсіп. Қаз етінің тағам ретіндегі артықшылықтары орасан. Аз шығын шығарып, мол пайда табуға болады, – дейді жас кәсіпкер.
Кәсіпкердің айтуынша, “Линда” деп аталатын қаз тұқымы соңғы жылдары солтүстікқазақстандықтар арасында сұранысқа ие бола бастаған. Себебі, бұл құстың еті жеңіл қорытылады, майы емге дәру. Ең бастысы – қаз еті нарықта, басқа үй құстарымен салыстырғанда, қымбатқа сатылады. Ал қаз өсіріп, табыс табуға ниет танытқандардың қатары қалың болғанымен, бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Жаз бойы көлде жүзіп, күн ұзаққа көк шөпке жайылып, жақсы күтім көрген құстар өсімтал келеді емес пе?! Кәсіпкер ерекше күтіммен өсірген қаздарын былтыр Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында сауда­лапты.
Қашан да ізденіс үстінде жүретін жас бұл кәсіппен шектелгісі келмейді. Қайта өңірімізде өзгелер қолға алмаған бастаманы жүзеге асыруды ойлайды. Осылайша, Петропавл қаласында кір жуу орталығын ашуды қолға алды. “Кәсіпкерлікті қолдау” бағдарламасы аясында облыстық ашық конкурста жолы болды.
– Шетелдік көркемфильмдерде қала тұрғындарының арнайы мекемеге келіп, кір жуғыш машиналардың қызметін пайдаланғанын талай рет көрген шығарсыздар. Бұл кәсіп түрі Еуропа мен АҚШ-та 60-70-ші жылдардан бері бар. Ал біздің ел үшін таңсық дүние. Сондықтан бұл жобаның сәтті болатынына сенімдімін. Ғаламтордан қажетті ақпараттар іздеп, ойымды жүзеге асырудың жолдарын ойластыра бастадым. Сөйтіп, облыстық кәсіпкерлер палатасында жобамды сәтті қорғап, 2,5 млн. теңгенің грантына қол жеткіздім. Қазіргі уақытта орталықты ашудың алғашқы қадамдары қолға алынуда, – дейді Дидар Қайырлыбайұлы.
Жергілікті кәсіпкердің бастамасын М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің басшылығы да қолдап отыр. Себебі, білім ошағында бірнеше жатақхана бар болса, онда жүздеген студент тұрады. Соңғы жылдары олардың қатарын “Серпін – 2050” бағдарламасы аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген жастар мен үндістандық студенттер толықтырды. Шаһарда пәтер жалдап тұратын жастар да аз емес. Бұл студенттер орталыққа келіп, кірлерін жуу мүмкіндігіне ие болады.
Бүгіндері университет басшылығы ғимарат мәселесін шешуге көмектесуге дайын. Кә­сіпкер болса, грант қаражатына онға жуық автоматтандырылған кір жуғыш машина, киім үтіктейтін тақталар, теледидар және басқа да үй жиһаздарын сатып алмақшы.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp