«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕГІН КӨМЕК АЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк саясат Қазақстан Рес­публикасының Конституциясына негізделеді. Бүгінде елімізде тұр­ғын­дардың денсаулығын сақтау­ға, өмір жасын ұзартуға, тегін ме­дициналық көмекпен қамтамасыз етуге айрықша басымдық беріліп отыр. Заң аясында атқарылып жат­қан іс-шаралар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына ақ халаттылардың қосып отырған үлесі орасан.

Мен Ресейдің Түмен облысының тумасы­мын. Орта мектепті тамамдаған соң Целиноград қаласындағы мем­­­лекеттік медициналық институт­қа оқуға түстім. Емдеу ісі ма­ман­­дығы бойынша білім алып, бұ­рынғы Булаев ауданындағы (қа­зір­­гі Мағжан Жұмабаев) Полудин учас­келік ауруханасына жолдама бо­йынша жұмысқа орналастым. Ол кездері ем­­деу ісінде заманауи техноло­гия­­ларды қолдану мүмкін болмады.
Мен үшін учаскелік аурухана шыңдалу мектебі болды. Өйткені, жарақат алған науқастардың жа­ра­сын таңу, тіпті, кейбіреуіне хирургиялық көмек көрсету, балалар мен жүкті әйелдерді қабылдау сияқты терапевтің міндетіне жат­пайтын шаруаларды атқаруға тура келді. Тәжірибем аз болса да, дертіне дауа іздеп келген науқас­тарға дер кезінде көмек көрсетуге тырыстым. Кейін облыс орталығы­на қоныс аударып, №3 қала­лық ауруханада ұзақ жылдар еңбек еттім. Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасында бөлім басшысы, №1 қалалық емханада бас дәрігердің орынбасары ретінде тәжірибе жинақтадым. Сон­дықтан медицина саласының кешегісі мен бүгіні көз алдымда.
Денсаулық сақтау саласын тәуелсіздікке дейін және кейін деп қарастырсақ, екеуінің арасы жер мен көктей. Қазір емхана мамандары 19 ақпараттық жүйеде жұмыс істейді. Сандық дә­уір кезеңінде біз қағазбасты­лық­тан арылып келеміз. Мұны 2020 жылы міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру жүйесіне дайын­дық шараларының бірі ретінде қарастырған жөн.
Еліміздің әр азаматы тегін кепілдендірілген медициналық кө­мек алуға құқылы. Заң аясында біз емханада тіркеуде тұрған кез келген адамға тегін көмек көрсе­туге міндеттіміз. Сондықтан тіркеу­де жоқ адамдарды анықтап, оларға жаңа жүйенің мүмкіндігін тү­сіндірудеміз. Келесі жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында жұмыс іс­теуді жоспарлап отырмыз. Қазір электронды үлгіде аурулардың тізбесі жасалып, қант диабеті, артериалды гипертензия, жүрек сырқаты сынды дерттерге шалдық­қан науқастарға ерекше қолдау көрсетілуде.
Бүгінде қырық учаске бойынша 68600 тұрғынға медициналық қыз­мет көрсетеміз. Соның он бір мыңнан астамы балалар. Отбасылық үлгідегі емханада тоғыз бөлімше бар. Оларда 104 дәрігер мен 230 медбике еңбек етеді. Дәрігер­лердің жүктемесін азайту мақса­тында жаңа учаскелер ашылуда.
Бұған дейін қалалық емханада кадр тапшылығы өзекті болатын. Со­ның салдарынан дәрігердің қа­былдауына жазылу тұрғындарды біраз әбігерге салды. Сапалы ме­дициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында биыл жоғары оқу орнын тамамдаған педиатр, жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт сияқты он төрт маман жақында жұ­мыс істеуге келді. Дәрігерлердің жалдамалы пәтері үшін емхана ай сайын әр жас маманға елу мың теңге төлейді. Егер жас маман­дардың балалары жекеменшік ба­лабақшаларда тәрбиеленетін бол­са, он тоғыз мың теңге көлемінде ем­деу мекемесі тарапынан қосымша ақы төленетінін де атап өткен жөн. Бұл жас дәрігерлер үшін үлкен қолдау. Жалпы, елімізде жас­­тар­ды, білікті мамандарды қол­дауға бағытталған осындай ілкімді істердің жүзеге асырылып жатқа­ны көңіл қуантады. Жауапкершілік жүгі зор мамандыққа бар өмірін ар­наған ақ халаттыларға әлеуметтік кө­мек көрсетудің маңызы зор. Сондай-ақ, осы жылы сәулелік диагностика мен лор дәрігерді ре­зидентураға оқуға жібердік. Бола­шақта олар ұжым қатарын толық­тырады. Жалпы тәжірибе дәрігері, педиатрия, терапия учаскелері ма­мандармен толық қамтамасыз етілді. Десе де, ультрадыбыстық зерттеу дәрігері, функционалды диагностика, лор, кардиолог, эндокринолог сияқты бірқатар ма­мандарға қажеттілік әлі де бар.
Бүгінде отандық медицина қар­қынды дамып келеді. Сандық тех­нологиялардың көмегімен меди­цинаның мүмкіндігі артатынына көз жеткізудеміз. Биыл емханаға ультрадыбыстық қондырғы сатып алдық. Рентген, лор, функцио­налды диагностика кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталды. Өткен жылы жедел жәрдем бөлімшесі ашылды.
Денсаулық сақтау саласына жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі де аз емес. Мәселен, аурулардың алдын алу үшін скринингтік тексе­рулерге қомақты қаржы бөлінеді. Әр адам өзінің денсаулығына бей-жай қарамауы керек. Аурулардың алдын алу үшін еңбекке қабілетті азаматтардың скринингтік тексерулерден өтуін әрбір жұмыс беруші де қадағалауы тиіс. Өйткені, Қазақстан Республикасында азамат­тардың денсаулығын сақтау ту­ралы заң әрбір адамға ғана емес, басшы мен жұмыс берушіге де жауапкершілік жүктейді.

Ұлбосын ҚАЖАХМЕТОВА,
№1 қалалық емхана бас дәрігерінің емдеу ісі  жөніндегі орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp