«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙШЫҚТЫ МЕРЕКЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстікқазақстандықтар еліміздің ең айшықты мерекелерінің бірі – Конституция күнін ерекше салтанатпен атап өтті. Бейбітшілік пен келісімнің негізіне айналған Ата Заңның 24 жылдығына арналған мерекелік шаралар үш күнге ұласты.

30 тамыз күні Петропавл тұр­ғын­дары мен қонақтары үшін Қа­зақстан Конституциясы көшесі бо­йында ондаған мерекелік шара ұйымдастырылды. Солардың бас­тысы – қаланың өнерпаздары ұсынған “Ата Заңым – айбыным” концерті. Орталық алаңдағы сах­нада туған елге деген сүйіспен­шілік сезімді жеткізетін әндер мен түрлі этностардың билері мен музыкалары орын­дал­ды. Мерекеге жиналған ха­лық үйлеріне құр қол қайтпас үшін жәрмеңкелер ұйым­дастыру дәстүрге айналғаны бел­гілі. Осы күні орталық алаңда өңі­ріміздің белгілі омарташылары өз өнімдерінің көрме-саудасын өт­кізді. Бал фестивалінде эколо­гиялық таза өнімдер ғана сатыл­ды.
“Табиғат тартуы” – саяжай­шылар жәрмеңкесіне де қызығу­шылық танытқандар аз болмады. Жаз бойы баубақшаларда өсі­ріл­ген көкөністер мен жемістер­ден, гүлдерден әзірленген компо­зициялар көрмесін қала мектеп­тері мен балабақшалар ұйымдас­тырды.
– Көрмені өткізуге бар­лық білім ордалары атсалысты. Сан алуан туындылардың көркі­не көз тоймайды. Оларды әзір­леу­ге қажетті заттар мектептер мен балабақшалардың аула­лары мен жылыжайларынан алын­ған, – деді қалалық білім бө­лімінің әдіскері Сая Рахме­това.
Қазақстан халқы облыстық ас­самблеясы “Салт-дәстүр” этно­мә­дени фестивалін өткізді. Дос­тық үйінің алдында жайғасқан эт­ноауылда түрлі этнос өкілдерінің тұрмыс-салтынан, әдет-ғұрып, өнерінен сыр шертетін қойылым­дар көрсетіліп, ұлттық тағамдар мен жәдігерлер көрмесі жа­йылды. Бұл шара облысымыз­дың жеті ауданынан келген бірлестіктер күшімен ұйымдасты­рылды.
– Күн бұлттанып, жаңбыр жауса да, жұрттың көңіл күйі жақ­сы. Біз тойшыл халықпыз ғой. Бү­гінгідей мейрам кезінде жұрттың көңілін көтеруді міндетіміз деп санаймыз. Қазақстан Рес­публикасының Конституциясы еліміздегі жүздеген этностың басын біріктіріп, бейбітшілік аясында өмір сүруге негіз болып отыр, – деді Есіл ауданы славян этномәдени бірлестігінің өкілі Зоя Ковальчук.
Фестиваль барысында тұрғын­дар ұлттық тағамдардан дәм татып, ойындарға қатысу арқылы сыйлықтар ұтып алу мүмкін­дігіне ие болды. Ал қаланың кіш­кентай тұрғындарына арналған ойын-сауық бағдарламасы мә­де­ниет және демалыс саябағы алдында өтті. Спорттық ойындардың жеңімпаздары үйлеріне естелік сыйлықтармен оралды.
Бұл күні облыстық тарихи-өлкетану мұражайының “Конститу­ция – болашақ кепілі” көрмесі мен жергілікті жастар бірлесті­гінің бастамасымен “Солтүстік Қа­зақстан облысының қасиетті орындары” атты жастар фото­турнирі де өтті.
– Жаз айларында өңіріміздің қасиетті орындарына сапар шеккен жерлестеріміз бен өзге де облыс жастары тамаша фотосу­реттер түсірді. Солардың денін бүгінгі мерекеде жұртшылық на­за­рына ұсынуды жөн санадық. Ең үздік туындыларды жұртшы­лық дауыс беру арқылы анық­тауда, кейін олардың авторлары марапатталады, – деді “Сол­түстік Қазақстан жастары” бірлес­тігінің жетекшісі Әнуар Тоқпанов.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp