«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЗЕРТХАНАЛАРДЫҢ ИГІЛІГІ МОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-де оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Білім күніне орай университетте 187 млн. теңгенің сегіз осы заманғы инновациялық зертханасы ашылды.

Бұл нысандардың басым бөлігі медицина мамандарын даярлауға арналған. Мәселен, студенттер 3Д-симулятордың көмегімен анатомиялық органдардың компьютерлендірілген үлгілерімен жұмыс істей алады. Сондай-ақ, атаулы құралдың арқасында сырқатты толық диагностикадан өткізу және оған қажетті терапия тағайындау әдістеріне машықтанады. Компьютерлік бағдарлама студенттердің кәдімгі ақ халаттылар сияқты іс-қимыл жасап, өздерін жалпы тәжірибедегі дәрігер ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Морфология, анатомия, физиология зертханалары да соңғы үлгіде жабдықталған. Мұнда болашақ мамандар анатомиялық материалдармен жұмыс істеп, оларға қатысты ақпараттармен таныса алады.
Зертханалардың ашылу салтанатына қатысқан М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың ректоры Серік Өмірбаев Жоғары медицина мектебінің бүгінгі тынысы жайында әңгімеледі. Қазір жоғары оқу орнында жастар “Жалпы медицина” бағдарламасы бойынша білім алуда, ал биылдан “Фармация” мамандығы ашылып отыр. “Біз оқу бағдарламасымен қатар тәжірибелік жұмыстардың да сапалы болуына мән беретін боламыз. Зертханалық қондырғылар қатарын жаңарту мұнымен тоқтап қалмайды”, – деді Серік Өмірбаев.
Зертханалармен танысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дәуренбек Бейсенбаевтың пікірінше, университет басшылығының материалдық-техникалық базаны нығайтуға ден қоюы медицина кадрларын даярлау сапасын арттыруға сеп болары анық. Оның ойын құптаған №3 қалалық емхананың клиника-диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі Ақәділ Қаныбек емдеу мекемесінде тәжірибеден өткен интерндердің білімін жоғары бағалады. Дәрігер шара барысында Жоғары медицина мектебінің зертханалық кешені жанынан денсаулық сақтау мәселесімен айналысатын ғылыми-зерттеу орталығын құру жөніндегі ұсынысын білдірді.
Сонымен қатар бұл күні сараптамалық физика, робототехника, нанотехнология және атом-күш микроскопиялық зертханалары ашылды. Мұнда физика, информатика, астрономия саласының болашақ мамандары өз тәжірибелерін жүргізіп, ғылыми жұмыстармен айналыса алады. Ал осы заманғы IT-орталықта студенттерге өз веб-сайттары мен интернет-қосымшаларын ашып, логистикалық бағдарламалаумен айналысуға зор мүмкіндік тумақ. Университет басшылығы бұл орталыққа мектеп оқушыларын да тартып, олардың жоба жасау қабілеттерін арттыруға да ден қоймақ ниетте.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp